Спорт • 25 Шілде, 2017

Жарыстар күнделігі (25.07.2017)

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жарыстар күнделігі (25.07.2017)

Күрес 
Таиланд астанасы Бангкокта күрес түрлерінен кадеттер арасында Азия чемпионаты аяқталды. Қазақ­стан­дық еркін күрес балуандары бір алтын, екі күміс және үш қола медаль иеленді. 69 килода Мейрамбек Сүлей­менов Азия чемпионы атанса, 46 килода белдескен Еламан Қадырсейіт пен Ақбар Құрбанов (50 кг) күміс медаль иеленді. Дәулет Теміржанов (54 кило), Дәулет Тәжібай (58 кило), Савет Абылай (85 кило) Азия чемпио­натының қола жүлдегері атанды. 
Ал қыздар күресінен Марал Тәңір­бергенова (38 кг), Аяжан Мар­қашева (43 кг) және Альбина Қайыр­гелдинова (63 кг) күміс медаль иеленсе, 40 килода ел намысын қор­ғаған Айдана Сұлтанова қола жүл­дені қанағат тұтты.
Грек-рим күресінің жас балуан­дары үш алтын, бір күміс медаль жеңіп алды. Еркебұлан Ардақов (46 кг), Рахат Сағымбай (63 кило) мен Дәулет Жалғасов (76 кг) өз сал­мақ­тарында Азияның теңдессіз спорт­шысы атанса, 42 кило салмақта күрескен Ерасыл Мамырбеков күміс медальға ие болды.

Теннис 
Астанадағы «Дәулет» ұлттық теннис орталығында теннистен Қазақстан Республикасы Президенті кубогы аяқталды. Халықаралық тур­нирге биыл алыс-жақын шетел­дің 21 елінен келген 200-ден аса әлемнің үздік теннисшілері бағын сынады.
Турнирдің ерлер арасындағы финалдық бәсекеге отандасымыз Михаил Кукушкин мен белорус­сиялық теннисші Егор Герасимов шыққан болатын. Үш сетке созылған ойында Егор Герасимов 7:6 (11:9), 4:6, 6:4 есебімен жеңіске жетіп, «Президент кубогы-2017» жарысының жеңім­пазы атанды. Айта кетейік, турнир­дің финалына шыққаны үшін Кукушкин АТР рейтингінде 16 саты жоғарылап, 102-орынға тұрақтады. 

Велоспорт 
Велоспорттан «Тур де Франс-2017» велокөпкүндігінің биылғы жарысы өз мәресіне жетті. Франция тасжолдарында өткен жылдың ірі турнирінде Sky командасының британиялық спортшысы  Крис Фрум жеңімпаз атанды. Ол қатарынан үшінші, ал жалпы төртінші рет (2013, 2015, 2016, 2017) жеңіске жетіп отыр. 
Ал «Астана» велокомандасының капитаны Фабио Ару турнирді бесінші орынмен аяқтады. Қазақстан велоспорт федерациясының прези­денті Дархан Қалетаев «Астананың» биылғы нәтижесіне көңілі тола­тынын жеткізді.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»