Кино • 26 Шілде, 2017

Тұлға тегеуріні

402 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бұл жа­ғы­­нан Камал аға киностудияны басқарған жылдар өте нәтижелі болғаны туралы жоғарыда құлақ­қағыс еттік. Фильмдердің біразын атасақ, өзі де белгілі болады: «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Ата­мекен», «Мәншүк туралы ән», «Артымызда Москва», «Тақиялы періште», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек», «Шоқ пен Шер», т.б.

Тұлға тегеуріні

Мәскеуде ВГИК-тің (Бү­кіл­­­одақ­тық мемлекеттік кине­матография институтының)  бі­рін­ші курсында оқып жүрміз. Инс­титутқа дейін «Қазақфильмнің» та­бал­дырығын аттап үлгерген Сатыбалды Нарымбетов, Са­пар Сүлейменов пен Ізтөле Ізма­ғанбетова, өзіміздің Ораз Рым­жанов жоғарырақ курстарда оқи­ды. 1969 жылдың қазан айы.  Жатақханаға қазақстандық студенттермен жолығуға «Қазақ­фильм» киностудиясының дирек­торы Камал аға Смайылов пен көр­кем­дік же­текшісі Шәкен аға Ай­манов ке­леді деген хабар зу ете қалды. Абыр-сабыр дайындалып, төменгі қабаттағы сабақ бөлмесіне дастарқан ұйымдастыруға кірісіп кеттік. Кімдікі екені есімде жоқ, домбыра дайындап қойдық (Шәкен аға сұрап қалса деп). Ол кезде институттың барлық курстарын қосқанда Қазақстаннан жиырмадан астам студент оқитынбыз. Осынша қауым болып қазақ киносының тағдыр-тізгінін қолына ұстаған екі ағамызды ыстық ықыласпен қарсы алдық. Камал аға кешіміздің тізгінін бірден қолға алды да, еш­бір ресми  сарынсыз жаймашуақ әң­гімеге айналдырды. Қазақ кино­сының ахуалы, жаңалықтары ту­ра­­лы, студенттердің тезірек бі­тір­­­­­ген­­дерін қа­лайтындықтарын жа­­­сырмай айтты. Үлкен бөлме­нің есігі жабылмайтын, басқа рес­­пуб­ли­кадан оқитын достарымыз,       ку­р­с­­тас­тарымыз  қызғанышпен сы­ға­­лап, қарап кетіп жатқандарын кө­­ріп отырдық. Әрине, Шәкен аға­мыздың әйгілі «Жиырма бесі» де шырқалды, қысқасы, бір тамаша, көрікті мәжіліс өзімізді мей­лін­ше бақытты сезіндік! Керек­тігіңді білдіріп, әр студенттің аты-­­жө­нін сұ­рап, алып жатқан ма­ман­дығының қаншалықты қажет­тілігіне тоқталған әңгіме болса, қай­тіп қуанбасқа, мақтанышқа бө­лен­беске?! Екі заңғар ағамның бір­ге болып, қатар жүргендерін көр­генімнің алғашқысы да, соңғысы да осы еді! Бірақ сол бір кеш екеуі­нің бір-біріне қаншалықты ұқ­сас екендігін, қазақ киноөнеріне жан­дарының қаншалықты ашитынын ме­нің санама өшпестей сіңіріп кет­ті.

Камал ағамыздың асыл міне­зі мен адами қасиеттері кейінгі кез­­­­де­­су­лерде ай­шықтала түсті. Ара­­­лас­қан кісілер оның қолында (қол­­тығында) бір бума газет жү­ре­тінін біледі. Олар «свежий» га­зет­тер. Сонда жылт еткен жаңа­лық бола қалса, аға оны қағып алып жұмысына пайдалана қоя­тын. Көптеген фильмдердің тақы­рыптары да сондай сәттерде туын­дайтын. Көп қырлы қаламгерлігі мен ағылта сөйлейтін шешендігі қо­самжар. Біз 1971 жылы киноинс­титутын бітіріп келгендер (оған де­йіңгілер мен кейінгілер де) Ка­мал ағаны өзіміздің ұстазымыз деп есептейміз. Себебі Бүкіл­одақтық кинематография инс­титутының табалдырығынан қа­зақ балалары сүрінбей өту үшін Ка­мал Сейітжанұлы 1966 жылы «Қа­зақфильм» киностудиясы жаны­нан арнайы дайындық курсын ұйым­дастырды. Оның негізгі мақсаты – қазақ  үміткерлерінің киноөнері туралы түсініктері мен ұғымдарын мәскеулік, ленинградтық аби­туриенттер дәрежесімен теңес­ті­ру болды. Осы мақсатты жүзеге асырушылар етіп Камал аға белгілі өнер тарихшысы Лев Варшавский мен айтып отырған институттың тү­легі, кинодраматург Виталий Стар­ковты тағайындады. Бір жыл­­­­­дан кейін олардың қатарына БМКИ-ді (ВГИК-ті) жаңа бітіріп кел­­­ген кинодраматург Лаврентий Сон қосылды. Бұл дайындық курсы сырт­көздер үшін «сценарийлер дайын­дайтын шеберхана» деп атал­­ды, өйткені дайындық курсы де­ген құрылым құру мүмкін емес-ті.

Осы жерде айта кететін бір жай, сол жылы (1966 ж) аталмыш инс­­титуттың мультипликация ре­жис­сурасын 43 жасында бітіріп «Қа­зақ­фильмге» Әмен Қайдаров ке­леді. Камал аға көптен күткен су­рет­ші-режиссерді құшақ жая қар­сы алады, бірақ  өндіріске оның ал­ғашқы «Қарлығаштың құйрығы не­ге айыр?» фильмін құрастырмалы түсірілімдердің жаңа түрлерін игеру ізденістері деп жібереді. Неге олай?! Кеңестік жоспарлық жүйеде ауытқу деген болмайтын. Міне, киноөнерінің болашағын терең түсінген Камал аға осы екі ма­ңызды істі «астыртын» жол­дар­мен бастаған болатын! Қар­жы­лық ереженің бұзылғаны 1967 жы­лы қазақтың алғашқы мульт­фильмі «Қарлығаштың құй­рығы не­ге айыр?» деген фильм шық­қан­да ғана белгілі болды. Өнер қуа­­нышы ревизордың дабылын ес­тіртпеді! Биыл қазақ өнеріндегі бұл елеулі оқиғаға 50 жыл! Экранға шыға сала қанаты қатаймаған «Қарлығаш...» әлем экрандарына ұя салуға ұшты. Өмірін қазақ ани­мациясына бағыштаған Әмен аға­мыз­дың атын әлемге танытты, қа­­­­зақ ба­ла­ларының Атасы етті. Ле­­нинград қаласында өткен Бүкіл­одақтық кинофестивальдың екінші жүлдесін, Нью-Йорк халықаралық фес­тивалінің «Қола Праксиноскоп» де­ген жүлдесін жеңіп қайтты. Фильм АСИФА (Әлем ани­ма­тор­лары қауымдастығы) ше­ші­мімен әлемнің «Үздік фильмдер» тізіміне енгізілді. 92 жастан асып дүние салған Әмен Қайдар ақсақал – өзінің еңбегін емес, Камал ағаның кинодағы осы ерлігін әрқашан ұмытпаңдар деп өсиет айтып кет­кен еді.

Камал Смайылов «Қазақ­фильм­ге» жетекшілік еткен жыл­дар­ды «қазақ киносының алтын дә­уі­­рі» деуге болады. Біріншіден, «Қазақ­фильмнің» басшылық коман­дасы үш алып адамнан тұрды: олар – ка­питанның өзі, жоғарыда атап өтіл­ген көркемдік жетекші Шә­кен Кенжетайұлы Айманов жә­не кино­студияның бас редакторы Олжас  Омарұлы Сүлейменов! Кино­өндірістің бас штабы деп есептелетін сценарлық редакциялық кол­легияда Асқар Сүлейменов, Ілияс Есен­берлин, Әнуар Әлімжанов, Әкім Та­рази, Сайын Мұратбеков, Қа­ли­­хан Ысқақов, Тельман Жан­ұза­қов, Аман­тай Са­таев сияқты жа­зу­­­шы­лар, Оль­га Бондаренко, Ла­в­­рен­­тий Сон сияқты білікті кино­дра­матургтер қызмет етті. Бұл жыл­дары қазақ киноөнерінің негізгі кон­цеп­туалды ұлттық дәстүрлері мен бағыттары қалыптасты,  қазақ кино­өнерінің түрлерінің негізін қа­лаушы режиссерлер еңбек ет­ті: көркемсуретті фильмдердің аталары – Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Шәріп Бейсембаев, деректі фильмдердің аталары – Ораз Әбішев, Геннадий Новожилов, Эмир Файк, т.б. және қазақ анимациясының негізін қалаушы Әмен Қайдар.  Ал енді кино­студияның көркемдік ке­ңесі дегеніңіз халқымыздың ке­мең­герлерінің кеңесі сияқты бо­ла­тын, оның төрінде Ғабит Мүсі­репов, Әлкей Марғұлан сияқты ұлы­лар отыратын. Осының бәрін ұйым­дастырушы да, үйлестіруші де, бағыт-бағдарларын жасап, алға қарай ілгерілетуші де Камал ағамыз болатын.

1970 жылы Камал аға тағы бір ға­жап ойын іске асырды.

Алдымен Бүкілодақтық кинема­тография институтының (ВГИК-тің) рек­торы Грошев Александр Ни­ко­лаевичтің алдынан өтіп, кейін сол кез­дегі КСРО Кинематография жө­ніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Романов Алексей Вла­димировичпен келісіп, Бүкілодақтық кине­матография институтында арнайы қазақстандықтарға арналған киноактерлер даярлайтын курстың ашылуына себепкер болды. Қазақтың 12 қыз-жігіті оқып бітірген ол курсты атақты Чапаев рөлін орындаған Андрей Андреевич Бабочкин басқарды. Бұл мәселе туралы Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа айтады. Сөйтсе Димекең ағамыз Романовпен жақын дос екен, ол кісі бірден телефон шалып, Алексей Владимировичтен осы мәселені шешуге мүмкіндіктің бар-жоғын сұрайды. Мәселе келісіледі, тек «Камал Смайылов маған кіріп шықсын» – дейді мәскеулік кино­басшы. Кейінірек Димекең Камал Сейт­жанұлының өтінішімен Рома­новпен тағы сөйлеседі, бұл жо­лы әңгіме «Атаманның ақыры» фильмі­нің екі сериялық нұсқасын қабылдау туралы болған екен. Бұл күндер қазақ киносының басына қара бұлт төніп келе жатқан күндер еді ғой. Фильм жақсы бағамен қабылданады... бірақ, бірнеше күннен кейін Шәкен ағамызды Мәскеу қаласында машина қағып, қазақ киносының «атаманы» мерт болды... 

1971 жылдың тамыз айын­да алты жігіт: Бауыржан Нөгер­бек, Ораз Рымжанов, Серік Рай­баев, Болат Омаров, Максим Сма­ғұ­лов және мен Бүкілодақтық кине­матография институтының дипломын «көтеріп» «Қазақфильм» киностудиясына сау ете қалдық. Максим Смағұловтан басқа бе­сеу­міз алдында суретші, кино­ре­жиссер, қазақ анимациялық кино­сының атасы Әмен Әбжанұлы Қайдардың бізбен жүргізген наси­хат жұмыстарының арқасында муль­ти­пликациялық бірлестік тө­ңі­регінде топтастық. Максимнің Камал ағамен достықтары ерек­шелеу еді, оған, тіпті, өндірістің орта­сынан «ойып» бір бөлме беріп киностудияның ішінде тұ­руға рұқсат етті (мәжбүр болды де­ген орынды шығар). Біздер шы­дамдылау болдық па, әлде әдеп сақтадық па, Камал ағаның тұрғын жай мәселесі бойынша мазасын ресми түрде ғана алатын болып, пәтер жалдап жұмысқа кі­рі­сіп кеттік. Камал аға – мені муль­ти­пликация бірлестігіне ди­ректор, Бауыржанды редактор етіп Әмен ағаға көмекке жіберді. Се­рік, Болат, Ораз киностудияның түсі­ру топтарын жағалап өндіріске араласып кетті. Кадрлар тапшы кезде біздің топтың келуінің елеулі оқиға болғанын Камал аға ылғи да мақалалары мен баяндамаларында атап айтып жүрді.

Негізгі киностудияның жұ­мы­сы, әрине, киноөндірісі. Бұл жа­ғы­­­­нан Камал аға киностудияны бас­қарған жылдар өте нәтижелі болғаны туралы жоғарыда құлақ­қағыс еттік. Фильмдердің біразын атасақ, өзі де белгілі болады: «Қыз Жі­­бек», «Атаманның ақыры», «Ата­­мекен», «Мәншүк туралы ән», «Ар­ты­мызда Москва», «Тақиялы пе­рі­ште», «Қараш-Қараш оқиға­сы», «Көксерек», «Шоқ пен Шер», т.б.

Біз «Қазақфильмде» еңбек ете бас­­та­ғанда Камал ағаны пар­тия­ның Орталық Комитетіне бө­лім мең­ге­рушісінің орынбасары қыз­метіне ауыстырды. Көп ұзамай, 1973 жылы Қазақ КСР мемлекеттік кинематография комитетіне төраға болып Камал ағамыз киноға қайта келді. Сол кезде әскерден оралған мені бірден Мемлекеттік комитет аппаратына бөлім жетекшісі етіп ауыс­тырды (болашақта киностудия бас­шылығына жіберу мақсаты бар екен). Бұл жердегі қызмет те өте қы­зықты болды. Коллегия мү­шесі – комитеттің Бас редакторы Қал­тай аға Мұхамеджановпен, бел­гілі сыншы Сайлаубек Жұма­бек­пен, белгілі журналист, бүгінгі Мә­жі­ліс депутаты Сауытбек Аб­драхмановпен қызметте жүр­дік. Бұл кезде Қазақстан Кине­мато­графистер одағының бірінші хат­шысы, комитеттің коллегия мү­шесі – Әкім аға Әшімов (Тара­зи). Шынында, «Қазақфильм» кино­студиясының мәселелерінің мем­лекеттік  (республикалық) дең­гейіндегілері осы жерде шешіліп оты­рды десем қателеспеспін. Камал аға­ның тұлғалық қасиеттерінің тамаша бір тұғыры – ол кісінің шексіз оптимистігінде болатын. Қал­тай мен Әкім ағалардың дра­матургиялық шеберліктері мен Камал ағамен достық қарым-қаты­настары қазақ киносын көтеруге бары­н­ша жұмылдырылғандығының куә­герлері әрі сол мәдени май­дан­ның сарбаздары болдық.

Ол кезде легионер дейтін сөз қол­да­ныста жоқ еді ғой, бірақ қа­зақ кино толқынын үдетуге шақы­­рыл­ғандар ішінде Андрей Михалков-Кон­чаловский («Мәншүктің әні» фильмі сценарийінің авторы), Болат Мансұров («Құлагер») болды, тіпті қырғыз бауырларымыздың өздеріне де сүйенген күндер есте ғой: Толомуш Өкеев («Көксерек»), Болот Шамшиев («Қараш-қараш оқиғасы»). Сценарлық редакциялық коллегияға да белгілі жазушылар тартылды: Олжас ағамыз Жазу­шылар одағына, Әкім ағамыз Кинематографистер одағына  кет­кенде Әбіш Кекілбаев, кейінірек Төлен Әбдіков шақырылды. «Қа­зақ­­фильм» киностудиясының бас­­шылығын жаңарту мәселелері де оқтын-оқтын күн тәртібіне қо­йы­­лып отырды, Камал аға өзі ди­рек­торлықтан кеткенде Төлеу­хан Кенжебаев, кейін Ғабдолла Қа­се­нов, Әзірбайжан Мәмбетов сту­дияны басқарды. Сондай бір леп кезінде мені де Ғабдолла Қа­сеновке бірінші орынбасар етіп тағайындады. Бұл 1974 жыл бо­ла­тын, жасым 26-ға жаңа тол­ған! Бұл да Камал ағаның бір тәуе­келшілдігінің көрінісі. «Фа­ми­лияң Тә­уе­кел ғой, тәуекел! Ба­расың!» деп бұйрыққа қол қойды. Сол күн­нен бастап «Қазақфильм» сту­дия­сының басшылығында 17 жыл іс­теппін.

Камал ағаның қызметі ауысып тұрды. Бірақ киноөнермен байла­нысын үзбеді. Үкімет аппара­тының мәдениет бөлімінде, телера­диокоми­тет төрағалығында, пар­тия­ның Орталық Комитетінің мә­де­­ниет бөлімінің меңгерушісі бол­­ғанда да. Бір ғажабы, Камал аға  қан­дай жоғары лауазымда жүрсе де, қандай кабинетте отырса да кіші­пейілділігінен, кісі­ге жұғыс­тығынан жаңылған емес. Ол кісіге орынтақта шіреніп отырып алып шешім қабылдау жат болатын. Қашанда қызметтестерімен ақыл­дасып, мәселені көп талқысына са­лып шешетін. Әрқашан қара­мағындағыларға көмектесудің жо­лын іздейтін. Бір айтқан өтінішің ол кісінің әрқашан ойында жүретіні таңыр­қататын. Кездесіп қалсаң, сенің сол мәселеңнен бастайтын!

Камал Смайылов Димаш аға Қонаевтың өнерге деген ерекше қамқорлығының арқасында ойына алған мақсаттарына қол жеткізіп отырды деуге болады. Оқуды біті­ріп келетін жас мамандар үшін от­басылық жатақхана, мамандар тұратын бірнеше көпқабатты үйлер салдырды. «Қазақфильм» шағын ауданындағы Ш.Айманов атындағы студияның орнын да Д.Қонаев, Ш.Айманов, Ю.Бреус (кино­студияның бас инженері)  төртеуі таңдапты.  Димекең Сма­йыловқа: – Камал, сен білесің бе, Абай­дан (көше) жоғары 5 қа­баттан артық ғимарат көтеруге бол­майды. Өзің қадағалап отыр, Ал­матыда жер сілкінісі болуы мүмкін ғой, сақ болыңдар. Осы ау­данды киноға берейік,– деген екен кезінде... Міне, бүгінгі «Қа­зақфильм» (Шәкен Айманов атын­дағы деп атын алып берген де Ка­мал аға) киностудиясының  көз тұн­дыратын ғимараттарының жо­­ба­ларын жасатып, бекіткен де осы ағамыз! Жоғарыда аты атал­­ған Юрий Васильевич Бреус­пен бірге НИКФИ-дің (Мәс­кеу­дегі киностудиялар мен ки­но­­технологияларды дамыту ғы­лы­ми-зерттеу институты) де та­балдырығын тоздырған. Ке­йінгі жылдары маған Камал аға осы Юрий Бреуске бір атақ алып бе­ре алмадым, оның қазақ киноөндірісі алдындағы еңбегі толыққанды бағаланбады дейтін. Міне, бұл да Камал  ағаның адам­гер­ші­лі­гі мен жақсылықты ұмыт­пай­тын­дығының тамаша бел­гісі. Рас! Юрий Васильевич Бреус­тің есімі «Қазақфильм» киностудиясының тарихында ерекше орын алғаны дұрыс.

Камал ағаның тағы да бір ер­лігі: Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 40 жылдығы қар­са­ңында (1984-1985 жж), Қазақ КСР Телевизия мен радиохабарлар та­ра­ту жөніндегі мемлекеттік ко­ми­­тет­тің төрағасы болып жүр­ген­де, бәрімізді жұмылдырып, қазақ­­стандықтардың соғыс май­да­нындағы және тылдағы ең­бек ерліктері туралы 40 се­рия­лы деректі телефильм жа­сауды ұйымдастырғандығы. «Қа­зақ­фильм» мен «Қазақтелефильм» студияларының 20 режиссері жұ­мыл­дырылып осындай қомақты жұмысқа атсалысты.

Өмірінің ақырғы жылдары кино мен те­левизия салаларындағы кадр­лар жетіспеушілігін өз басынан ке­ші­рген Камал аға Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ Ұлттық өнер ака­демиясында шеберхана ашып, жас­тарға рахаттанып дәріс берді. Бұл мамандықтар бойынша кезінде тек Одақ деңгейінде ғана білім бе­рілетін.

Бүгін ортамызда болса 85-ке келген мерейтой иесі болатын Ка­мал аға жөні де, жолы да бөлек көп қырлы қаламгер, бір сырлы қай­рат­кер еді ғой. Біз егжей-тег­жейін біле бермейтін жалпы жур­налистика саласының, әсіресе пуб­лицистика бағытында жазған ең­бектері қанша! Қазақстан Жур­налистер одағының төрағасы бо­ла жүре Тәуелсіз Қазақстанның төр­тінші билік саласына қосқан үлесі мен оның даму жолдары ту­ралы тұжырымдары қыруар мұра. Елімізде осы ағаларымыз  сынды перзенттер көп туғай деп тілейміз!

Сламбек ТӘУЕКЕЛ,
кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері