Қазақстан • 26 Шілде, 2017

Өрмекшінің торына түскендер

576 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бақытын іздеп жүр-ау қанша жандар, Сарылып, күтіп жүріп шаршағандар. Ғаламтор бақытым деп табатындар,

Өрмекшінің торына түскендер

Бақытын әлі іздеп таппағандар – дегендей, өмірін ғаламторсыз елестете алмайтын жандар жайлы сөз қозғамақ ниеттемін.Әрине, соның ішінде мен де бармын! Сонымен, ғаламтор… Ескі мен жаңаның, өткен мен болашақтың, қатыгездік пен мейірімнің, бар мен жоқтың мидай араласқан ортасы. Тұтасқан әлем. Өрмекшінің торы дерсіз. Енді шынайы сүйіспеншіліктің орнын, жылтыры мол виртуалды махаббат, шынайы аралас-құралас достықтың орнын виртуалды сыйластық басып келеді. Тек көгілдір сағымды ғаламторлардың ішінде сан мен цифрлардың, әлдебір атаулар мен өзіңе үш қайнаса сорпасы қосылмайтын есімдердің көптігі жағдайды қиындатады. Ғаламтордың арқасында қасындағы дос-жараның, құрбы-құрдастарыңмен араласпауыңыз ықтимал. Дегенмен, әлемнің екінші бір шетіндегі мүлдем танымайтын адамыңызды танысыңыздан да жақын ете аласыз. Қысқасы, алысты жақындататын, жақынды алыстататын керемет дүние. Сіз өмірде мүлдем қарапайым пенде болып, ал ғаламторда кешегі Сократтардың соңғы тұяғы секілді пәлсапаның түр-түрін соғып отыра аласыз. Ал жалғыздық пен күйзеліске түскенде ше?! Сізге арнайы психолог маманға барып, уақытыңызды тәрк етудің мүлдем қажеті шамалы. Жай ғана ғаламторда отырып, танымайтын адамға бар мұңың мен шеріңді жайып салып бір серпіліп қалуыңа әбден болады.Тек болу мен бордай тозудың арасында шыж-быж болып дүдәмал күй кешпесеңіз болғаны.

Бұл күнде интернетті пайдаланушылар саны бүкіл әлем бойынша 3, 5 млрд адамнан асыпты. Бұл көрсеткіш әйгілі «Ер Төстік» ертегісіндегідей күн санап емес, минут сайын, секунд сайын, тіптен миллисекунд сайын өсуде. 2000-2015 жылдар аралығында олардың үлесі 6,5 пайыздан 43 пайызға өскен. Ал сол ғаламтордың алдында күн-түніне қарамай, мелшиіп отыруымыздың қаншалықты зияны немесе пайдасы бар екен?

Меніңше, пайдасына қарағанда зия­ны айтарлықтай көп секілді.Мәселен, мамандардың айтуынша, қоғамдық желі­ге құмар жандар күнінің көп бөлігін ком­пьютердің алдында отырып өткізеді. Сол себепті олар артық салмақ жинағандарын да байқамай қалады екен. Тағы бір қызық жайт, компьютер мен ғаламторға әуес жандардың банкротқа ұшырап, бар жиғандарынан айырылу мүмкіндіктері жоғары екен. Сондай-ақ, неге екені белгісіз, компьютер алдында бар уақытын өткізетіндердің несиелері бойынша қарыздары және басқа да ақшалай қиындықтары көбірек. Сонымен, ғалымдар ғаламтормен тым әуестену артық салмақ жинау мен кедейлікке алып келеді дейді.

Бүгінгі күйім жұтап тұр менің,

Білімнің кесіп бұтақ-бүрлерін.

«Инемен құдық қазған» күн қайда?

Интернет қазды-ау кітаптың көрін! – деп Қалқаман ағамыз айтпақшы, кітап оқитын жастардың қарасы азайды. Мәліметтің өтірік-шындығына көз жеткізбей жатып, жастар жағы бар көрер қызық, кешер қуанышым, оқитын кітабым, бар бақытым – ғаламторым деп тапты. Яғни, өскелең ұрпақтың ойлау қабілетін тежеп тастады. Бұрындары жастар қолдарына тиын түсе қалса, өздері ұнататын көркем шығармаларды сатып алуға ұмтылатын. Сосын жақсы шығармаларды қолдан-қолға өткізіп оқитын. Ал қазір керісінше, жастар ақшасын телефон бірліктерін сатып алуға, интернет қызметтерін төлеуге жұмсайды. Осының соңы рухани жұтаңдыққа әкеліп соқтыратыны сөзсіз.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, ғалым­дардың әлеуметтік желі туралы зерт­теу­лерінде, «Инстаграм» желісі депрессияға ұшырататын желі деп аталған. «ВКонтакте», мамандардың пікірінше, суицидке апаратын желі болып шыққан. Мүмкін, оның еліміздегі жасөспірімдер арасында суицидтің белең алып тұрғанына да ықпалы бар шығар. Бұған дәлел ретінде жақында ғана ғаламторды дүр сілкіндірген «синий кит», «тихий дом» ойындары жайлы айтса да жеткілікті.

Қысқасы, компьютер мен ғаламторды қандай ой-талғамда қалай пайдалану, әр азаматтың өз білім деңгейіне, еркіне, адамдық арына, кісілік ұстанымына байланысты. Егер пайдаланушы компьютер мен ғаламтордың жетегіне орынсыз ерік берсе, қажетін алып, қабілетін өсіре алмай, мағынасыз қысыр кеңес, бұралқы ойдың бұйдалауымен өз өмірін өзі ойыншық етіп азып-тозатын, саналы ғұмырын, алтын уақытын құр сандалыспен қор етіп өткізетін, денсаулығынан айырылып айықпас дертке душар болады. Ал дұрыс мақсатта пайдалана білсе, компьютер мен ғаламтор – адам өмірін әрлендіріп, кісілік құнын жоғарылатып, ғылым төріне жетелейтін ғаламат құрал. Сондықтан мен өзімді ғаламторды орнымен пайдалануға дағдыландырып жүрмін.

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті