26 Шілде, 2017

Кешенді зерттеулер нәтижесі ел игілігіне қызмет етеді

243 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тереңіне бойлаған сайын жан дүниеңді байыта түсетін ғылыммен айналысу табиғи дарынмен қоса жаңалыққа құштарлықты, қажырлы қайратты қажет ететіні айқын.

Кешенді зерттеулер нәтижесі ел игілігіне қызмет етеді

Сыр өңіріндегі білім мен ғылымның қарашаңырағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары ұзақ жылдардан бері Қызылорда облысы экономикасының құрылыс және мұнай салаларында қуат және ресурс үнемдеуші технологияларды зерттеумен жүйелі айналысып келеді. Жасалған технологиялар өндірістер тарапынан сұранысқа ие болуда. Өйткені, энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалану проблемасы күн өткен сайын бүкіл әлемде өзекті бола түсуде, ал оны шешу көптеген мемлекеттер үшін стратегиялық міндетке айналуда. Табиғи энергия ресурстарына бағаның өсе түсуі, қоршаған ортаны қорғау, зиянды заттар мен жылыжай газдарының атмосфераға тастандыларын азайту, қуат үнемдеу мен қуат тиімділігі мәселелерін шешу кешенді шаралар қабылдау қажеттігін талап етіп отыр.

Статистикаға сүйенсек, қуаттың әлемдік тұтыну мөлшерінің 45 пайызға жуығы және материалдар шығынының 40 пайызға жуығы құрылыстың үлесіне тиесілі. Құрылыс материалдарын өндіруге орасан зор қуат мөлшері пайдаланылады. Небәрі бір өнім түрінің жалпы қуат сыйымдылығы кейде қоршаған ортаны ластауға, табиғи ресурстардың сарқылуы мен топырақтың жұтаңдануына әсер ететін бірқатар үдерістерді қамтиды. Өнімді жылумен өңдеудің нақ өзіне отынның үлкен көлемі жұмсалады және құрылыс көлемі арта түскен жағдайда шығындар да ұлғая түседі. Тіпті ең қарапайым есептеулер бойынша 1 текше метр темір-бетонның қатаюын тездету мақсатында термоөңдеуге 37 текше метр газ қажет етіледі. Қазақстан Республикасында 2 млн текше метр­ден астам көлемдегі құрастырмалы бұйымдарды өндіру үшін жыл сайын 70 млн текше метр артық газ жұмсауға тура келуде. Сондықтан құрылыс бұйымдарын жылумен өңдеудің жаңа технологиясын ұсыну бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда. Жоғарыда айтылғандай кәдімгі бетон, арболит, полистиролбетон, көбікбетон өндірісінде күн қуатын пайдалану арқылы жылумен өңдеудің инновациялық технологиясы ұсынылды.

Техника ғылымдарының докторы, профессор Қ.Бисенов бастаған университет ғалымдары кең көлемді зерттеулер жүргізіп, күн энергиясын өз бетінше немесе онымен бірге ішінара дәстүрлі қуат көздерін пайдалану арқылы түрлі бетон бұйымдарының тиімді қатаюын қамтамасыз ететін технологияның кең мүмкіндіктерін дәлелдеді.

Осы кезге дейін қатты қалдықтар проблемасы әлемде толық көлемде шешілмей келеді, оларды кәдеге жарату ХХІ ғасырдың күн тәртібінде әлі тұр. Мұнай қалдықтарының ең кең таралған түрлерінің бірі – түрлі технологиялық үлескілерінің ақаба суларын мұнай өнімдерінен тазалау кезінде шығатын мұнай шламдары. Олар мұнайды қайта өңдегенде де пайда болады. Университет ғалымдары бұл проблеманы мұнай шламы шағыл құм үйлесімінде сазды жыныстарды қайта өңдеу негізінде жылу оқшаулағыш түйіршікті кеуек материалдар алу арқылы шешу мүмкіндігін дәлелдеді. Қалыптау, кептіру және күйдіру сатыларында энергетикалық шығындарды азайтудың жоғары сенімділікті жаңа нәтижелері алынды.       

Жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесінде асфальт-қарамай-парафин шөгінділері негізінде отын брикеттерін шығару технологияларын, асфальт-қарамай-парафин шөгінділері негізінде асфальт-бетондардың жаңа технологияларын жасау арқылы мұнай қалдықтарын кәдеге жарату проблемасын шешу мүм­кіндігі дәлелденді. Сонымен қатар, университет ғалымдары мұнай қалдықтарын және күріш қауызын пайдаланып, асфальтты бетон, отын брикеттерін және жылу оқшаулағыш құрылыс материалдарының жаңа түрлерін жасаудың тиімді технологияларын әзірледі.

Бүгінгі күні күрішті өңдеу барысында сан миллиондаған тонна қауыз шығады. Кәдеге жаратылған күріш қауызы үлкен пайда әкеле алады. Ал оның әлеуеті әзірге өнеркәсіпте аз пайдаланылып келеді. Ғалымдардың зерттеулері композициялық материал – күріш қауызы негізінде қабырғалық материал – арболит алу мүмкіндігін дәлелдеді. Ауыл шаруашылығының қалдықтарын зауыттық өндіріс есебінен кәдеге жарату тәсілі тек құрылыс индустриясы мәселелерін ғана емес, экология және қоршаған ортаны қорғау проблемаларын да шешудің нақты бағыттары айқындалды.

Мұнаймен ластану өз ауқымы бо­йынша да, зияндылығы бойынша да жалпы табиғатқа ерекше қауіп төндіретіні белгілі. Сондықтан да топырақ беттерін мұнаймен ластанудан тазарту проблемасын шешу, мұнаймен ластанған жерлерді қалпына келтірудің жаңа технологияларын жасап, бұрынғыларын жетілдіру әдістері ғылым мен техниканың басым бағыттарының қатарына жатады. Университет қабырғасында жасалған жаңа биопрепараттарды пайдалану арқылы топырақты тазарту технологиялары жоғары тиімділігін көрсетті.  

Осынау кешенді зерттеулер мен қуат және ресурс үнемдеуші инновациялық технологияларды практикалық қолданудың нәтижелері 530-дан астам ғылыми мақалаларда, олардың ішінде 23-і халықаралық рецензияланатын басылымдарда (Scopus, Thomson Reuters, Agris) жарияланып, 61 авторлық куәліктер және патенттермен қорғалып, өндіріске ұсынымдар әзірленіп, сонымен бірге көптеген монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдары шығарылған. 

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары техника ғылымдарының докторы, профессор Қ.А.Бисенов, ғылым докторлары Л.Б.Аруова, С.Ж.Ибадуллаева, С.С.Үдербаев, ғылым кандидаттары Р.А.Нарманова, Н.Т.Даужанов, ғылыми қызметкер Г.Е.Дямуршаева үстіміздегі жылы «Құрылыс және мұнай салаларында қуат және ресурс үнемдеуші технологияларды әзірлеу және енгізу» атты ғылыми жұмысын ғылым және техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығын алуға ұсынды.

Бұл кешенді зерттеулердің маңыз­ды­лығын ескере отырып, аталған ғылы­ми жұмысты ғылым және техника сала­сындағы әл-Фараби атындағы Мемле­кеттік сыйлығын алуға лайық деп есеп­теймін.

Дүйсен САХИ,
техника ғылымдарының докторы, профессор, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті