ЭКСПО-2017 • 25 Шілде, 2017

Тараздық 115 оқушы ЭКСПО көрмесін тамашалауға аттанды

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл теміржол бекетінен 115 оқушы ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесін тамашалауға аттанды. Тараз қалалық білім бөлімі қала мектептеріндегі аз қамтылған отбасылардың балаларын және үздік оқушыларды Астана қаласына жіберіп отыр.

Тараздық 115 оқушы ЭКСПО көрмесін тамашалауға аттанды

Ал ұл-қыздарын бас шаһарға шығарып салуға келген ата-аналар ел мерейін асырған ЭКСПО халықаралық көрмесінің ел тарихында айрықша маңызға ие екенін айтып, бүгінгі игі шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Бас қалаға бағыт алған балалар да ағынан жарылып, енді Астананы теледидардан емес, өз көздерімен көретіндеріне қуанышты екендіктерін жасырмады.

Білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаеваның айтуынша, оқушылармен бірге Астана қаласына 8 жауапты адам барады екен. Сондай-ақ, балалар үш күн бойы көрмені тамашалап, Астананың әсем де көрікті жерлерін аралап қайтады. Ең бастысы, оқушылар көрмені тамашалау арқылы жазғы демалыстарын есте қаларлықтай етіп өткізеді.

Жалпы, Тараз қаласында ЭКСПО көрмесін тамашалауға баратын оқушылардан он топ құралған. Енді тамыз айының соңына дейін қалған тоғыз лек Астана шаһарына барып, көрмені тамашалап қайтатын болады.

Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы