Қазақстан • 26 Шілде, 2017

Әлемді түйістірген транзиттік әлеует

427 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты халыққа арнаған Жолдауында «ХV ғасырдың соңына дейін Орталық Азия әлемдік экономиканың маңызды өңірі болып келді. Біздің өңіріміз Шығыс пен Батысты жалғастырып жатты. Халықтар аумақтар мен ұлттарға бөлінген жоқ. Жібек жолының саябыр тартуы Орталық Азияны мешеу шет аймаққа айналдырды. Тәуелсіздік алғанымыздан кейін соңғы 500 жылда алғаш рет біздің өңіріміз әлемдік экономика үшін қайтадан экономикалық маңызға ие болды. Біз өзіміздің транзиттік мүмкіндіктерімізді нығайтып келеміз, әлемдік нарыққа бағалы тауарлар – мұнай, газ, кен, ауыл шаруашылығы шикізатын шығаратын өңірге айнала бастадық. Қазірдің өзінде шамамен көне Жібек жолының бойымен өтетін ХХІ ғасырдың жаңа мұнай-газ құбырларының, авто және темір жолдардың сұлбалары айқындала бастады», деп еді.

Әлемді түйістірген транзиттік әлеует

Дамудың жаңа даңғылы

Расында да Елбасының осы болжамы көрегендік болған­ды­­ғын бүгінгі уақыттың өзі дәлел­дей бастады. Қазақстанға – Ба­тыс пен Шығыстың орта­сын­­да орналасқан осынау байтақ өңірге тәуелсіздіктің келуі сан ғасыр бұрын үзіліп кеткен ха­лық­аралық сауда-экономикалық байланыстың үлкен арнасына қайта жан бітіргендігі өз алдына, сонымен қатар халықаралық транзит саласындағы еліміздің айшықты орнын белгілеуге де үлкен ықпал етуде. Біз шынымен де қазірдің өзінде Батыс пен Шығысты тиімді жалғайтын алтын көпір елге айнала бастадық.

Әрине, бұл сөзге біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ мұны бүгінгі күн­нің фактілері дәлелдеуде. Сө­зі­міз жалған шықпас үшін со­лар­дың кейбіріне жүгіне кетейік. Әң­гі­мені темір жол саласынан бас­тайық.

Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін артты­ру, өңірлер арасындағы бай­ла­ныс­ты күшейту үшін еліміз­дің аумағында ұзындығы 2550 шақы­рымнан астам жаңа темір жол­дар іске қосылды. Бұл дегеніңіз тәуел­сіздік алған 25 жыл ішінде Қа­зақ­стан бүкіл ТМД мем­ле­кет­­терін қосқандағыдан артық те­мір жол құрылысын жүргізді деген сөз.

Ал енді бұл жолдардың еліміз­дің дамуына, жеріміздің гүлде­нуі­не тигізетін пайдасы қандай? Енді осы мәселеге келейік.

2001 жылы 187 шақырымдық «Ақсу – Дегелең» темір жолы са­­лын­ды. Бұл жол Павлодар мен Се­мейдің арасын жалғаса, 2004 жы­лы салынған «Хромтау – Ал­тын­сарин» темір жол желісі Қос­­танай мен Ақтөбені жалғап, өңір­аралық байланыстардың ны­ғаюына сенімді ықпал етті.

2008 жылы ұзындығы 150 шақы­рым болатын «Шар – Өске­мен» темір жолы салынды. Бұл жол желісі шығыс өңір­дің бі­рыңғай темір жол инфра­құ­ры­лы­мын қа­лыптастырды.

2012 жылы ұзындығы 293 ша­қырымдық «Жетіген – Қорғас» темір жол желісі іске қосылды. Бұл жол Қытай мен Қазақстанның оң­түстік өңірі және Орталық Азия елдері жол қатынасын 550 ша­қы­рымға қысқартып, еліміздің тран­зит­тік әлеуетін арттыра түсті.

2014 жылы «Арқалық – Шұ­бар­­көл» желісі салынды. Ұзын­ды­ғы 214 шақырымдық бұл жаңа темір жол желісі Қазақ­стан­­ның орталық бөлігі мен солтүс­тік өңірлерінің арасын 540 ша­қы­рымға жақындата түсті.

Ал 2014 жылы салынған ұзын­дығы 1036 шақырымдық «Жез­­қазған – Бейнеу» жаңа темір жол желісі біздің еліміздегі өңір­аралық қарым-қатынасты ғана нығайтып қоймай, сонымен қатар Қытай мен Еуропа арасындағы жолды бүтіндей 1200 шақырымға жақындата түсті.

2015 жылы «Боржақты – Ер­сай» темір жол желісі салынды. Бар болғаны 14 шақырым бола­тын бұл жолдың да маңызы зор еді. Өйткені ол еліміз үлкен үміт кү­тіп отырған Құрық портын темір жол магистралімен жал­ғады.

Тынық мұхиттан Парсы шы­ғанағына дейін

Оның бер жағында 2014 жылдың 3 желтоқсаны күні Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган (Қазақстан-Түрікменстан-Иран) темір жол желісі ресми түрде ашыл­ды. Сөйтіп, Қазақстаннан ас­тық тиеп шыққан пойыз біз­дің ел тарихында тұңғыш рет Түрік­менстан шекарасын басып өтіп Иран елінің аумағына, яғни эко­номикамыз үшін аса маңызды өңір болып табылатын Парсы шы­ға­на­ғына кірді. Бұл жол бізді Еу­ропаға 600 шақырымға жақын­дата түсті.

«Қазіргі істің тарихи мәні бар, – деп еді сол халықаралық жа­ңа темір жол желісінің ашылу сал­танатында сөйлеген сө­зін­де Елбасы: «Біз Қазақстан, Түрік­менстан, Иран елдері 900 шақырымдық осы жолды салып, Орталық Азия мен Парсы шыға­на­ғындағы елдердің басын қос­тық деп айтуға болады. Жалпы, жол, көпір салу дегеніміз өте рахымды іс. Бұл жайында Құранда айтылған. Біріншіден, үш елдің халқы үшін жолдың бойында неше түрлі елді мекендер пайда болып, халық жұмыспен қам­ты­лады, қарым-қатынас жанданады. Екіншіден, үш мемлекеттің ара­сын­дағы сауда-саттық ұлғаяды. Биыл­ғы жылдың басында біз Түрік­менстан мен Қазақстан ара­сындағы жолды іске қосқанбыз. Осы аз уақыттың ішінде сауда-саттық 40 пайызға өсті», деді.

Сонымен қатар, Елбасы Қа­зақ­станның Қытайдан Каспий теңізіне дейін тікелей темір жол салғанын атап өтті.

«Мына жол сол жолға қосы­лады. Демек енді бізде Қытайға ғана емес, Қытай арқылы Ты­нық мұхит елдеріне шығу мүм­кін­дігі бар», дей келе бұл жолдың ұзын­дығы бұрынғы жолдың ұзын­ды­ғынан үш есе кеми түскен­дігін, осы арқылы жүк тасы­малын жедел­детуге болатындығын атап көр­сетті.

Сөйтіп Қазақстан елімізді Ба­тыс пен Шығыстың басын қоса­тын алтын көпір елге айнал­дыру мақсатындағы өзінің көкей­кесті мұраттарының біріне қол жет­кізді. Біз аса маңызды страте­гиялық өңір Парсы шығанағына шық­тық. Еліміздің темір жол инфрақұрылымын жетілдіру бағы­тында міне, осындай ірі-ірі жұмыстар жүзеге асырылды. Бұлар – бір ғана темір жол сала­сындағы жетістіктер. Мұның сыр­тында қаншама автокөлік жолдары салынуда.

Бұл – шынымен де нұрлы жол

«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015-2019 жылдар ішінде жалпы көлемі 7 мың шақырымнан асатын 11 автокөлік жолының жобалары жүзеге асырылмақ. Соның ішінде еліміздің аумағындағы ғасыр жобасы аталып отырған ең ірі халықаралық автокөлік дәлізі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының құрылысы да бар.

Егер бұл жолдың жағдайына сәл кеңірек тоқ­талар болсақ, жолдың Қазақстан аума­ғын­дағы жалпы ұзақтығы 2 787 шақырымды құрайды. Жобаның құны – 825 миллиард теңге. Оған Халықаралық қайта құру және даму банкінің, Еуропа қайта құру және даму банкінің, Азия даму банкінің, Ислам даму банкінің, Жапония халықаралық әріптестік агенттігінің займдары мен еліміздің өз қаражаты жұмсалуда. Өткен жылдың со­ңын­да жолдың 2028 шақырымында құры­лыс және жөндеу жұмыстары аяқталып, Шымкент қаласынан бастап Ресей шекарасына дейінгі аралықта және Алматы мен Тараз аралығында жол қозғалысы ашылған болатын. Сондай-ақ, Алматы мен Қорғас аралығындағы 304 шақырым жол, Шымкент пен Ташкент аралығындағы 100 шақырым жол және Шымкент пен Тараз аралығындағы 81 шақырым жолдың құрылыс жұмыстары қорытынды кезеңінде.

Қазірдің өзінде халықаралық автокөлік дәлізі бойында көлік нөпірі көбейіп, тір­шілік қайнай бастады. Енді үлкен жолдың бойы­нан халықаралық талаптарға сай келе­тін қонақ үйлер мен автокөліктерге тех­ни­калық қызмет көрсету орталықтарын, та­мақтанатын орындар және тағы басқа да көптеген нысандар салу жұмыстары да бас­талып кетті.

Бұл жолдың болашақта Қазақстанға қандай пайда беруі мүмкін екендігін болжамдау үшін мына бір тарихи деректерге жүгіне кетсек, артық болмас. Біздің мың жылдық тарихымыздың әр кезеңінде кең-байтақ даламызға келіп-кеткен тарихшылар қалдырған деректер бойынша Көне Қытайдан басталып, еліміздің оңтүстік өңірлерін көктей өтетін Жібек жолының жандануы Жетісу мен Сырдария бойында қала құрылыстарының дамуына үлкен серпін берген. Өйткені керуен жолының бойында шағын бекеттер пайда болып, олар бірте-бірте сауда-саттық жүргізіп, тауарлар алмастыратын қалалар деңгейіне көтеріліп отырған. Отырар, Сығанақ, Сауран, Жент, Анкет, Тараз, Созақ, Құмкент, Төрткөл, Ақтөбе, Құлан қалалары міне, осылайша салынып, өркендеді. Ал Х ғасырда өмір сүрген ғалым-географ әл-Мақдиси өзінің «Әл-бәд ва-тарих» («Дүниенің басталуы мен тарихы жөніндегі кітап») атты еңбегінде сол кездегі Қазақстан аумағында орналасқан 50-ге тарта қаланы атаған.

Демек жаңадан салынып отырған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің бойында болашақта жаңа қалалардың пайда болмасына кім кепіл. Еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде ес жинап, дамыған сайын біз байтақ даламыздың үстіндегі талай кереметтердің куәсі болармыз деген үмітімді жасырмаймын.              

Бүгінгі күні Қазақстан халықаралық авто­көлік тасымалы саласында өз әріптес­те­рі­мен 40-тан астам екіжақты үкіметаралық келі­сімдер жасаған. Осының нәтижесінде 16 мыңнан астам автокөлік құралдары бар 3 800 компания республикамызда халықаралық жүк тасымалын жүзеге асырады. Ал көлік қызметінің халықаралық нарығындағы отан­дық тасымалдаушылардың үлесі 2015 жыл­дың өзінде 39 пайызға дейін өсе түсті.

Қозғалыс ағыны ортасындағы ел

Премьер-Министр Бақытжан Сағын­та­ев­тың төрағалымен жуықта болып өткен Үкімет отырысында елімізде транзитті, логистиканы және жол бойында көрсетілетін қызметтерді дамыту мәселесі қаралған еді. Осы мәселе жөнінде баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, көліктік ұйымдардың транзиттік тасымалдан түсетін кірістері 2016 жылы 267 млрд теңгені құраса, бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай 1,3 трлн теңгеге жетпек. Сонда таяудағы үш-төрт жылдың өзінде ғана 5 есе өсе түспек.

Мұның сыртында, Boston Consulting Group сарапшылары 2020 жылы транзиттік тасымалдың өсімінен еліміздің ІЖӨ-сіне 5,2 млрд АҚШ доллары мөлшерінде табыс кіретіндігін айтып отыр. Ал мұндай қаржыға «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі мен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ғимараттарын қоса алғанда, оларды қайтадан тағы бір рет салып тастауға болады. Керемет көрсеткіш емес пе?!

Еліміздің транзиттік жол-көлік саласында неліктен мұндай ғажайып құбылыс етек алып отыр? Бүгінгі күннің өзінде Еуропаға жүктер Қытайдан Қазақстан арқылы шамамен 12-15 күнде жеткізіледі. Ал осы жүктердің Оңтүстік теңіз жолымен 45-60 күнде, Солтүстік теңіз жолымен 33-35 күнде және Транссібір магистралі бойынша 18-20 күнде жеткізілетіндігін ескерсек, Қазақ­станның транзиттік жүктерді тартуда қатаң халықаралық бәсекеге түсе отырып, дәстүрлі халықаралық маршруттарға (Оңтүстік және Солтүстік теңіз жолдары, Транссібір магистралі) қарсы бәсекеге қабілетті құрылықтық маршрутты құра білгендігін қазірдің өзінде анық аңғаруға болады.

Соның нәтижесінде 2016 жылы Қытай-Еуропа-Қытай бағытында контейнерлік тасымалдардың көлемі 2015 жылмен са­лыс­тыр­ғанда 2 есе өссе, 2017 жылдың 5 айын­да осы бағыттағы тасымалдар 2016 жыл­дың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда тағы да 2,2 есеге өсті.

2017 жылғы 5 айда біздің еліміздің аумағынан Қытай-Еуропа-Қытай бағытында 681 контейнерлік жүк пойыздары өтті. Бұл – 2016 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 2 есе көп.

Бұл фактілер мен цифрлардың барлығы біздің Қазақстанымыздың Батыс пен Шығыстың арасындағы алтын көпір елге айнала бастағанын дәлелдейді.

Түйін

Біздің экономикамыздың дамуы осы уақытқа дейін мұнай факторына тікелей тәуелді еді. Әлі де солай болып келеді. Енді Қазақстанның транзиттік ел ретіндегі дамуы осы қарқынын сақтай беретін болса, жуық уа­қыттың өзінде ол тәуелділіктен құтылатын бо­ламыз. Қазіргі күні Қазақстанның жаңа ин­дус­трияландыру бағдарламасы осы мақ­сат­та жұмыс істеуде.

Бұл саясаттағы біздің басты артық­шыл­ы­ғымыз – Қазақстанның дамыған Батыс пен күрт дамып келе жатқан Шығыстың арасында қолайлы географиялық орналасуы. Әрине, біз сауда қатынасында үлкен рөл ойнайтын ашық теңіздерден көп алыс-
та жатқан еліміз. Керсінше, біздің бір жағымызда – Қытай, бір жағымызда – Ресей, сәл әрірек Үндістан тұр. Біз – қозғалыстар ағыны ортасындағы елміз. Қазіргі салынып жат­қан жолдар бізді осы елдерге және Ресей мен Парсы шығанағы арқылы Еуропаға, араб әлеміне қарай бастайды.

Адамзаттың қазіргі даму кезеңінде инфрақұрылымдары дамымаған елдер аяғына тұсау салынған ат секілді кібіртіктеп алысқа бара алмайды. Инфрақұрылымы дамыған елдер ондай елдің қасынан желе жүйткіп өте шығады. Осы жағдайды ерте болжаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің инфрақұрылымдық дамуын алға қойып, сол үшін темір жолдар мен автожолдарды салдыруға, халықаралық ұшақ байланысын нығайтуға баса мән берді. Енді біз көп өтпей-ақ осы саясаттың жемісін көретін боламыз.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»