Футбол • 26 Шілде, 2017

Стойлов: Мүмкіндіктеріміздің жартысын ғана пайдалана алдық

148 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

"Астана" футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Польшаның "Легия" командасына қарсы ойыннан кейін өз ойымен бөлісті.

Стойлов: Мүмкіндіктеріміздің жартысын ғана пайдалана алдық

Жақсы ойын көрсеттік, жоспарымызды жүзеге асыра білдік. Бірақ бұл матчта мүмкіндіктеріміздің тек 50 пайызын ғана пайдаландық. Екінші ойын сырт алаңда оңай болмасы белгілі. Бұл матчта да осы қалпымызда ойнауға тырысамыз. «Легияның» таланатты ойыншылары бар екені белгілі болды.

Стадиондағы жанкүйерлердің қолдауы жеңіске қаншалықты әсер етті деп ойлайсыз?

Бізді қолдаған жандарға алғысымыз шексіз. Өз алаңымызда он екінші ойыншымыздың қолдауы жеңіске үлкен әсерін тигізді.

Төрешінің кейбір шешімдеріне наразы емессіз бе?

Мен төрешіні сынағанды ұнатпаймын. Өз басым Кабананганы бетінен ұрып құлатқан сәтті ғана анық көре алдым. Ал қалғанын байқап үлгермедім.

«Спартакқа» қарсы екінші ойыннан кейін «Астана» босаңсып қалғандай болды. Ал бұл матчта басқа команданы көргендей болдық.

Жігіттеріміз жинақы ойнап, қарсы шабуылға уақытында шығып тұрды. Бірақ қақпамызға гол жіберіп алғанымыз бізге қиындау болып тұр. Екінші ойын оңай болмасы анық.

Деспотович жарақат алып қалды. Оның жағдайын қаншалықты бағалайсыз?

Деспотовичтің жағдайы қиындау сияқты. Оның қатардан шығып қалғаны маңызды сәтте қиын болғаны анық.

Варшавада қандай ойын күтеміз? Команда қорғанысқа көбірек көңіл бөле ме, әлде..?

Варшавада бізді нағыз сын сәті күтіп тұр. Біз осы матчтағы деңгейде ойнау үшін барымызды саламыз. Осы күнге дейін нақты қорғанысқа жатып алған емеспін.

Варшавада неден қауіптенесіз?

Ең бірінші өз командамнан қауіптенемін. Бәрі бүгінгідей өтсе нұр үстіне нұр болар еді.

Роман Мұртазаев пен Евгений Постниковты алмастыруыңыздың басты себебі неде?

Мұртазаев талантты әрі жас ойыншы. Алғашқы таймда жақсы ойнағанмен, екінші таймда шабуылға дер кезінде ілесе алмағанын байқадым. Сондай-ақ, қорғанысымыз да аздап сыр бере бастағандай болды. Сол үшін Постниковты шығаруды жөн көрдім. Бірақ бұл тек қорғанысқа жатып алуды көздегенім емес еді. Әлі де болсын мүмкіндіктеріміз болатынын білдім. Байқасаңыздар үшінші гол соғылғаннан кейін де ойыншыларым қарымта шабуылға шығып жатты.

«Астананың» осыған дейінгі Еуропада ойнаған қарсыластарынан «Легияны» кімнің деңгейіне сай деп ойлайсыз?

«Селтикпен» бір деңгейде деп ойлаймын.

Осындай маңызды кезде Деспотович жарақат алып қалды. Ал «Тобылға» Жалмұқан мен Лулакуды жалға бергендеріңізге өкінбейсіз бе?

Трансферлік терезе 10 шілдеде жабылады. Осыған дейін Томасов қосылып үлгереді деп ойлайдық. Сонымен қатар, шабуылда ойнайтын тағы бір ойыншы аламыз деп жоспарладық. Бірақ соңғы сәтте бұл ойымыз да жүзеге аспады.

Мокин, Твумаси, Кабананга жақсы өнер көрсетті. Кімді үздік деп ойлайсыз?

Үздік «Астана» командасы!

Аян ӘБДУӘЛИ,
"Егемен Қазақстан"