Үкімет • 26 Шілде, 2017

Бағдарламалар тұрақты бақылауда болады

237 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы, сондай-ақ, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді дамыту шаралары қаралды.

Бағдарламалар тұрақты бақылауда болады

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдар­лама­сын іске асырудың бірінші жарты­жылдықтағы нәтижелері жөнінде алдымен Ұлттық экономи­ка министрі Т.Сүлейменов баян­дады. Министрдің мәлімдеуінше, мем­лекеттік бағдарламаны іске асыру­ға биыл 484,2 млрд теңге қарас­тырылған. Қаражат көлік-логист­икалық және индустриялық инфра­құрылымды дамыту, жылу­мен, сумен жабдықтау және су тарту, білім беру саласының инфра­құрылымын дамыту, халықаралық қаржы ұйымдарымен жобаларды ортақ қаржыландыру секілді бағыттар бойынша жобаларды іске асыруға бөлінеді.

Ал өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасым­бек автожол жобаларын іске асыру, көлік-логистикалық әлеуетті дамы­ту жұмыстары, сондай-ақ, темір жол әрі әуе көліктерінде жүк және жолау­­шылар ағынын ұлғайту шара­­лары туралы баяндады. «Нұр­лы жол» бағдарламасы аясын­да инф­рақұрылымдық жоба­лар­ды кеңі­нен жүзеге асыру тасы­мал­­дар­дың жылдамдығын ұлғай­ту­ға, көлік шығындарын төмен­дету­ге, транзиттік әлеуетті іске асы­ру мен сервисті жақсартуға мүм­­кін­дік беретінін атап өтті. Бұл Қазақстан­ның әлеуметтік-эконо­мика­лық да­муы­на, өнімділік пен іскерлік бел­сен­діліктің артуына оң ықпал етпек.

Отырыста Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, Қаржы вице-министрі Т.Савельева, «Бәйтерек» холдингі төр­аға­сының орынбасары А.Әріп­ханов, Жамбыл және Ақмола об­лыстарының әкімдері К.Көкі­рек­баев пен М.Мырзалин қосымша баяндады.

Мәселені қарау қоры­тын­ды­сында Премьер-Министр Б.Са­ғынтаев Ұлттық эконо­­мика министр­лігіне Қаржы министр­лігімен және бағдарлама­лардың әкімші­лерімен бірлесіп, бюджеттік қаражат­тардың уақтылы орын­далуы мен жобалардың іске асыры­луын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

«Бұл мәселе бойынша толық­қанды жұмыстар жүргізілуде. Бірін­ші жартыжылдықтың қоры­тын­дысы бойынша игеру көлемі 99,9 пайызды құрап отыр. Жыл­дық мәнде – 33,4 пайыз. Деген­мен, негізгі шаралар екінші жар­ты­жылдыққа жоспарланған», деді Үкімет басшысы. Премьер-Министр алдағы уақытта Үкі­мет­ті ауқымды жұмыс күтіп тұрған­дығын баса айтып, келесі тоқсанда бұл мәселеге тағы да оралатынын ескертті.

Үкіметте қаралған келесі мәселе – ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді дамыту шаралары және Аграрлық қайта өңдеу картасын іске қосу жайы. Бұл ретте Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Аграрлық қайта өңдеу кәсіпорындарының облыстарда орналасу картасының әзірленген жобасы туралы айтып берді. Бұл жоба аясында қайта өңдеу кәсіпорындарының қазіргі қуаттылықтарын барынша іске қосу, жаңа қайта өңдеу кәсіпорын­дарын жаңғырту және салу бойын­ша міндеттерді орындау көзделген.

Ауыл шаруашылығының тиімділігі аграрлық қайта өңдеуге байланысты. Себебі, ол ауыл­шаруа­шылық өнімдеріне сұраныс туғызып, оның қосымша құнын арттыра түседі. Осыны баса айтқан вице-премьер аграрлық қайта өңдеуді дамыту экономиканың үшінші жаңғыруы жобалық шең­бері аясында АӨК-тің жал­пы өнімінің орташа өсімін 5,3 па­йыз көлемінде қамтамасыз ете­тінін атап өтті. Мұның өзінде ауылшаруашылық өнімдерін қай­та өңдеу үдерісі өсімдік шаруа­шылығы өндірісін 1,4 па­йыз­ға, ал мал шаруашылығын 1,2 пайыз­ға арттырмақ. Ал қазір АШМ тара­пынан ауылшаруашалық өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың әлеуеті мен басымдықтарын анықтау үшін танымал ғалымдар мен қайта өңдеуші кәсіпорындар мамандары, «Атамекен» ҰКП және облыстық әкімдіктер өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылған.

«Соңғы 4 айдың көлемінде кең ауқым­ды талдау жұмыстары жүргі­зіліп, ел аумағындағы бар­лық дерлік кәсіпорындардың анкета­лары жасалып, ағымдағы мүм­кіншіліктерін зерттеп, зерделеуден өтті. Осының негізінде олардың өнді­рістік ахуалы, қуаттылық дең­гейі, енгізілу жылы, құрал-жабдық түрі, жүктелім мен шығары­латын өнім көлемі сынды тармақтары көр­сетілген мәліметтер базасы әзір­ленді. Бүгінгі таңда қолда бар мәліметтерге қарағанда, респуб­лика бойынша 1 345 белсенді қайта өңдеу кәсіпорны бар», деді А.Мырзахметов.

Аграрлық қайта өңдеуді дамы­ту бойынша шаралар жүйесі тиіс­ті тараптар тұрғысынан қолдау тауып, құпталған жағдайда Ауыл шаруа­шылығы министрлігі бекітілген тәртіпке сәйкес АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасына өзге­рістер енгізеді. Қазірдің өзінде «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» хол­дингтері арасында өзара үйлес­тірілген инвестициялық саясат пен аграрлық қайта өңдеу жобаларын іске асыру бойынша меморандумға қол қойылған.

Бұл мәселе бойынша Үкімет отыры­сында сонымен қатар «Атамекен» ҰКП төрағасының орын­басары, Қазақстан қаржыгер­лері қауымдастығы кеңесінің төрайы­мы Ю.Якупбаева, «Қазақ­стан тамақ кәсіпорындары одағы» ЗТБ вице-президенті А.Нау­рыз­ға­лиева, Қарағанды, Алма­ты об­лыс­тарының әкімдері Е.Қо­шанов, А.Баталов сөз сөйледі.

Қорытындылай келе, Үкі­мет басшысы Б.Сағынтаев Премьер-Министр­дің орын­басары – Ауыл шаруа­шылығы министрі А.Мырзах­метовке «Атаме­кен» ҰКП, қоғам­дық ұйымдар­дың және тамақ өнер­кәсібі қауым­дас­тық­тарының ұсыныстарын ескере оты­рып, Аграрлық қайта өңдеу кар­та­сының жобасын пысықтауды тап­сырды.

Жиында сондай-ақ, есірткі ай­на­лымын бақылау саласындағы заң­намаға түзетулер жобасы қарал­ды. Осы орайда, Ішкі істер министрі Қ.Қа­сымов халықаралық тәжі­рибеге сәйкес, есірткілер айна­лымын бақылау бойынша БҰҰ халық­аралық комитеттерінің ұсы­ныстары мен Қазақстан Респуб­ликасы Конституциялық кеңе­сінің тұжырымы бойынша тыйым салын­ған заттардың ұлттық тізімін бекіту туралы шешім қабылдан­ға­нын мәлімдеді.

Үкіметтің тиісті актіні қабыл­дауы елдегі тыйым салынған есірткі құралдарының тізімін нарықта пайда болып жатқан психикалық белсенді заттардың жаңа түрлерімен шұғыл толық­тыруға мүмкіндік береді. Бұдан өзге есірткілердің ұлттық тізімі 88 негізгі, әлеуетті қауіпті психи­калық белсенді заттармен толық­тырылады. Бұл ЕАЭО мемлекеттері мен есірткі айналымын бақылау бойынша БҰҰ халықаралық коми­тетінің бақылауындағы синте­ти­калық есірткілердің барлық тізімін қамтуға мүмкіндік жасайды.

Соның нәтижесінде, «Есірткі заттары туралы» заң арқылы тек бақылауға алынған есірткі­лер­дің айналымы ғана емес, соны­мен қатар болашақта шығуы мүмкін жаңа түрлері де рет­те­летін болады. Мәселені қарау қоры­тын­дысы бойынша «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есiрткi құралдары, психотроптық заттар, оларға ұқсас заттар және пре­курсор­лар айналымын бақылау мәсе­­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қолдау тапты және Пар­ламент қарауына жіберіледі.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»