Руханият • 25 Шілде, 2017

Әбікен әлемі

313 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күй дегеніміз – расымен де шарқ ұрған сезім мен сарқылған төзім екен ғой. Әйтпесе, қияқ ысса қобыздың бесті айғыр қылынан шыққан үнге, көбе сөгер көк серкенің шегінен төгілген сиқырлы музыкаға ұлы дала халықтары неге құмар?! Арқа жағында, тура айтқанда, Мойынты құмында әйгілі шертпе күйдің шерлі ұлығы Тәттімбеттің «Бес төресіне» берілген керемет баға бар. Егер күйге қол жалғаған домбыраңыз «Бес төрені» шертуге жараса, онда ол домбырамен барлық күйді мүлтіксіз мәнермен орындай беруіңізге болады.

Әбікен әлемі

Мойынтыны бекер тілге тиек етіп отыр­­маған бол­дық. Жуырда, сол Тәт­текең­нің түгел мұрасын осы күнге ойсырат­пай жеткізген қайраткер күйші Әбікен Хасеновті еске алды сол ауыл. Биыл таңғажайып та талантты, тағдырлы тұлға­ның туғанына 125 жыл екенін бұған дейін де жазған бола­тынбыз. Арқаның шерт­пе күй дәстүрінің ерекше дамып, шыр­қау ше­гіне жеткен тұсы да осы Әбі­кеннің туған топырағымен тікелей байланысты.
Дөңгелек датаға орай Қарағанды облыстық «Күй керуен» шертпе күй орта­лығының өкілдері өңірлерді аралап, біраз шаралар атқаруда. Көш Мойынтыдан қозғалды. Күйшінің кіндік қаны тамған қа­сиет­ті мекендегі мерекелі іс-шара игілік­ке бастап, керуен ары қарай Киікті, Бо­са­ға, Ақадыр, С.Сейфуллин атындағы кентте «Әбікеннің қоңыры» деген атпен ән-күй кеші болып жалғасты.

«Күй керуеннің» ауыл-ауылдарды ара­лап концерт беруі тек Әбікен Хасен­ұлын ғана на­сихаттау емес, жалпы шертпе күй­ге деген жанашырлық деп ұққан жөн сияқ­ты. Қыздарбек, Әбди, Сембек, Әбі­­кен тағы басқа күйшілерді тудырған атал­­ған ауылдардағы ағайындар ұлы өнер­ге сусап қалғаны бірден аңғарылады. Арын­­дап алақан соққанда, кептер қанат ша­­палақтар шертпе күйді насихаттап жүр­ген шеберлерге шабыт бере түсті дерсің.
Иә, алдымен шертпе күйді шырылдап қорғап жүргендер жайлы сөз қозғайық. Бірінші, Қарағандыдағы «Күй керуен» орталығының жетекшісі болып жүрген белгілі күйші Қайролла Сәдуақасовты айтамыз.  Тікелей идеясы осы азаматтыкі. Әрине, қолғабыс болған жігіттер баршы­лық.  Осы шаралардың барлығын, қасиетті өнер­ді қастерлі мұра деп қарай біл­ген Се­нат депутаты, ел азаматы  Рыс­қали Әбді­керовтің қолдауының өзі неге тұрады?

Сонымен қатар Мойынтыға мойын бұр­ған және бір жанашыр жан – ол Мұ­рат Әбуғазы. Бұл күнде Алматыдағы Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­серваториясының доценті, күйші, зерт­теуші Мұрат Әбікен атамыздың туған жы­лын нақтылаған қайраткер. Күйшінің Алма­ты­дағы Ташкент көшесіндегі қо­рым­ға жер­ленген орнын тауып, құлпы­тасында 1892 жылы туып, 1958 жылы қайт­қаны жайлы ақпарды жеткізді. Қан­шама тарихи құжаттар мен ескі фото­сурет­тер де осы Мұрат мырза арқылы Ар­қаға бет алды.

– Биыл қазақтың дәулескер күйшісі Әбі­кен атамызды ұлықтайтын жыл. Бұл үл­кен деңгейде, республика көлемінде ата­лып өтуі тиіс. Біз Алматыда да мере­келейтін боламыз. Әбікен атамыздың домбырасы Ықылас атындағы ұлт-аспап­тар мұражайында сақтаулы тұр. Сол жерде күйшінің көне мұраларын көпшілікке паш етіп, аруақ алдындағы бір борышымызды өтесек дейміз. Әбікеннің орын­даушылық стилі әлі күнге дейін біз үшін жұмбақ болып келеді. Күйді Тәттімбетше тартудың  бірден-бір үлгісін болашаққа бұзбай жеткізген де осы – Әбікен ата болатын, – дейді Мұрат Әбуғазы. 
Мұрат күйші Мойынтыда әдейі ырымдап Әбікеннің «Қоңырын» әуелетті... «Қо­ңыр» – көшпелілер мәдениетінің соң­ғы кө­шінде кетіп бара жатқан қазақ образын то­лық суреттейтін реквием. Көп қатпарлы ұлы сарында Әбікен әлемі де анық бейнеленген. Бір қатпары сері Сәкенге арналған. Мұрат «Қоңырды» тартып отырғанда осы суреттер көз алдыңызда кезек-кезек көлденеңдейді.

Сон­дай шақтарда Әбікеннің дыбыс алу мә­­нері қайталанбас құбылыс, «Қоңыр» клас­сика дейсің тамсанып!

Кеш бас­талған бетте Сарыарқаның са­зын шаппа шанақта сарнатқан Қалкен Қасы­мов болды. «Бес төрені» тартып, ұр­пақ жалғастығы, дәстүр сабақтастығын иша­ралады. 

Одан әріде Жаңаарқаның жазығын­дағы тағы бір үлкен мектептің өкілі, Сай­да­лы Сарытоқа күйлерінің насихатшысы Ертай Жәнібеков «Төрт толғаудың» бір бөлігін ойнап, буын-буынды босатты. Әнет Сепбосынов болса «Сарыжайлауды» нақышты жырлады. Кештің келешекке мұ­ра боларлық жері көп қой. Мойынты жұр­ты өздерінің балалары Сәтқозыға, Ораз әке­нің үмітті күйшісіне еміренді. Нұрақ Бағдәулет те сондайлық күйші бо­лып көпшіліктің көңілін Қаршыға Ахмедия­ровтың «Қосбасарымен» қосарлады.

Арагідік қобыз боздап өзекті ұлы сағы­нышпен өртеп-өртеп алады... Арасында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Абылай Шүленбаев орындаған лирикалық әндер де үлкендердің үдесінен бек шығып жатты.

Қырық буын қосбасардан қопсыған Қо­ңыр кеш мың сан қиялға жетелеп, же­ліктіріп әкетті.

Осындай есті дүниелер орындалатын күй концертіне жергілікті тұрғындарды тартып, шараның сәтті өтуіне мұрындық болған Шет ауданы әкімінің орынбасары Аза­мат Әбілдиннің де еңбегін атап өткен жөн. 

Келген өнерпаздарға ауыл ақсақал­дары бас болып, сый-сияпат үлестіріп, иық­тарына шапан жапты. 

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы – осындай ордалы кештерге өте керемет қол­дау болып отыр. Міне, рухани жаң­ғыру кешегі бабаларымыздың өшіп қал­ған дүниелерін қайта жарыққа шығаруға мол мүм­кіндік туғызбақ.

Тә­убе! Сонау Әбікен күйші қаншама тар жол, тайғақ кешуді артқа тастап, сан қыр­лы өнер иесі міне, бүгін сахнаға сарын болып оралды!

Тәубе! «Арқаның асқақ әуен, салқын сазы» деп Мұхтар Әуезов таңдай қаққан, «Елімнің сары самалы, сағыныш үні» деп Сәкен Сейфуллин  тебіренген, «Ол бір ғана «Қоңыр» атты күйімен қазақ күй өнерінің тарихында құрметті орынды еншілей алды. «Қоңыр» Арқаның күй­шілік мектебінің үлгісінде дүниеге кел­ген құрылымы күрделі, әуен-сазы мей­лін­ше терең күй. Күйдің эпикалық қарым­дағы тегеурінді тебіренісі жеке бастың күйініш-сүйінішінен гөрі заманалық ахуалды көбірек зерделетеді» деп Ақселеу Сейдімбек табынған Әбікен Хасенов Мойынтыға «Қоңыр» болып қайта оралды!

Тәубе! Кеш соңында шараны ұйымдас­тырған Қайролла ағамыз да Әбдидің «Тәубе қосбасарын» сол үшін шертті.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Шет ауданы