Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының отырысы өтті. Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сарапқа салынды.
Палатаның Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2012-2014 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобаларының депутаттардың талқысына шығарылатынын хабарлады. Сонымен қатар, еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне бюджет процесінде мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар кұзыретінің аражігін ажырату мәселелері бойынша толықтырулар енгізуге қатысты заң жобасын екінші оқылымда жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізуді ұсынды.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынуымен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы Алматы қаласында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі [Жамбыл облысындағы жол учаскесі] [«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі] Инвестициялық бағдарлама – 4-жоба) ратификациялау туралы» заң жобалары да жалпы отырыста талқыға салынады.
«Егемен-ақпарат».