Қазақстан • 26 Шілде, 2017

Әуе билетінің құны неге қымбат?

465 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әуе тасымалы іске қосылғалы айшылық алыс жерге қатынау жеңілдегені белгілі. Әсіресе, Қазақстан секілді жер көлемі өте үлкен ел үшін мұндай тасымал халықтың өзара байланысын одан әрі бек нығайта түсетіні анық. Қазіргі таңда елімізде жолаушы тасымалымен айналысатын 10-нан астам авиакомпания бар. Былтыр еліміздің әуе компаниялары 6 миллионға жуық жолаушы тасымалдаған екен. Жылдан жылға бұл салада ілгерілеушілік анық байқалады. Алайда, қарапайым халықтың көңілі бір нәрсеге толмайды. Билет құны...

Әуе билетінің құны неге қымбат?

Бала кезімізде көкте самғаған ұшақ көрсек «самолет, самолет, мені  өзіңмен ала кет» деп қуана жүгіруші едік ғой. Сол кезде аспанға ұшу арман болатын. Өкінішке қарай, көп адамның балалық шақтағы осындай тәтті арманы орындалмай қалатын сыңайлы. Өйткені, ұшақ билетінің құны аспандап тұр. Сөзімізді көп созбай, деректерді сөйлетейік. Осы мақала жазылып жатқан қарсаңда Астана – Алматы рейсінің бір бағыттағы ең арзан әуе билетінің құны 28 573 теңгені құрады (21.07.2017). Ал елордадан Алматыға жылдам жеткіңіз келсе, 32 565 теңге санап беруіңіз керек. Астанадан Қазақстанның қиыр шеті Ақтауға 24 шілдеде сапарға шығу үшін кемінде 80 мың теңге қаражат керек. Еліміздің оңтүстік нүктесі Шымкентке дейін – 31 мың, ал шығыстағы Өскеменге дейін 33 мың теңге кетеді.

Ертерек қамданғандар ұшақтың билетін арзанға сатып алуға мүмкіндігі мол. Ол үшін кемінде 2 ай бұрын билет сатып алу керек. Бұл халықтың алдын ала жоспар жасауына жәрдемдеседі дейтіндер табылар. Алайда, қазақтың өлім-жітімі мен той-томалағы жоспарға қарай қоюы неғайбыл. Жалпы, әуе билетінің құны әрдайым құбылып тұрады. Сондықтан, ұшақпен қатынау үшін билет бағасын мұқият қадағалап отыру қажет.

Халықаралық саяхат агенттігі Kiwi.com әлемдегі ең көп әуе тасымалы бар 80 елдің билет құнына сараптама жасапты. Аталған дерекке сүйенсек, Малайзия ұшу ақысы ең арзан елге жатады екен. Малайзиялықтар әр 100 шақырымға 4,18 АҚШ долларын шығындайтын көрінеді. Сондай-ақ, арзан елдер қатарына Болгария, Үндістан секілді мемлекеттер кіреді. Қазақстан аталған тізімнің 16-шы сатысына жайғасыпты. Әр 100 шақырым үшін қазақстандықтар 7,96 доллар (2500 теңге шамасында) жұмсайды екен. Kiwi-дің рейтингіне сенсек, Қазақстандағы әуе билетінің құны АҚШ, Ұлыбритания секілді елдерден төмен. Мәселен, америкалықтар сондай қашықтыққа 11,50 доллар шығындайды. Бір қарағанда еліміздегі әуе билетінің құны арзан секілді әсер етеді. Алайда, жалақы факторын ескерсек, мәселе түбегейлі өзгереді. Америка мен Қа­зақ­стандағы орташа жалақы мөл­шерін салыстыруға келмейтіні анық. Мысалы, АҚШ Еңбек ста­тистикасы бюросының мәлі­метіне сүйенсек, олардың орташа жалақы мөлшері 3500 доллар ша­масында екен. Елімізде бұл көрсеткіш 150 мың теңгеге жуық. Яғни, қазақстандықтар орташа жалақысына 6 мың шақырым ұша алады, ал америкалықтардың орташа жалақысы 30 мың шақырым ұшуға жеткілікті.

Айтақшы, көптеген шетелде «лоукостер» деп аталатын билет құны арзан әуе компаниялары қызмет көрсетеді. Оларда ас ұсыну, ауыр жүк арту деген секілді қызметтер ақылы. Әйтсе де, қол сөмкесін арқалап, сапарға шығып қайтуға таптырмайды. Әуе қатынасы халықаралық ассоциациясының (IATA) мәліметтері бойынша, 2015 жылы әлемде 3,6 миллиард адам ұшақ тасымалына жүгінген. Соның 1 миллиардқа жуығы осы «лоукостерлерді» таңдаған екен. Америкалық Southwest «лоукостері»  әлемдегі ең табысты 10 әуе компаниясының құрамына кіреді. Ryanair, easyJet секілді компаниялар Еуропа әуе нарығының 41 пайызын иемденген. Тіпті, көрші Қырғызстанда да «Эйр Манас» деп аталатын арзан бағалы «лоукостер» қызмет көрсетеді. Айыр қалпақты ағайынның бұл әуе компаниясында ұшақ саны әзірге 3-еу ғана. Соған қарамастан, «Эйр Манас» өткен жылы шамамен 300 мыңға жуық жолаушы тасымалдап үлгеріпті. Билет құны да қалтаға салмақ түсірмейді. Мәселен, Бішкек пен Ош қалалары арасында ұшу ақысы – 7000-8000 теңге көлемінде. Ал Қырғыз елінің орталығынан Мәскеуге дейінгі билет құны 100 доллар шамасында. Аталған уақытта Астана – Мәскеу бағытына 200 долларға жуық қаржы кетеді екен. Бішкектің Астанаға қарағанда Мәскеуден алыс екені белгілі. Біздегі әуе билетінің құны жоғары болуын жанармайдың қымбаттығымен байланыстыратындар бар. Алайда, шетелдік лоукостерлер де сол жанармайды жұмсайтыны айтпаса да белгілі. Ендеше, біздің елдегі әуе компанияларының билеттері неліктен «Эйр Манастан» қымбат болуы түсініксіз.

Пойызбен не автокөлікпен Қазақстанның бір жағынан екінші шетіне жетуге бірнеше күн кетеді. Осындайда «айшылық алыс жерлерге» жедел жеткізетін ұшақтың «тоғызыншы территория» үшін маңызы орасан. Бірақ, ұшақ билетінің бағасы аспандап тұр.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан