11 Қазан, 2011

Елдің ертеңін білгің келсе, жастарына қара

1151 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«Қандай да елдің ертеңін білгің келсе, оның жастарына қара» деген ұлағатты сөз бар. Әр заман өз ерекшеліктерімен, дарынды өрендерімен, өрелі істерімен тарихта таңба қалдырады десек, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі бойкүйездік кім-кімді де бей-жай қалдырмас. «Патриотизм», «отансүйгіштік» туралы айты­лып жатқан көркем дүниелер ісімізбен астасып жатыр ма? Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз­дің бір ғана Отанымыз бар. Ол – тәуелсіз Қа­зақ­стан», деген сөзі әрбір өскелең ұрпақтың жү­ре­гіне жігер беріп, үлкен жауапкершілік жүгін жүк­те­ген сенім деуге толық негіз бар болғанымен, оның сіңірілуіне үлкен кешенді жұмыс керек. Төл тарихын сонау замандардағы ержүрек, қайсар сақ, Әлкей Марғұлан айтқан: «ғұндардың соңы – түркі­лердің басы» ұрпағынан тарқататын халқы­мызға бір кездері тарих өз сынағын ұсынды. Ал, жаһан­дану заманында тек экономика ғана емес, мәдениет пен тіл бәсекелестікке түсіп жатқан ғаламда ерлік, өрлік, отансүйгіштік секілді рухани құндылықтар ұлт тағдырымен қоса айтылатындығын кім білді?! Саналы ұрпақ – сапалы ел ертеңінің көрінісі. Бү­тін­дік, елдік, тәуелсіздікті тұғыр еткен өрен тәр­биелеу жолында ата-бабамыздан келе жатқан тарихи жадты тірілтіп, ұлттық менталитетіміздің бай мұрасын заман талабына сай жаңғыртуымыз керек. Бүгінгі балғындардың бойындағы «Отан», «отан­шылдық», «ұлт», «ұлтжандылық» ұғым­дары­ның тек қартаң тартқан ақсақалдар мен орта буын өкілдерін ғана емес, сонымен қатар, бар буынды толғандырып отырғаны баршылық. Тек қана «Отан – туған жер, менің туған жерім – Қазақстан. Ұлтым – қазақ, ұлтжандылық – өз Отаныңа қызмет ету» деген түсінікті жалаңдана ұғыну – қауіпті бол­мыс­ты тудырары хақ. Отан ұғымын, Отанға деген сү­йіс­пеншілік сырын атақонысты иемдену, Ән­ұр­анын жатқа айту, Туын төбеге тігумен шектеу – нағыз көзқамандық. Елін сүймеген адам өзгені де сүйе білу қасиетінен таяздық танытады. Осы жерде һас батыр Баукеңнің сөзіне жүгіну заңды: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқыныш көбейіп тұр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын, екінші – нәрестесіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын, үшінші – әдемі дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді, оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды, үйреніп жатқан бала жоқ, үйрететін әке, әже жоқ». Қуатты қол, құрыш білек, жолбарыс жүрек, кен-ақыл­дың иесі батыр Баукеңнің қаупі, туған халқы ер­теңінің қамын жеген ердің жанайқайы. Ұлт ұлы­ның сөзін өз әл-дәрменімізше саралауға ұмтылып отырмын. Бүгінде әлем ғалымдары баланы құрсаққа біткеннен бастап тәрбиеге алу керектігін дәлелдеп жатса, хақ Ислам дінін ұстанған бабаларымыз неке, ер мен әйел денсаулығы мен рухани саулығына ерекше назар аударған. Отбасындағы тәрбие бала өмірінің баспалдағы екендігін айтып, іргетасын қаласқан. Іргетасы осал құрылыстың көркінің де, негізінің де әлсіз болатынын біле тұра, оның үстіне ғимарат құру қауіпті іс екені белгілі. Осы тұста, ата-ана үшін адам санын көбейту емес, халқы үшін қалтқысыз қызмет ететін бала өсіріп-тәрбиелеу алғышарт болуы тиіс. Жақсы бала жақсы ортадан ғана шығады. Өзгелерге өзегімізді ашып, өзіміздегі алыптардың атын айтып мақ­тану­дан еш шаршаған емеспіз. Ал сол аттарын ардақ­тап, сөздерін санамалайтын тұлғалар неге санаулы. Осыны бір сәт ойға алып көрдік пе? Бұл жерден біз өз сұрағымызға жауап табамыз. Тәрбиенің бастауы тектіліктен дариды. Тектілік тамыры бабалары­мыздың ұрпағының ержүрек, адал болып өсуіне бау­лу сырында жатыр. Десе де, Еуропа елірткен еркіндік