Қазақстан • 26 Шілде, 2017

Ел мұратының асыл өзегі

357 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ел бірлігі мен тарих тағылымын, ұлттық рух пен руханият арналарын, дәстүр өнегелерін, өмір ағынын, уақыт бедерін, даму үрдістерін негізге алады.

Ел мұратының асыл өзегі

Мақаланың «Кіріспе» бөлімінде Қазақ­станның үшінші жаңғыруы басталғаны, оның басым бағыттары: сая­си реформа мен экономикалық дамуы кең өріс алғаны, ел бірлігі, адам факторы, еңбек мәні, өмір ағыны, даму үрдістері кең өріс алады. Осының негізінде әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу басты мақсат етіледі. Мұның мәнісі, негізгі өзегі, атап айтқанда, «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс». Демек, өмір мұраты айқын, еңбегіміз мәнді болумен бірге, бастысы сананың ашықтығы, зейінді зерденің басым бағыт алуы қажет-ақ. Бұл тұста, сөз жоқ, өзіндік ұстанымымыз берік, бәсекеге қабілеттілік жоғары, болашаққа сеніммен қадам басу – жеңіске жетудің жолы, нәтижеге қол жеткізудің басты көрсеткіштерінің бірі екені анық.

Ел дамуы мен тарихындағы жаңа кезең болып табылатын бұл тұста, сөз жоқ, қоғамдық құбылыстарға мән беріп, замана шындығы мен уақыт тынысын терең сезінген жөн. Дүние дидарында, жер-жиһан мен планета тынысында мазасыздық, тынышсыздық бары байқалады. Әлемдегі халықаралық терроризм жаһандық зұлматқа, қаһарлы сипатқа ие болуда. Бұған миллиондаған босқындар шоғырын, террорлық агрессия салдарынан жазықсыз адамдардың қырылуын, қалалардың қирауын, мәдени-тарихи ескерткіштердің жойылуын қоссақ, толеранттылыққа бару, келісім мен диалог алаңын құру қажет-ақ. Асылы, ақыл-парасатқа жүгінген, сөз бен іс бірлігін сақтап, сана мен сапаны тең ұстап, талап пен талғамды таразы ету жеңіске бас­тап, нақты нәтижеге қол жеткізуге мол мүмкіндіктер береді. Кешеден бүгінге жеткен тәжірибе тәлімі, өмір тағылымдары мен уақыт бедерінің басым мәні, тағылымды нәрі де осы.

Елбасының мақаласында атап өтіл­гендей: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл сая­си және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады». Демек, біртұтас ұлт болу – бұқаралық сананы өзгертіп, рухани жаңғыруға батыл қадам жасауға жол ашады. Маңыздысы, әрине болашаққа батыл бағдарлар жасалады.

Ел дамуының жасампаз жолы, асыл арқауы – қоғамның, оның әрбір мүшесінің санасын жаңғырту болса, бұл мақсаттағы басым бағыттар қатарына: бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы, сананың ашықтығы жатады. Атап айтқанда, бәсекеге қабілеттілік әрбір адамның ұнамды да ұтымды қыры; әрі саналы еңбек ресурстарын инновациялық факторларын айқындайды. Бұл ретте, сөз жоқ, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени конфессиялық келісім» сияқты бағдарламалар ұлт дамуына, ашықтық факторларын ұстанып, жасампаздық жолға қадам басуына, ұлттық болмыс пен рухты асқақтатуға, сана-сезімді кемелдендіруге мол мүмкіндіктер береді. Бастысы, әрине ұлттық код пен мәдениетті сақтап, жаңғырту негізінде даму үрдісіне кең өріс ашу мұрат етіледі. Анығында «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады».

Бұл тұста ұлттың табиғи байлығы емес, адамдардың бәсекеге қабілеттілігі, қазіргі кезеңдегі уақыт ұсынған талап-талғамға, маңызды қасиеттерге ие болуы маңызды фактор ретінде алға қойылады. Дамудың алғышарттары – компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сынды ұнамды сипаттар төңірегінде кең өріс алады. Бұдан байқалатыны, ұлт мұратының асыл арқауы – руханият өзегі болса, ол ақыл-парасат, білім-ғылым, тәлім-тәрбие негізінде жүзеге асатыны анық. Өйткені: «Ақыл – Алланың сыйлығы, мың оқудың басы» (Ж.Баласағұн), «Ақыл-ой мен білім – әр адамның сәулеті» (Ә.Науай). Міне, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм мәні, эволюциялық даму, сананың жаңғыруы осыдан көрініс береді. Бұл бағыттар жүйелі дамып, мақсатқа негізделсе, нәтижеге жетуге әбден болады.

Білім нұры, ғылым құндылықтары хақында айтылғанда, «Болашақ» бағдарламасы, алдыңғы қатарлы университеттер мен зияткерлік мектептер жүйесіне басымдық беріледі. Ел дамуы мен жетістікке жетудің жолы – білім жүйе­сінде екені анық-қанық айтылады. Білім мәні, ғылым нәрі, болашақ бастауы, жас ұрпақтың өмірлік негізін құрайды. Нәти­жесінде Елбасы мақаласында «Табыс­ты болу­дың ең іргелі,басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастары­мыз басымдық беретін межелердің қатарын­да білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесін­де білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деген байлам жасалады.

Осы реттен келгенде, өмір ағыны, даму үрдісі біліми-ғылыми арналарға ба­сымдық беруде. Оқу мен оқыту ісі – ұлттық мұраттың асыл өзегі десек, жаңашыл бағыттар, іргелі ізденістер, инновация мен технологияның қажеттілігі айқын аңға­ры­лады. Байыпты бағдарлама, тәлімді тәжі­рибелер, ортақ мұрат жолындағы жаңа­шылдық пен жауапкершілік те қажет-ақ. Бұған академиялық еркіндікті, жаңартылған бағдарламаны, базалық оқулықтарды, жаңа әдістемелікті қоссақ, іргелі ізденіс, ізгілікті қадамдар кең өріс алады. Бұл адами капитал сапасын арттырып, бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді. Әлемдік үдеріс сипатын сезініп, рухани жаңғыруды қажет етеді.

Әлемнің қарқынды дамуы, жаһандық өзгерістерге сай әрекет-қимыл ету – сананың ашықтығына, зерденің ерекшелігіне байланысты. Ол, негізінен жаңа технологиялар нәтижесінде өзгерістерге сай болу, өзге елдің жетістік-тәжірибесін, тиімділігін пайдалану болып табылады. Ашық зерде, даму үрдісі табыс көзінің асыл арқауы жаһандық әлемге еркін ену, қоғамдағы орнықты айқындауға келіп саяды. Асылы, ел бірлігі мен дамуының қайнар көзі – бәсекеге қабілеттілікті арттырып, руханият арналарын (әдебиет, мәдениет, тарих, тіл, дін, діл, дәстүр т.б) жүйелі дамытып, жаңғырту екені кеңінен қозғалады. Бұл ретте Жазушылар одағы, Ғылым академия­сы, барша зиялы қауым өкілдері бірігіп, бірлесіп ел дамуына, тәуелсіздік идеясына қызмет ету жайы сөз етіледі. Жаңа уақыт, тарихи кезең, әлемдік кеңістік мәні – болашақ бағдары, рухани жаңғыру аясында байыпты баяндалып, талдау жасалады.

Ел дамуының жарқын көрінісі – рухани жаңғырудан танылса, алдағы жылдардағы нақты жобалар қатарында латын әліпбиіне көшіру ісі тұр. Әліпби мәселесінің маңызы, арғы-бергі кезеңдердегі тарихы, нақты кестесі, терең логикасы, стандарттық нұсқасы, оқып-үйрену жайы бүгінгі қажеттілік тұрғысынан жан-жақты баяндалады. Тегінде, қазақ жазуы, әліпби мәні арғы арналардан-ақ ұлт руханиятының алтын арқауына айналғаны анық. Қысқа қайырсақ, Қазақ білімпаздарының алғашқы құрылтайы (Орынбор,1924), Бірінші Дүниежүзілік түркология съезі (Баку,1926), бұдан басқа Қазақстан деңгейіндегі – «Жаңа алфавит қоғамы», алғашқы өлкелік конференциялар, Алаш арыстарының жазу тәртібі, емле жөніндегі қызу айтыс, алуан көзқарас, пікірталастары, сөз жоқ, жазу – адамзаттық құндылық, жаңару мен жаңғыру көрінісі, өркениет белгісі екенін терең танытады. Демек, әліпби – ұлт жаны, руханият өзегі екені ақиқат.

Бұл бағыттарды жүзеге асыру үшін қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы» қолға алынады. Білімнің барлық бағыттары бо­йынша әлемдегі – 100 таңдаулы оқулықтың заманауи үлгілері шет тілдерден аударылады. Осының негізінде Ұлттық аударма бюросы құрылады. Бұл білім саласындағы жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттырып, сананы жаңғыртудың негізгі қағидаттарын айқындайды. Аудармашы мамандарын даярлауға, оқу-әдістемелік құралдар шығаруға, авторлық құқықты нақтылауға мол мүмкіндіктер береді. Бастысы, бұл бағыттар жаңа сапалық деңгейде білім беруге, осы салада жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттырып, жаңашыл мамандар дайындау ісіне кең жол ашады. Болашақ бағдары, сананы жаңғыртудың тиімді жолы мен негізгі қағидаларының бірі осы.

«Туған жер» бағдарламасы ел-жерге, Отанға сүйіспеншілік, патриотизм рухы тұрғысынан сөз етіледі. Оның мәні – «Туған жерге туыңды тік» деген халықтық қағидалармен, өскен өлке, мәңгілік мекенмен тығыз байланыста өріс алады. Ұлттың мәдени-генетикалық коды, патриотизм өзегі, рухани дәстүр мен мәдени туризм негізі, заманауи мәдениет мәйегі әлемдік кеңістікте кең орын алады. Арғы-бергі тарихтағы еңселі ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру, ел әдебиетінің нұсқалары, аңыз-әңгімелер желісі, атақты адамдардың есімі мен еңбегі, бүгінгі таңдағы кәсіпкерлер, шенеуніктер, зиялы қауым өкілдерін қолдау арқылы жас ұрпаққа патриотизм рухын оятуға әсер-ықпал етеді.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында әлемге танылудың алғышарттары бар. Ел дамуының жасампаздық шежіресі, ұлттық мәдениеттің озық үлгі-нұсқалары, тәуелсіздік жылнамасы кең көлемде көрініс табады. Ұлттық болмыс, салт-дәстүрді берік сақтап, бәсекеге қабілеттілікті арттырып, елдік тұтастықты сақтауға, дамуға негіз екені жүйелі сөз болады. Бұл ақиқат, реализм әрі прагматизм мәнін танытады.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, белгілі адамдардың өмірі мен өнегесін, еңбегімен елге танымал замандастарымыздың жүріп өткен жолын қоғамға таныту ісі кең көлемде қозғалады. Негізінен, ел бірлігі мен мұратына, ұлт тәуелсіздігіне білімі мен еңбегін арнаған танымал тұлғаларды құрметтеу – бұл, жаңашыл бастама әрі ел дамуына рухани жаңғыру ісіне мол мүмкіндіктер береді. Бұл тұста, кеше мен келешек хақында байыпты бағалау, саралаулар жасалады. Жаһандық даму үдерістері назарға алынып, ұлттық бірегейлікті берік қолға алып, бар мен жоқты түгендеп, ел бірлігі мен рухты асқақтату жайы қозғалады. Қазіргі кезеңнің даму үрдістері, оның реализмі мен прагматизм құндылығы осы.

Ақиқатында, Елбасы мақаласының соңғы бөлігінде айтылғанындай, «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек... Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс... Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы». Өмір мұраты, даму үрдісінің мәні мен маңызы да осында.

Ендеше, ел бірлігі мен қуатын арттырып, бәсекеге қабілеттілікті күшейтіп, ұлт руханиятының негізі – гуманитарлық бағытқа басымдық беру даму үдерісіне соны серпін, өзгеше сипат, нақты нәтижеге қол жеткізуге мол мүмкіндіктер берері хақ. Өйткені, ұлт руханияты – ел дамуының қайнар көзі, құндылықтар жиынтығы, болашақ бағдарының басты негізі. Рухани жаңғырудың басты бағыты, түпкі мәні, шынайы сыры осы. Ал айрықша атап өтер жайт, Елбасы мақаласы – ұлт дамуының жаңа деңгейін, бәсекеге қабілеттіліктің ішкі-сыртқы мүмкіндіктерін ашты. Ел мұратын, мәдени-рухани арналарын айқындады. Әлемдегі дамыған елдердің қатарынан көрінетін басым бағыттардың барын батыл да ашық айтты. Бастысы, Елдің сөзі айтылды. Көптің ойына қозғау салды. Ұлт мұраты айқындалды. Ел өмірінде, мәдени-рухани арналарда, санада сілкініс бары байқалды. Қоғам дұрыс қабылдады. Алыс-жақынның тілегі тоғысты. Көңілдегі қуаныш та осы.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаланың елдік мәні, қоғамдық-әлеуметтік сипаты, тарихи-мәдени һәм рухани арналары, шынайы шындығы да осында болып табылады.

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор