Әдебиет • 26 Шілде, 2017

«Мені де ұмытпаңдар...»

764 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

ақын Еркеш Ибраһим туралы сыр-толғау

«Мені де ұмытпаңдар...»

Есімі республикамызға ке­ңінен танымал ақын Ер­кеш Ибра­һим табиғаттың ар­сы-гүр­сі мінезіне тартқан өлең­де­рін дауылға балаушы еді. Қызыға жазатын, қызба мі­нез­бен жырды нөсерлете төгетін. Ақын жүрегі әлденеге алаң-ды. Қынадай қырып салған кез­ді біледі. Қырсыққан саясат ке­са­патын астарлап болса да шы­ғармасына арқау етсе, айы­зы қанар еді. Бірақ  сол ке­зеңнің сая­сат қылышы ойын жарқыратып ашық айтса, қиып түсетінінен сескенеді. Өйт­кені аштық апатын поэ­ма етіп жазған дарынды ақын Жақан Сыздықовтың аяқ бас­қаны аңдуда екенінен хабар­дар. «Ақын айтпағанда шын­дықты мөлдіретіп кім ай­та­ды. Жер бетіне бомба жарылды. Тір­шілік бір тү­йір тарының қауы­зына тығылып тарылды. Аш­­тық, індет, соғыс талайды жалмады. Талай тектінің та­мыры үзілді, шаңырағы ор­та­сына құлады. Оның себеп, сал­дарын біз айтпасақ, та­рих шындығы шаң-тозаңға кө­мі­ліп, жа­тып қалмақ па? Мен бә­рін де көзіммен көрдім, қан ке­шудің ортасында жас­тығымды қалдырдым»  – деп ақынның кең жүрегінде ойлар қылаңдаса да, екінің біріне сырын ашып айтпайтын еді.

Еркеш ақынмен ет жақын, інісіндей бауыр басып жүрген кез­де алдымыздағы биік шың­дарға өлеңнің ақ отауын тігіп сам­ғаған ағаларымыздың қа­да­мына сүйсініп, еліктеп өстік. Бізге олардың әрбір сөзі, ақыл-ке­ңесі, кейде еркелеткені, кө­тер­мелеп айтқаны аса қым­бат, талмас қанат еді. Шы­ғар­­машылықтың алтын бал­да­ғын ұстаған үлкен тұлға деп сезінетін едік.

Еркеш кейде біреуге рен­жісе «Інім, боссың ба, шаруа­шылықтарға кет­тік» деуші еді. Сондай жолсапарлардың бі­рін­де: «Балалығым ауыр өт­ті...Ақыл жеңгең екеуіміз қа­тар өстік. Жоқшылық, ішіп асқа, киіп киімге жа­ры­­мадық. Оқулық тапшы....Шү­­бе­рек сөмке. Ашқұрсаққа сол сөмке де ауыр. Бірақ, бар­­лығының тілегі соғысты же­ңіспен аяқтап, тұрмыстың жақсаруына үмітті. «Жоқ­тық көрген жетелі» деген сол шығар. Сенімінің түп-­тамырын шірітпеген әке­леріміз бен аналарымыз о дүниелік болса да бізді ұмытпаңыздар дегендей, үн шалынады құлаққа» деген ойлары жетім жүректің сеңін қозғайтын. Үйленгеніне бір ай толмай майданға кеткен ағамыздың зайыбы біреу түннің бейуағында есік қақса, жары келіп қалғандай есікке жүгіріп, бейтаныс біреу болса көз жасын төгіп жылайтын оқиғасын айтқанымда Еркеш осы шындық дерекке байланысты айналасы екі-үш күнде «Бір келіншек» деген поэма жазып, республикалық басылымдарда жариялағанда соғыста жақынын жоғалтқандардың, жесірлердің қайғы-мұңын қозғап дүр сілкіндіріп еді.

Бірде Еркеш: «Мұзды мұ­хитты жарған атом кемесін­дей прозаның қатып қалған қағидасын бұзып, өзгеше қырымен, ерекше екпінмен келе жатқан талантты жазушы Әкім Таразидың «Құй­рық­ты жұлдыз» деген кітабын оқы, көп нәрсе үйренесің, шығармада батылдық, алғыр­лық бар» деп Әкімнің жаңа кітабын сыйлады. Көк­ше­таудағы редакцияда Жомарт, Маман, Төлеген, екі Сәкен сықылды жастар қызмет істе­дік. Бәрімізді Еркеш туған ініс­індей жақсы көретін. Сәл қиындық көрсек, Еркеш пен Естайдың және Өміржан мен Тұрсынбайдың жүрегінің жылуына марқайып қалатын едік. Ұстаздың жылылығы, оның мөлдір шуағы ата-ананың жұмсақ жүрегінен кем болмайтын еді. Еркештің:

– Менің үзеңгілес іні за­ман­­­­дастарым Қадыр, Тұман­бай, Сағи, Жұмекен және бас­қалары ұмытылар ма, бәрінің де қалың оқырманы бар. Біз­дің қазақтың жазушылық, ақындық шеберлігі әлемдік деңгейде. Оны дүниежүзі таниды әлі» де­гені жадымызда.

Кейін уақыт алға озып, әр­кім өзінің басын күйттеп кеткен тұста Еркеш Қарағандыға ауыс­­ты. Арада біраз жылдар өт­ті. Бір­де сол қалаға ағайым Мұ­са Жуасовтың ауырып, ем­де­ліп жатқан кезінде жол түсті. Аға­дан денсаулығын сұрап отырғанда:

– Еркеш екеуіміз бір пала­тада жатып едік, марқұм жаны қиналып «Ақыл, Ақыл, Ақыл» деумен көз жұмды, – деп еске алды. «Ақыл қаршадайынан сүйіп қосылған жары», дедім. Адам дүниеден өтерде ең сү­йік­тісін көз алдына елес­тетеді екен ғой.

«Мені де ұмытпаңдар!?» де­гендей әсерде қалғанымды ақын Қайрат Жұмағалиевке айт­қанымда:

–Еркеш ұмытылатын ақын емес қой, қа­­зақ әде­­бие­ті­­­­мен бір­­­ге жа­­­сайды. Өт­кен­ ға­­­сыр­­дың ал­пысыншы­ жыл­да­рында «Гүлдер» ансам­блі­нің шығармашылық бағ­дар­ламасының жобасын жазуды тапсырды. Өнер ұлттық тарихымызды қамтысын деген оймен өткен нәубет жылдардан ащы шындықты іздеп, Ер­кеш­тің «Нан» деген поэмасы­нан аштық туралы үзінді алдым. Бұл «тапқырлығым» тал­қы­лау кезінде «үлкен үйде­гі­­лер­­ге» ұнамады. Егер сол кез­­­де Мә­де­ниет министрінің па­­ра­сатты сөзі болмағанда ком­му­нистік тегеурін тел­пе­гім­­ді те­ріс қарататын түрі бар еді. Сонда осынау сұрапыл кез­ді елемей,­ Еркештің аштық ту­ралы­ батыл жазғаны маған үл­­кен­ ерлік болып көрінді», – деген-ді.

Иә, толарсақтан қан кешкен кезеңді толғау ердің ері­нің, егеудің сынығының қо­лы­­нан келгенін бүгінгі қа­зақ әдебиетінің көрнекті тұлға­лары, Еркештің замандастары ілтипатпен еске алып айтары анық.

Осы күнгі атақ-даңқ, бақ­­­та­­­лас­­тықтың сы­псыңын ес­ті­­генде өз басым Еркеш сын­ды ақын­ның даңқын екі дү­ние­де де кір шалмайтынын тү­сініп, оның аруағы «Мені де ұмытпаң­дар?» деп мұңая үн қат­қандай сезінемін. Бұл – бір жағынан, Қазақстан Жазу­шылар одағына, туған жері – көрікті Көкше еліне аманат. Ең болмаса, күнпарақ ар­қылы ақын-жазушылардың өмір­дерегін ұрпаққа жеткізіп отыр­са дейміз-ау. Мысалға, ба­уырлас Башқұртстанда әрбір жылдың күнпарағында ақын, жазушыларының өмірдерегін беріп, мектептеріндегі мұрағат мүйістеріне кітаптарын қойып, оны оқушыларға талдатып, жастардың санасына сіңіреді екен. Біз неге өйтпейміз, өлген­дер даңқты болып кетеді деп қызғанамыз ба?

«1932 жылы Жезқазғанда халық­тан тартып алған малдың еті жөнелтілмей, бір жыл бойы далада өртеніп жатты. Ал ха­лық­тың аштан қырылғанына сая­сатшылардың басы ауыр­ған жоқ. Сонда ажал тап­қан­дар­дың аянышты үні құ­ла­ғым­да күңгірлейтіндей. Бұл – халықтың шемен-шері, Ер­кеш­­тің «Нан» поэмасының зары. Сондай зұлмат нәубетін ұрпаққа енді кездестірмесін», – деп толғаған.

Еркін Томпиев Балқашта әкесінің есіміне көше атауын беруге бұрынғы Одаққа танымал металлург Алтынбек Дәрібаев ерекше ықпал еткенін айтады. Ал сол Алтынбек туралы Еркеш Ибраһимнің «Аңыз аға» туындысы да біздің толқынның сүйіп оқитын шығармасы болған еді. Иә, Еркеш шығармаларының мәні, маңызы жойылмайтыны да өмір шындығын өрнектеп қалдыра білуінде және еңбек адам­дарының тағдырын өлең­мен өріп, тірілердің жүрегінде өшпестей сәуле тастауында еді. Өмір­ден өткеніне отыз жыл өт­се де небір мерейто­йы атап өтілмей, небір көше бұ­йыр­май рухы қапаланған қазақ­тың айкөл ақынының өлең-дастандарындағы Адам­дық, Ерлік, Ізгілік, Махаббат ұлылық бастауындай. Оны қалай ұмыта аламыз?!

Табыл ҚҰЛИЯС,
жазушы