Қазақстан • 25 Шілде, 2017

Сот төрелігі академиясын 51 түлек бітіріп шықты

180 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаева мәлімдеді.

Сот төрелігі академиясын 51 түлек бітіріп шықты

А.Қыдырбаева Ұлт Жоспары шеңберінде көзделген сот реформаларының сәтті іске асырылғанын атап өтті. Атап айтқанда, ол Ұлт Жоспары шеңберінде жүргізілген реформалардың сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігіне оң ықпал еткенін жеткізді.

«Айталық, есепті кезеңде соттарда азаматтық істерді қарау мерзімі екі есеге қысқарды. Істердің 62,5 пайызы жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралуда. Сот бұйрығы, дауларды шешудің баламалы тәсілдері және медиация тәртібінде қаралған істер саны едәуір артты. Келісімдік тәртіптегі қылмыстық істер саны 43 пайызға, қысқартылған негіздегі істер саны 3,5 есеге артты», – деді мамандандырылған сот алқасының төрайымы..

Сонымен қатар А.Қыдырбаева судьялыққа кандидаттардың жасы 30-ға дейін ұлғайтылғанын тілге тиек етті.

Өз баяндамасы барысында спикер Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясын алғашқы түлектер бітіріп шыққанын жеткізді.

«Жоғарғы Сот жанындағы айрықша мәртебеге ие Сот төрелігі академиясы 2016 жылғы 18 ақпанда Президент Жарлығына сәйкес құрылды. Жұмыс істеп жүрген судьялардың біліктілігін арттыру және қоғамның сот төрелігіне сенімін нығайтуға қабілетті жаңа формациядағы сот кадрларын даярлау жаңа ЖОО-ның негізгі міндеттері болып табылады. Биыл Сот төрелігі академиясын 51 түлек бітіріп шықты», – деп атап өтті А.Қыдырбаева.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»