Қазақстан • 26 Шілде, 2017

Зияткерлік әлеует қалыптастыру маңызды

1608 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жоғары оқу орындарына студенттердің кәсіби құзы­рет­ті­лігін дамытудың ғана емес, жастар­дың ұлттық сана-сезімін, патрио­тизмін, азаматтылығы мен әлеу­меттік жауапкершілігін қалып­тас­ты­рудың әдістерін түбегейлі қайта қарау қажет. 

Зияткерлік әлеует қалыптастыру маңызды

Алғашқы кезекте, бұл – жас­тар­дың тәуелсіздік, жалпыұлттық келісім, ұлттық бірлік, төзімділік сияқты Қазақстан қоғамының басты құндылықтарын саналы ұғынуы. Студенттердің бойында өз елі мен халқына деген мақтаныш сезімін сіңіру, оның мәдени мұраларын сақтауға және қоғамдық келісімді нығайтуға құлшынысын арттыру қажет. Осы орайда, жоғары оқу орындары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егер білім мен дағды ұлттық басымдықтарға, қоғамдық парыз ұғымдарына, әлеуметтік ынтымақтастық пен ұрпақтар сабақтастығына негіз­делмейтін болса, онда ол жасампаз күш бола алмайды», деген сөзін жастарды тәрбиелеу жұмысына басты бағдар етіп қабылдаған болатын.  Қазіргі кезде жоғары мектеп «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асырудың жаңа тетіктерін пысықтай отырып, жас­тар саясатын жүргізу әдістерін белсенді жетілдіріп келеді. Бағ­дар­ламалық мақалада айтылған идеялар, әсіресе, ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға жауап беретін академиялық қоғамға ерекше тән болып келеді.

Студенттерді ұлы бабалары­мыз­дың өнегелі істеріне баулу, қазақ халқының көрнекті тұлға­ларын зерделеу негіз құраушы кезең болып табылады, мұның өзі жастарды өз елі, ұлы тарихы мен оны жасаған тұлғалары үшін мақтаныш сезіміне тәрбиелейді. Сондай-ақ, лайықты мысалдарды тарихтан ғана емес, қазақстандықтардың күнделікті өмірінен де табуға болады. «Туған жер» өңірлік бағдарламасы шеңберінде «Туған өлке – тұнған тарих» жалпы ұранымен елімізге экскурсия мен зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру осыған мысал бола алады.

Материал жинап, тарихи мұ­раны зерттей отырып, жастар тұлға мен халық бірлігінің филосо­фиялық маңызын пайымдай алады, Отанға деген рухани махаббаттың маңызы мен байланысын, ел болашағына деген жауапкершілікті ұғынады. Атап айтқанда, жоғары оқу орындары мұражайлар және архив­термен белсенді ынтымақтаса отырып, өлкетану бойынша ғылы­ми-зерттеу, ағартушылық және әдіс­темелік жұмыстар жүргізуде бас­тамашы бола алады. Әрине, жас­тарға тәрбие беруде педагог­тың алар орны ерекше, біздер оқы­ту­дың дүниетанымдық бағыты­на қол жеткізуіміз керек. Әр тақы­рып адамгершілікке, руха­ни­лыққа, пат­риотизмге тәрбиелеуге және мем­лекеттік мүдделердің басым­дығына негізделуі тиіс.

Жастардың қоғамдық санасын жаңғыртуда киелі орындардың рухани мұрасы туралы түсінігін нығайту ерекше орын алады.  Бұл орайда, жастар белсенді пайдаланатын мобильді қосымшалардың цифрлы мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Әңгіме жалпыұлттық электронды платформаны және географиялық картадан және ескерткіштер сипаттамасынан ғана емес, сондай-ақ, аралау кезінде тасымалдау және орналас­тыру жолдарының нұсқасынан, бейнематериалдардан құралатын еліміздің киелі ескерткіштерінің геоақпараттық жүйесін жасау туралы болуы мүмкін.

Бұл, әсіресе, мемлекетіміздің қазіргі даму кезеңінде ерекше маңызға ие. Таяу жылдары Қа­зақ­стан үшін жаңа цифрлы индустрияға және ІТ-технологияларға негіз­делетін салаларды дамытуға бас­ты назар аударылатын жаңа техно­логиялық платформаға көшу мін­деті тұр. Жүргізіліп отырған жаң­ғыртудың табыстылығы көп жағдайда жастардың кәсіби біліктілігі мен жеке дағдыларына байланысты. Қазіргі таңда жас мамандар үшін іргелі білімдер мен кәсіби қызметтегі икемділіктер жеткіліксіз. Құзыреттер пәнаралық салаларға және халықаралық ма­ңызға ие болуы тиіс. Ұжымдаса және топтаса жұмыс істейтін кез кел­ді. Қазіргі жағдайда барлық үдеріс­тер барынша белгісіздік сипат алып, жоғары тәуекел дәреже­сімен сипатталады. Дайын шешімді табу мүмкін емес, өйткені ондай ше­шімнің өзі жоқ. Сондықтан жас­тарды болашақтың категориясы­мен ойлауға, стандартты емес ше­шімдер қабылдауға және ол үшін жауап беруге үйрету маңызды. Біздің түлектер білім культі бүкіл өмір бойына маңызды сипат алатын жаңа білімдер негізінде дамуы қажет.

Елді дамыту бойынша маңыз­ды міндеттердің шешімі жаһандық әлемде бәсекеге қабілетті жасампаз тұлғаларға байланысты. Сондықтан жоғары оқу орындары студенттерге өзін-өзі дамытуға және белсенді әрекеттерге, тиімді және аса тиімді әрі стандарты емес шешімдерді іздеуге ұмтылу сияқты негізгі құндылықтарды сіңіруі тиіс. Ең бастысы, бұл жас мамандар өзгере білуді және туындаған өзгерістерге бейімделуді ұғына білуі қажет.  

Әр ғалым мен педагог үшін бәсекеге қабілетті ел, оның одан әрі дамуы «Мәңгілік ел» идеясының шеңберінде жастарға жаһандық және кәсіби адамгершілік-рухани дамуы арқылы ғана мүмкін екендігі аксиома болуы шарт. Бұл еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға алып баратын дара жол!

Жамбыл ӘЙМЕНОВ,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші проректоры

ШЫМКЕНТ