Қазақстан • 26 Шілде, 2017

Жаһандану заманындағы геосаяси шешім

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзін­ің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында заман талабын нақ­ты көрсетіп берді. Ол мақаласында өз халқын қоғамдық көз­қарасты жаң­ғыртуға шақырады. Менің­ше, мұн­дай құжат халықтың бірлігі мен тұрақ­ты­лығының нығаюына себеп болады.

Жаһандану заманындағы геосаяси шешім

Мақалада көрсетілген мәселелер қазіргі таңда Қазақстан бастан өткеріп жатқан оқиғалармен үндеседі. Оны Қазақстан өз тәуелсіздігін жа­рия­­лағаннан бергі экономикалық және саяси жаңғырудың негізгі құрамы ретінде санасақ артық болмайды. Мақалада Қазақстан халқының бір­неше жылғы даму бағыты көрсетілген. Өйт­кені елге қатысты түсінік пен пікірдің жаңа тәсілін қалыптастыруға қатысты мәселелер ұзақ­қа созылады. Мақалада айтылғандарға сүйен­сек, Қазақстан өзінің өткенін, қазіргісін және бо­ла­шағын байланыстыруға мүмкіндігі бар деп то­лық сеніммен айта аламыз.

Қоғам санасын жаңғыртудың негізгі эле­мент­­тері мен әр қазақ­стан­дық­тың бәсеке­лестікке қа­білеттілік пен прагматизм секілді негіздері ұлт­тық болмыс, мәдениет, білім салаларын қам­тып, Қазақстанның дамыған ел­дер қатарына қо­сылып, халықтың ба­қытты болуының факторы ретінде са­налады. Үш бағыт та зияткерлік нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ететіндей сапалы өнім шығаруға та­рих ғалымдарының назар аударуын ба­са айтады. Мұндай тарихи еңбек­тер ғылымның деңгейін көтеріп, қо­ғам­­дық түсініктің жаңғыруын қам­та­ма­сыз етеді.

Алдағы жылдарға қойылған бас­ты мәселенің бірі латын әліп­биі­не көшу – Қазақстанның жасап жат­қан заңды әрі объективті қада­мы. Бірін­шіден, бұл түркі әлемімен рухани бай­ланыстың қайта орнауына жәрдемдеседі. Екін­шіден, латын қарпіне көшу артықшылығы мол екені сөзсіз. Латынға ауысу арқылы мем­­лекеттің әлеммен байланысы ны­ғайып, өзге ел­дерге есігін айқа­ра ашады. Үшіншіден, зама­науи тех­но­логия­лық құралдар мен ғылыми орта ар­қылы халықтың жетістігін насихаттап, ұлттық болмыс пен мәдени кодын сақтап қа­луға мүмкіндік бар. Бұл – жаһандану мен компьютерлік ғасырда дамудың жоғары сатысына шығуға жағдай жасайтын уақтылы геосаяси шешім.

Жалпы алғанда, қоғамдық сананы жетілдіру әр ел үшін кез келген сәтте маңызға ие. Адамдар өздерін, өз қаласын және елін дамытуы керек. Мемлекет деңгейін көтеруде адамдар маңызды рөл атқарады. Әлбетте, ең басты ресурс адам екені анық. Ендеше, Қазақстан басшысының қоғам санасын жаңғыртуға шақыруы елдің дамуының басты көзі, мемлекет халқы үшін маңызы орасан зор.

Давид КАПАРИНИ,
Италия Республикасы Парламент палатасының депутаты