Қазақстан • 26 Шілде, 2017

Жігіт болсаң шоқ бол, шоқ болмасаң...

2504 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Иә, қоғамға оптимистік көзқараспен қарау керек десек те, өткен ғасырдағы Жер шары тұрғындарымен салыстырғанда бүгінгі адам баласының денсаулығында ақаудың анағұрлым көп екені белгілі. Осыдан отыз жыл бұрын атын естімеген аурулар қазір әлемге кең тарағаны да шындық. Денсаулық дегенде ішер су, жұтар ауаның сапасыздығын, яғни қоршаған ортаны айтамыз. Бәріне экология кінәлі сияқты. Бірақ айналадағы құбылыстарға адамның да әсері бар екені сөзсіз.

Жігіт болсаң шоқ бол, шоқ болмасаң...

Шетел ғалымдары ер адам­дар­дың биологиялық тұрғыда сапасы төмендеп кеткенін айтып, дабыл қаға бастады. Биолог­тардың айтуынша, қазіргі адамзат қо­ғамындағы азғындық генети­калық сипатқа ие болуда. Нақ­тырақ айтсақ, дү­ние жүзі бойынша еркектердің Y-хромо­сомасы сапа тұрғысынан нашар­лап, нәтижесінде әйелдік қасиет­тер басымдыққа ие болуда. Еркек бойындағы әйелге тән Х-хро­мо­сомасы қалпында қалып, еркек­ке тән Y-хромосомасы жұтаң­да­нып кеткен. Бұл өзгеріс жекеле­ген халықтарға емес, жалпы адамзатқа ортақ көрінеді. Бұрын­ғы заманда Х-хромосома 3000-4000, ал Y-хромосома 1500 генді қамтыған. Қазір Х-хромосомада 1098 ген болса, У-хромосомада бар болғаны 78 ген бар.

Қазір әлем бойынша ер­кек­тердің 40 пайызы белсіздікке ұшырағандар. Ерлердің био­ло­гиялық тұрғыдан құлдырауы адамзат қоғамында қыздардың көптеп дүниеге келіп, қыз қы­лықты ұлдар санының артуына әкеп соғуда. Қоғамда үйле­нуге дәрменсіз ер адамдардың көбеюіне де осындай биоло­гиялық үрдіс себеп болса керек. Ғалымдар әлемдегі 3000 еркектің 1-еуі өзін жігіт деп сезінбейтін, әйел тәрізді екенін анықтаған. Жалпы, дүние жүзі бойынша ерлердің Y-хромосомасы бұзылып, қасиеті кеміген соң ұлдардан гөрі қыздар көбірек тууда. Ғалымдар ер балалардың дүниеге келу көрсеткіші төмендей берсе, жер бетінде еркек жыныстылар қалмауы мүмкін деп дабыл қағуда. Болашақта жер бетінде тек әйелдер мекендейтін матриархат қоғамы орнайды деген қауіптің бары да рас.

Қазіргі таңда кейбір азғындаған еркектердің жас қыздарды былай қойып, кішкентай бүлдіршіндерге зорлық-зомбылық жасауы да олардың азаматтық қадір-қасиетін жоғалтып, күйеу болу, әке атану тәрізді міндеттерді атқара алмай­тын­дығын дәлелдейді. Әрине, әйел­дер­дің де биологиялық тұрғыдан сапа төмендігі байқалады. Бірақ әйелдің Х-хромосомасының кемуі ерекектерге қарағанда 6-7 есе баяу жүзеге асуда.

Әлемнің ерлер бөлігі азғындаса, адамзат дамуы қалай болады деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақтың жауабын ғалымдар әлі тапқан жоқ. Жер бетінде көп балалы отбасылардың азаюы (бұрын орташа отбасында 7-10 бала болса, қазір 2-3-тен аспайды), үйленуді жөн көрмейтін еркектердің көбеюі адамзат үшін аса қауіпті жағдай. Бүгінде бойдақтардың саны дамушы елдерде ғана емес, АҚШ пен Еуропада да бұрынғыдан еселеп көбейген. Сондай-ақ, әйел сияқты дене күтіміне көп көңіл бөлетін, сыланып-сипануды ұнататын жігіттер саны артып барады.

Ерлер неліктен құлдырады деген сұрақтың бір жауабы ретінде зерттеушілер мынандай тұжырым келтіреді. Нағыз ерге тән қасиет – Отан қорғау, елін, жерін сақтау мақсатында аянбай күресу, көбірек күш жұмсауды қажет ететін іспен шұғылдану. Ал қазіргі заманда әскери өнерде басымдық техникаға беріліп, ер азаматтардың жұмысы жеңілдеген. Олардың «нәзіктенуінің» бір себебі де осында болса керек.

Ресей ғалымы Олег Лоран қа­зіргі заманда көптеген еркек­тер­дің әйелдік қасиеттерге ие болғаны сонша, сыртта тіршілік істеу­ден гөрі үйде ас ішіп, теледидар көріп дегендей, көбірек демал­ғанды жақсы көретінін және олар­дың қимылы ғана емес, бет әлпетінде әйелге тән нәзіктік пайда болғанын айтады. Ал әлемдегі ең атақты ғалымдардың бірі саналатын Оксфорд университетінің генетика профессоры Браян Сайкс өзінің кітабында енді 125 мың жыл өткенде жер бетінде еркек атаулы қалмайды деп болжапты. Ғалым еркектерді «сақтап қалудың» бірнеше жолын ұсынады.

Сайкс гендік инженерия көме­гімен Y-хромосомасын ұлғайту керек деп есептейді. Әлемдегі ер­кек­тердің 7 пайызы ғана ұрпақ қалдыруға қабілетті екенін айтқан британиялық ғалым уақыт өте келе бұл көрсеткіш тек 1 пайыз ғана болады дейді. Дженни Грейвс деген Австралия ғалымы да еркектердің жер бетінен түр ретінде жойылу қауіп барын айтады. Еркектік хромосоманың біртіндеп жойылуы тек адамдарда ғана емес, хайуандар мен өсімдіктердің аталығынан да байқалуда. Осының салдарынан соңғы ғасырда жер бетінде талай аң жойылып, көптеген сирек өсімдіктер түп-тамырымен құрып кетті.

Бүгінде жер шарында еркектер тапшы саналатын елдердің қатары да көбейіп барады. Мы­салы, Бразилияда ауыл шаруашы­лығымен кілең әйелдер айналысатын коммуналар бар. Африкада еркектер мүлдем жетпейтін тайпалар тіршілік етеді. Тынық мұхитының Солтүстік Мариан аралдарын жалғызбасты әйелдер мекендейді екен. ТМД елдерінде де ерлер санының азаю үрдісі байқалады. БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, әлем бойынша 184 мемлекеттің 108-де әйелдердің саны ерлерге қарағанда анағұрлым көп.

Қазақ халқы ер баланы ел мен жер қорғаны, отбасына, жарына адал, қамқор әке болуға тәрбиеледі ғой. Ал қазір жалпы адамзатқа ортақ деградациялық құбылыстар қазақ қоғамына да зиянын тигізуде. Зерттеушілер азғындаған еркектердің бойында ұлтжандылық, рухани қасиеттер қалмайтынын айтады. Ал некесіз бірге тұру үрдісі (азаматтық неке) барлық діндерде тыйым салынған азғындық екені белгілі. Азғындық қай халықта болсын, ежелгі заманнан қоғамның, ұлттың жауы саналған. Бұрынғы заманда заңды әйел алғанға дейін қыз-қырқын аңдыған жігіттерді славяндар итке теңеген деседі. Ерлердің биологиялық сапасының құлдырауына адамдық қасиеттен айрылып, азғындық жолға түсу фактілері де себеп болса керек.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА