Қазақстан • 25 Шілде, 2017

Туризм төрт құбыланы түгендеуге жол ашады

246 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Туризм төрт құбыланы түгендеуге жол ашады

Талайғы Тараз
Әулиеатаның кең көсіліп жат­қан құба даласы тарихымыздың бір тармағы. Ежелгі жазбаларда, жылнамашылардың мұраларында да Әулиеатаның терең тарихы мен ерен тағдыры айтылады. Алып Ала­тау мен қарт Қаратаудың қой­науынан өрген өлке тарихының тағ­дыры балбал тастар мен еңселі ес­керткіштерде таңбаланып тұр. Қа­ра жердің қойнауында құт болып қалыптасып, ұрпақ игілігіне қызмет етіп тұрған жәдігерлердің де дәуірмен дана, заманмен заңғар екені анық. 

Тұлпардың тұяғы төсін дүбір­летіп, сұңқардың қанаты самал боп желпіген көне даланың ди­да­ры сыр жасырмайды. Қырат басындағы шоқылар, тау шат­қалындағы үңгірлер мен жазық­тағы жәдігерлер де талайды там­­сандырып, таңдандырып тұ­ра­ды. Әлемге әйгілі тарихшы Мұ­хаммед Хайдар Дулатидың «Та­рих-и-Рашиди» еңбегінде де Шу мен Қозыбасы өңірі Керей мен Жәні­бек хандардың алғашқы ту тік­кен ордасы ретінде сипаттала­ды. Ұлт тағдырына қатысты келе­лі кеңес, алқалы жиын өткен ор­да­­ның орны әлі күнге бабалар ізін ай­­ғақтап, рухын аспандатып ке­леді. Бұдан бөлек, көнеден ке­ле жатқан Ақыртас, Баласағұн, Құ­лан қалашықтары мен Қарахан, Ай­ша бибі, Дәуітбек кесенелері де тарихымыздағы тұғырлы бейнелер ретінде сақталған. Хатқа түскен деректерден бөлек, көзіқарақты халықтың санасында сәуле шашып тұрған әрбір ой үзігі, тұлғаларға қатысты танымы ұлттың игілігі. Ал осынау құндылықтарды халыққа кеңінен насихаттап, таныту да бүгін мен болашақтың ісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да осынау тәрбиелік мәні бар тарихымызды танытуды, мәдениетімізді насихаттауды айтқан болатын. Сондай-ақ, Елбасының «Туған жер» бағдарламасы да туған жерге ту тігуден бастап, туған жерге қыз­мет етуге дейінгі аралықты қам­ти­тын ұлан-ғайыр ұлы мүмкіндік екені белгілі. 

Бүгінде Жамбыл облысында үш мың­нан астам тарихи-мә­де­ни ескерткіш бар. Ал ЮНЕСКО тізіміне енгізілген бү­­­кіл­­әлемдік мұралардың қа­тарында Әулиеата жеріндегі Ақтөбе, Құлан, Өрнек, Ақыртас және Қостөбе қалаларының болуы да тарихымыздың тереңде жатқанын көрсетеді. Ғалымдар археологиялық қазбалар кезінде бұл нысандардың Таразда ежелгі за­манда сауда айналымының өр­кен­дегенін дәлелдейтінін де айтқан. Бұдан бөлек, өңірде қан­шама тарихи кешен мен орталық бар. Бәрі де ұрпақтар сабақтастығы арқылы жалғасқан жәдігерлер легі, тарихтың тартуы.
 
Жарнама жағы жетімсіз болып тұр
Туристік сала – әлемдегі ең ірі жә­не қарқынды дамып отырған са­ла­лардың бірі. Туризм телеком­муникация, көлік, құрылыс, сау­да, ауыл шаруашылығы және бас­қа да салаларға ықпал ете оты­рып, бар­лық өңірлердің әлеу­меттік-экономикалық дамуына ықпал етеді. Әрі тарихымыз бен мәдениетімізді өзгелерге танытуға кең жол ашады. Елбасы айтқандай, жаһандық бәсекеге қабілеттілік те осы жерден бастау алмақ. 
Расында да, Әулиеата өңі­рі та­рихи жерлерден кенде емес. Де­генмен, отандық және шет­ел­дік келушілер үшін бұдан ке­йін сервистік жағдайдың жақсы бол­ғаны дұ­рыс. Бұл орайда да, Жам­был облысы келген қонақ­тарды өз деңгейінде күтіп алып, шы­ға­рып салуға қауқарлы. Об­лыстық кәсіпкерлік және индус­триалды-инновациялық дамыту басқармасының мәліметі бойынша, өткен жылы елімізде 2 031 ту­ристік ұйым, 138 062 жатын орын сыйым­дылығы бар 2 754 орналастыру орны жұмыс істеген. Ал Жамбыл облысында орналастыру орындарының саны 146-ға жеткен. Оның ішінде Тараз қаласында орналасқан «Aray Plaza» қонақүйінің 5 жұлдызды санаты және «Inju», «Chalet», «Ark Ms» қонақүйлерінің 4 жұлдызды санаттары бар. Сондай-ақ, есепті мерзім ішінде өңірімізге 90 776 туристердің келгенін айтуға болады. Оның ішінде, 2 545 азамат шетелдерден келген болса, қалған 88 231 азамат қазақстандық саяхатшылар екен. 

Сонымен қатар, облыста турис­тер үшін 1 776 жатын бөлме бар. Ал енді сервистік қызметіміз сақадай-сай бол­ған күнде де, әсіресе, ше­тел­діктердің Тараз тарихына, Әулие­атаның әсем жерлеріне қызы­ғу деңгейі қаншалықты? Негізі елі­мізге келетін туристердің басым бө­лі­гі Астана және Алматы қала­ларынан қайтатыны белгілі. Ал олардан түсетін қаржы да сол шаһарларда қалады. Мәлімет бо-йынша, облысымызға келушілердің 64 пайызын Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы және Ақмола облыстарынан келген қонақтар құрайды екен. Резидент емес қонақтар Ресей, Қытай, Қырғыз және Өзбекстаннан келген турис-тер. Бұл орайда, бір жағынан жарнама жағы жетіспей жатуы мүмкін. Бол­маса әр адамның танымының, қызы­ғушылығының әртүрлі еке­­нін ес­керсек, көп жағдайда ту­рис­­тердің тарихын білмейтін нысан­дарға келуге ниеті бола қой­майтынын да айтып өткен жөн. Ал әрбір келушіге туған өлке тарихы таныстырылса, тіпті ғажап. Себебі тарихымызбен танысып кеткен азамат көргені мен білгенін екінші біреуге барып айтады. Содан кейін жер тарихы, ел тағдыры туралы пікір қалыптасады.

«Шығын шықпай, кіріс кірмейді»
Жалпы, отандық, өңірлік ту­ризмді дамыту бірінші кезекте эко­номиканың деңгейін арттырады. Сонымен қатар, аталған сала ұлт­тық құндылықтардың артуына, қоғам мүшелерін жаңа жұмыс орын­дарымен қамтамасыз етуге және сыртқы сауда байланысының да нығаюына үлкен ықпал етеді. Алай­да туристерді өңірге тарту туроператорлармен бірге атқа­ры­латын жұмыс екені белгілі. Ал енді Әулиеатада өңірлік туристік инфрақұрылымның жағдайы және туроператорлардың қызмет көрсету сапасы қандай? Бұл орайда Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев әуелі келушілерге қолайлы жағдай жасау керектігін айтып отыр. «Жамбыл жерінің жайсаң жұрты мен таңғажайып табиғаты, терең тарихы кім-кімді де болсын таңдандырмай, тартпай қоймайды. Тек соны өзіміз жарнамалап, танытуымыз керек. Әсем табиғат аясындағы дем-алыс орындарымыз бен тарихи нысандарымыздың айналасына қолайлы жағдай жасау – кезек күттірмес шаруа. Жол, су, жарық тарту солардың негізгісі. Жол бойы сервистік кешендерін тұрғызуды да назардан тыс қал­дыр­мау керек. Тарихымызды та­ныт­қанда ғана туризмді дамыта ала­мыз», дейді әкім.

Қазақта «Шығын шықпай, кіріс кірмейді» деген сөз бар. Шынында да әуелі қаржы салып, тарихи нысандарымыз бен орындарымызды талапқа сай әзірлеп, келушілердің көңілінен шығатындай етіп қойсақ, тарихымыз танылып, туризм сала­сы серпіле түсер еді. Елімізге бел­­гі­лі еңселі орындарымызды абат­тандыру мақсатындағы жұмыс­тар бүгіннен басталып кетті. Мә­се­лен, «Ақыртас» кешеніне 8 шақы­рымға 354,5 миллион теңгеге, ал «Берікқара» нысанына 3,5 шақы­рымға 179,9 миллион теңгеге жол са­лы­нуда. Алдағы уақыттарда атал­­ған ту­ристік нысандары елі­міз­дің ға­на емес, шетелдің ке­лу­­шілерін де таңдандырады, қызық­ты­рады деген ой бар. 

Негізінен бүгінгі таңда өңірге туристерді тарту басты мақсат болып отыр. Бұл орайда, алдағы екі жылда облысқа 500 мыңға жуық турист  тарту жоспарлануда. Туризмді дамыту мақсатында ат­қарылып отырған жұмыстар мен жоспарларға байланысты облыстық кәсіпкерлік және индус­триалды-инновациялық дамыту бас­қар­масының басшысы Қар­лығаш Аралбекова өз ойы-мен бө­ліс­ті. «Туризм саласын дамыту мақсатында облыстық бюджет­тен бірнеше қазақстандық ірі тур­опе­ратордың филиалдарын ашу шығындарын өтеп беру үшін жер­гілікті бюджеттен субсидия бе­руді ұсынамын. Айына әр тур­операторға 800 мың теңге төлеген жағ­дайда 5 туроператордың жыл­дық субсидия сомасы 48 миллион тең­гені құрайды. Жоғарыда көр­сетілгендей, салық сомасы 252 мил­лион теңгені құрайды. Ал бюджетке түсетін таза салық табысы 204 миллион теңге болады», дейді ол. Егер бұл жоба іске асса, Тараз туризмінің тасы өрге домалап, өңір туризмін дамытудың негізгі өзегі болмақ деген де ой бар.

Түйін
Туризм – тек теңге табу емес, та­рихымыз бен салт-дәстүрімізді де таныту болып табылады. Бү­г­інде Жамбыл облысы туризмді дамыту мақсатында еліміздің барлық өңірлерімен және көршілес мемлекеттердің облыстарымен де байланыс орнатуда. Алдағы уақыт­тарда айтылған жобалар қолға алынып, нәтижесі ойдағыдай болып жатса, туристердің саны артып, сапасы толыға түсетіні сөзсіз. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы