25 Шілде, 2017

Қазақстанда әйелдер баспасөзі қалай пайда болды?

3396 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Патша үкіметі «Әйел теңдігі» мәселесін бірінші болып көтерген бізбіз» деген ой қалыптастырып, қазақ арасында әйелге деген көзқарастың төмен екендігіне сендірді. Бірақ, бір ғана Айша бибіге арналған сәулет ғимараттарының, әйелдің атымен аталатын жер-су аттарының өзі бұл пікірді жоққа шығара алады. Сондай-ақ әйел теңдігі мәселесін Алаш арыстарының да көтергені тарихтан белгілі. Тіпті, елімізде әйелдерге арналған басылымдардың пайда болуы қоғамға түбегейлі өзгерістер әкелген сол кезеңмен тұспа-тұс келеді. Ал олардың пайда болуына не әсер етті? Оның алғышарты ретінде нені атауға болады? Ғылым тұрғысынан әлі де жүйелі зерттеле қоймаған тақырыпты қаузап көрсек.

Қазақстанда әйелдер баспасөзі қалай пайда болды?

Алғашында әйел авторлар шыға бастады

Қазақ жерінде Патшалы Ресейдің саясатын жүргізуге ақпараттық қолдау көрсетіп, насихат, идеология қызметтерін атқарған «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты» басылымдарында жарияланған әйел авторлар жоқтың қасы. Сондықтан ұлттық әйелдер баспасөзінің дамуын «Айқап», «Қазақ» газеттерімен байланыстыруға болады. Себебі осы екі басылым беттерінде ұлт зиялылары әйелді оқыту жайы мен әйел теңдігі мәселесін айтып қана қоймай, сол керітартпа тәртіппен күресті. Сондай-ақ алғашқы әйел авторлардың ізашар мақалалары мен шығармаларын жариялап отырды.  

«Қазақ әйелдерінің публицистикалық мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған Зәуре Сағыбаева «ХХ ғасыр басындағы әйелдер мұңын әйелден артық ешкімнің айта алмайтыны белгілі болатын. Дәл осы қажеттілік әйел қаламгерлер тобының тууына басты себеп болды» дейді де, олардың қолына қалам алуына мәжбүр еткен екі түрлі себепті келтіреді. «Біріншіден, баспасөз арқылы бұқараның қалың ортасына ой тастау, сол арқылы өнер білімге, мәдениетке үндеу болса, екіншіден жасқаншақ, етекбасты ауыл әйелдеріне жаңа қоғамның мән-жайын түсіндіру, өз мүддесі үщін күреске жұмылдыру», – дейді.

Естеріңізде болса, 1920 жылы Қазақстан автономиялы республикасы Орталық Атқару Комитетінің қалың малға, әмеңгерлікке, көп әйел алушылыққа тыйым салу жөнінде қабылдаған декреті жарияланған болатын. Қырықбай Аллаберген «Тарих және баспасөз» кітабында «Декретте қазақ әйелдерінің еңсесін басқан, адамдық қасиетін қорлаған, тағы басқа да зиянды әдет-ғұрыптарды жою көзделді. Міне, осы декреттің мәнін әйелдерге түсіндіріп, олардың өздерінің бас бостандығы үшін күресуіне көмектесу, әйелдерді қоғам өміріне белсене араластыру үшін ел ішінде көшпелі қызыл отаулар, делегаттар жиналыстары ұйымдастырылды. Бұлардың жұмысын насихаттайтын, әйелдерге арналған баспасөз органын шығару қажеттігі туындады», – деп,  әйел қаламгерлердің қалыптасу қажеттілігі туғанын атап өтеді.

Осы күнге дейін қазақ журналистикасындағы әйелдер көшінің ізашарлары ретінде Нәзипа Құлжанова, Сара Есқызы мен Нағима Арықованы айтып жүрміз. Бұлар шығармашылық шырайы мен қаламгерлік қарымы ерекше көзге түскендері екені белгілі. Бірақ оларға дейін де баспасөзге жазған әйел авторлар болған және олар туралы көп айтыла бермейді.  

 Мысалы, «Қазақ» газетінің әйел авторлары қатарында Ғанижамал Дулатова, Гүлайым Байгурина, Аққағаз Досжанова, Сара Есқызы , Нәзипа Құлжановалар болған. Олар әдебиет, мәдениет, медицина, оқу-ағарту мәселелерін жазған. Ал «Айқап» журналының беттерінде Күләйім Өтегенқызының, Сақыпжамал Тілеубайзықының, Мәриям Сейдалықыздарының өлеңдері жарық көрген. Ал «Айқап» энциклопедиясынан Сүлейменова Балқожа есімін де кездестіруге болады. Сондай-ақ «Айқап журналының белгілі авторлары» деген атаумен топтастырылған қысқаша мәліметтер қатарында Сейдалинова Мәриям туралы жазылғанын да айта кету керек. Яғни, «Қазақ», «Айқап» басылымдары әйелдердің мақалаларын жариялай отырып, оларға арналған басылымдардың пайда болуына алғышарт жасады деуге толық негіз бар.

Газеттер әйелдерге арналған айдарлар мен беттер ашты

Алаш арыстары әйел теңдігі туралы айтып, алғашқы әдеби туындылардың шығуына себепкер болғаны белгілі. Тіпті, Алашорда басылымдарынан да көптеген әйел авторлардың мақалаларын кездестіруге болады. Мысалы, «Сарыарқа» журналында Әсма Жанболованың қысқа-қысқа мақалалары, ақпараттық хабарламалары жарияланған. 1922 жылдан бастап шыққан «Шолпан» журналында әсіресе әйелдердің күтімі, бала күтімі, жүктілік кезіндегі өзгерістер туралы көптеген танымдық мақалалар басылған.

Әйел авторлар ең көп кездесетін басылым – «Ақ жол» газеті. Онда Сара Есқызы, Нәзипа Құлжанова, Алма Оразбаевалармен қатар аттары бізге беймәлім авторларды да байқауға болады.

Әйелдер баспасөзінің, әйелдер публицистикасының пісіліп, жетілуіне үлес қосқан тағы бір мәселе – осы кездері көпшілік газеттерде әйелдер мәселесіне арналған айдарлар мен арнайы беттердің болуы.

Мысалы, 1923 жылдары «Еңбекшіл қазақ» газеті пен «Қызыл Қазақстан» журналында әйелдер бөлімі жүргізілді. Сонымен қатар «Степная правда» газетінде аптасына бір рет шығатын «Қазақ еңбекші әйелдерінің өмірі» дейтін арнайы бөлім де болған. Ол туралы деректер көптеп кездеседі. Тіпті, басылым архивтерінде де сақтаулы. Мысалы, «Еңбекшіл қазақ» газетінде Сағида есімді автор «Қазақ қыздары қайда?», «Дүрбілі айна» деген мақалаларын жариялап, осы басылымдағы әйелдер бөлімінің жай-күйі туралы баяндайды.

Алғашқы әйелдер басылымы қайсы?

Әйелдер баспасөзінің басы ретінде «Теңдік» газеті айтылып келе жатыр. Дегенмен, 1923 жылы 9-маусымдағы «Еңбекші Қазақ» газетіндегі Алма Оразбаеваның «Әйел бостандығы» мақаласынан мына құнды деректі кездестіруге болады. Онда автор: «Ақтөбедегі губерниялық әйелдер бөлімінің атынан «Әйел бостандығы» атты газет шығарыла бастаған. ІІ-ші майда шыққан І-ші номері басқармамызға келді. Газет жұмалық», – деп жазады.  Одан кейін қазақ әйелдеріне арналған газеттердің жоқтығын айта кетіп, «Әйел бостандығы» – Әйелдер дүниесінде І-ші адым. Мұны шығарып отырғандығы – қазақ әйелдерінің де ерлермен қатар тұрмысқа ұмтылайын дегендігі», – дейді. Аталған газеттің түпнұсқасы қолымызға тимегендіктен, оның нақты қай күні шыққанын дөп басып айту қиын.

Алғашқы басылымдардың бірі ретінде айтылатын «Жетісу әйелі» журналының да шығу уақыты туралы деректер әртүрлі. Оны Л.Ахметова «Қарлығаш қаламдастар» кітабында 1923 жылдың қаңтарында шыққан дейді. Ал «Қазақ әдебиеті» Энциклопедиялық анықтамалықта 1924 жылдың басында тек екі нөмірі жарық көрген деген мәлімет келтірілген. Бұл журналдың шыққан нақты уақыты туралы Қ.Аллабергеннің «Тарих және баспасөз» кітабынан кездестіруге болады. Бұл кітапта «Жетісу әйелі» журналы бүкіл Қазақстан бойынша әйелдерге арналып шығарылған алғашқы басылым, оның алғашқы саны 1923 жылдың 15- қаңтарында жарық көрді», – делінген.

Зерттеушілер тарапынан үнемі назардан тыс қалатын басылымдар да бар. Мысалы, 1924 жылы 1 қаңтарда Семейде «Бостандық әйел», Қарқаралы уезінде «Еңбекші әйел» атты газеттер жарық көрген.

1925 жылдың наурызынан бастап «Азат әйелі» журналының жарық көре бастағанын да айта кету керек. Ол туралы Темірбек Қожакеев: «Азат әйел»  –  бір күндік газет. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы әйелдер бөлімі 1925 жылы 8 наурызда шығарған. Қазақ әйелдеріне арналған осы тұңғыш, бір күндік газеттің жарық көруі үлкен тарихи оқиға болды. 1925 жылы 5 мамыр күні осы басылымның негізінде «Теңдік» газеті шығарыла бастады», – деп жазған.  

«Теңдік газеті» Аймақтық партия комитетінің жанындағы әйелдер бөлімінің атынан  шыққан. 1926 жылы “Әйел теңдігі” журналына айналды.  Онда Алма Оразбаеваның, Сара Есқызының, қазақтың тұңғыш ақын қызы Шолпан Иманбаеваның, белгілі қоғам қайраткері Нағима Арықованың және тағы басқаларының мақалалары басылған. Бір айта кетерлігі, Темірбек Қожакеев 1926 жылы «Әйел теңдігі» журналын «Теңдік» газетінің орнына шықты десе, Л.Ахметова бұл журнал 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің қосымшасы болып шыққанын айтады. Қалай дегенмен де кейінгі «Қазақстан әйелдері» журналының басы болған «Әйел теңдігі» журналының қазақ баспасөзі тарихында алатын орны бөлек.

Көріп отырғанымыздай, алдымен әйел авторлар қалыптасып, газеттің арнайы айдарлары шығып, біртіндеп әйелдерге арналған басылымдар пайда болған. Бұл тақырып терең зерттеліп, жеке пән ретінде оқытыла бастаса, студенттерінің 80 пайызынан астамы қыздардан тұратын журналистика факультеттері үшін пайдалы болар ма еді?

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

«Егемен Қазақстан».