Аймақтар • 25 Шілде, 2017

Таразда тұратын «магнит бала»

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Таразда тұратын «магнит бала»

Табиғаттың тылсым сыр­ларының бәрі де адам бойы­нан көрініс тауып отырады. Кейде кейбір адамдардың болмысы­нан ақылға сыймайтын, санаға бағынбайтын құбылыстарды да байқап қаламыз. Мұндайда жаратылыстың жұмбағын жаны­мызбен түсініп, көңілімізбен түйсініп көруге талпынуға тура келеді. Әйтсе де әркім түсініп болмайтын ерекше жағдайлар ел арасында жиі кездеседі. 

Айрықша дарынымен ел­ді таңдандырып, халықтың ықы­ласына ие болғандар көп болмаса да бар. Әрине мұндай жандарға көпшіліктің таңдана әрі қызыға қарайтыны сөзсіз. Тараз қаласында тұратын сегіз жасар Нұрдәулеттің де еш­кім­де кездесе бермейтін ерекше қабілеті көпті таңдандырмай қоймайды. «Магнит бала» атанып кеткен оның бойында магниттік тартылыс күші бар екен. Темірден жасалған кез келген кішігірім заттарды бала денесіне жақындатқанда, тура бір магнитке қойғандай жабы­сып қалады. Әуелі ас қасық­тарын жабыстырып көрген ол бүгінде ұялы телефон, планшет сияқ­­ты заттарды да кеудесінде ұс­тап тұра береді. Енді табиғаттың мұн­дай ғажа­йыбына таңданбасқа амал жоқ.

Нұрдәулет Тараз қаласын­дағы №29 мектепте оқиды. Биыл екінші сыныпқа көшкен бала әуел бастан-ақ өзінің алғыр әрі зерек екенін байқатып­ты. Сабақ үлгерімі де өте жақсы. Баланың алты жасында оянған ерекше қабілетін бірінші болып атасы Арыстанбек байқа­ған екен. Баланың анасы Аида оның денесіне жабысатын темір құралдарының күн санап ар­тып келе жатқанын, тіпті кейде ол мінген көліктің де жүр­мей қалатынын айтады. Әрі күн өткен сайын ешкім түсі­ніп болмайтын қырларының ашылып келе жатқанын әңгі­меледі. Дегенмен, зерек әрі ақылды Нұрдәулет ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау үшін Астана қаласына сапарлап кетіпті. Ел мерейін асырған айтулы көрмеге қызығушы­лық танытып, тамашалауға кет­кені де Нұр­дәулеттің ойлау қабілетінің ерекшелігін танытса керек. 

Қалай болғанда да, баланың бойында бір қасиеттің бары анық. Әйтпесе адамның дене­сіне темірдің жабысып қалуы сирек құбылыс қой. Бірақ адам баласы өмірде түрлі тылсым­дарға куә болады. Өмір барысы күтпеген ғажайыптарды алға тосады. Біз де бүлдіршіннің жолының ашық болуын және өмірде жолының ақ болуын тіледік. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан» 
Жамбыл облысы