түбімізге жететінін ойға да алмаймыз. Республикамыздың түпкір-түпкірін аралаға­ным­да өте білімді, шыңдалған жастарды көргенде көңіл қуанады. Бүгінде белдескеннің белін үзіп, тіресумен тізе бүктіретін заман өтті. Дамыған елдердің экономикасының белсенді жас аралығы 23-30 аралығын қамтығанын «Блумберг» агенттігі хабарлады. Оған айқын мысал ретінде «Facebook» әлеуметтік желісін ойлап тапқан Марк Цукербергті мысалға келтіруге болады. Елбасымыз «ХХІ ғасыр – білім ғасыры» деп топшылауының өзі көрегендіктің нақылы екендігін осыдан түсінуге болады. Әрбір Қазақстанның жасы он бес адамның санасына лайық қарулануы тиіс. Бұл – уақыт талабы, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Біз өркениет өрісі жолында дінімізге, салт-дәстүрімізге барсақ та біліммен бойла­ға­ны­мыз абзал. Ұлттық рухтың жүрегі – ұлттық сана-сезім болса, күретамыры – патриотизм. Баукең бір сөзінде: «Халықтың халық болып өмір сүруі, не жырымдалып жүріп өз бет-бейнесінен айырылуы сол ұлт өкілінің өзінен кейінгі ізбасарына бабалар аманатын қай салада жеткізуіне байланысты. Ата дәстүр, ана тілі өздігінен жалғаспайды, не сырттан біреу келіп көсегемізді көгертіп, сақтап бермейді», – деген. Қазіргі қазақ қоғамындағы жастарға «мынаны ойлайды, армандайды» деп пікір айту өте қиын. Әр азаматтың өзінің өмірлік ұстанымы мен қы­зы­ғушылығы бар. Өзім араласатын жастардың дені мемлекетті алдыңғы қатарлы, дамыған ел ретінде көруді қалап, ұлтының «тәуелсіздік» атты асыл мұратын тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде асқанын армандайтын «мемлекетшілдік санасы» қалыптасқандар. Оларды біріктіретін де осы ортақ ойлары. Алайда, бар арманы билік пен ақшаны көздеген жастарды да көз шалып қалуда. Олардың санасы үшін «ұлт», «тарих», «діл», «дін» түсінік­тері жат нәрсе. Бүгінгі күнмен өмір сүріп, ертеңін не күтіп тұрғанын ойламайтындар қатарын, міне, осы санаттағы азаматтар түзеді. Бұл рухани мәң­гүрт­тікке апарып соқтыратын олқылық, жас­тары­мыз­ды тәрбиелеп отырған жалпыұлттық идеяның олқы тұсы. Жастар саясаты дегенде, біз алдымен, эконо­ми­калық-әлеуметтік саланы ғана емес, сонымен бірге, идеологиялық салаға басты стратегиялық мақсатқа қосуымыз керек. Идеология – жастар ұйымдары ойлайтыны секілді бір реттік акция емес, жастардың санасына «мемлекетшілдік сананы» қалыптастыратын кешенді жүйеге негізделгені шарт. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Ұрпағымызды ұлттық, адамгершілік құнды­лық­тар шеңберінде қолданыстағы «Жастар сая­саты туралы» Заңның орындалуын дербес қада­ға­лаған жөн. Заман иесі, болашақ тұтқасы – жастар. Біз екі кезеңді көрген буынбыз. Ал бүгінгі жастар Отанға ортақ игілікті пайдаланушы, іске асырушы, дамыту­шы тәуелсіз ел перзенттері. Президентіміз Н.Назарбаев өз сөзінде: «Менің халқым өзге ұлт­тың түсіне кірсе шошып оянатын ауыр-ауыр тағ­дыр­ларды басынан кешті. Тіпті тұқым-теберігімен жойы­лып та кететін жағдайда болды. Бірақ азат­тыққа деген арпалыс, тәуелсіздікке деген тал­пы­ныс осы күнге жеткізді», дейді. Шындығында, мұндай әлемге айқара құшақ ашқан кезең қазақ жұртында бұрын-соңды болған емес. Тәуелсіздік сонысымен де еш нәрсеге айырбастамас, жоғал­тып алуға болмайтын құндылыққа айналуы тиіс. Осы орайда өткенді үлгі қылып, рухы бодан­дыққа бой алмаған тәуелсіз ел перзенттерінің «тәуелсіз санасын» қалыптастыру идеясы – заман туғызған қажеттілік. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, білімді де ілімді, қауқары найзағайдай жарқылдап, қара бұлтты қақ жарған жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі уақыт еншісіндегі енжарлықты көтермейтін ең басты қоғамдық міндет. Бақытбек СМАҒҰЛ, «Сауап» қоғамдық қорының президенті. Алматы.