Футбол • 26 Шілде, 2017

"Астана" алғашқы ойында "Легиядан" басым түсті

215 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде "Астана" өз алаңында Польшаның "Легия" командасын қабылдап, 3:1 есебімен басым түсті.

"Астана" алғашқы ойында "Легиядан" басым түсті

Алаң иелері ә дегеннен-ақ ойын тізгінін өз қолына алды. Бастапқы он минутта поляктарды орта тұстан ұзата қоймады. Ал 5-минутта Патрик Твумасидің есеп ашатын мүмкіндігі болып еді. Бірақ оның оң қапталдан бағыттаған добы не соққы екені, не әріптестеріне жіберген пасы екені түсініксіз болып қалды.

Бұл кездесу жарақатсыз аяқталмай қоймады. Кездесудің 16-минутында кезекті допқа талас кезінде Джордже Деспотович жарақат алып қалып, алаңнан кетуіне мәжбүр болды. Оның орнына Роман Мұртазаев шықты.

"Астананың" бастапқы 25 минутта бір емес екі гол соғатын мүмкіндігі болды. Дмитрий Шомко бастаған шабуыл да голмен аяқталуы тиіс еді. Алайда, соңғы сәтте Ласло Кляйнxайслердің бағыттаған соққысы тым биік кетті.

Ал "Легия" алғашқы таймның ортасына таман шабуылдарын жиілетті. Небәрі екі минуттың ішінде Мокин қақпасының алдында екі қауіпті сәт ұйымдастырды. Алдымен, 29-минутта Доминик Наги Игорь Шитовтан айласын асырып барып допты қақпа маңайына жібергенде, шабуылды аяқтайтын ешкім болмай қалды. Артынша, әуелей келген айып добына да "Легия" ойыншылары бірінші жетіп, дәл соққы бағыттаған. Бірақ Александр Мокиннің жанкештілігінің арқасында гол соғылмады.

Футболдағы "сен соқпасаң саған соғадының" кері келіп, "Астана" сегіз минутта "Легияға" екі гол дарытып үлгерді. 37-минутта айып алаңындағы тартысты сәтте конголық шабуылшы Жуниор Кабананга жақын бұрышты дәл көздеп, алғашқы голды салды. Ал бірінші таймның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Серікжан Мужиковтың пасынан кейін Иван Маевский шамамен 20 метр қашықтықтан тура соққы бағыттап, басымдықты арттыра түсті.

Кездесудің екінші 45 минутын польшалықтар жаңа қарқынмен бастады. Бас бапкері Яцек Магерадан жаңа нұсқаулар алғаны көрініп тұрды. Төршінің ысқырығы естілісімен бірден алға ұмтылып, екі голдың есесін қайтаруға тырысып бақты. Ал абдырап қалған "Астана" фктболшылары жанкүйерлерінің қолдауы арқасында естерін жиып, ойынды ақырындап өз қолына ала бастады. Патрик Твумаси, Жуниор Кабананга жойқын соққыларын жиілетті. 55-минутта бұрыштама добынан кейін үшінші гол да соғылған еді, бірақ соңғы сәтте Кабананга ойыннан тыс қалған екен. 

Жерлестеріміз мұнымен де тоқтамады. 58-минутта Твумаси асқан жылдамдықпен қарсы шабуылға шыққан еді. Бірақ соңғы сәтте конголық әріптесіне допты дәл жеткізе алмады. Араға он минут салып, "Легияны" үшінші мәрте қапы қалдыратын мүмкіндік туып еді, бұл жолы да сәттілік жолдас болмады. Бұл ойында әділетсіздік те орын алып жатты. Алғы шепте өнер көрсеткен екі шабуылшымызды қақпа маңында түрлі тәсілмен құлатып жатса да арбитр үнсіз қалып жатты. Төрешінің осындай шешіміне наразы болған xалық бірге "пенальти" деп он бір метрлік айып добын белгілеуді талап етіп тұрды.

Матчтың соңғы он бес минутында "Астананың" қарқыны басылып қалып еді. Осыны ұтымды пайдаланған варшавалықтар 79-минутында Армандо Садикудың арқасында есеп айырмасын қысқартып кетті. Ал қалған уақытта Станимир Стойлов осы есепті сақтауды жөн көріп, шабуыл шебінде жүрген Роман Мұртазаевтың орнына Евгений Постниковты шығарды. Дегенмен, кездесудің аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Патрик Твумаси үшінші голды салып, Варшавадағы ойынның алдында басымдықты арттырды.

Аян ӘБДУӘЛИ,
"Егемен Қазақстан"