Қазақстан • 27 Шілде, 2017

Ұлттық брендті анықтау өтінімдерінің ешқайсысы елең еткізе алмады

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның ұлттық брендін анықтау конкурсына түскен өтінімдердің бірде-бірі зор қызығушылық тудыра алмады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті. 

Ұлттық брендті анықтау өтінімдерінің ешқайсысы елең еткізе алмады

(Сурет tengrinews.kz сайтынан алынды)

«Иә, шынымен де бізде Қазақстанның ұлттық брендін анықтау бойынша конкурс өткізу туралы тапсырма болған еді. Өздеріңізде жақсы білесіздер, 960 өтінім түсті. Азаматтар тарабынан қызығушылық өте үлкен болды. Бірақ бірде-бір өтінім сараптама топтың, эксперттік комиссияның жіті назарын аударта алған жоқ. Яғин, бірде-бір конкурстық өтінім зор қызығушылық тудырмады. Меніңше, бұл жұмысты Сыртқы істер министрлігімен, мемлекеттік органдармен, ҚР Президенті әкімшілігімен бірлесіп, осы жылдың күзінде жалғастыратын боламыз», - деді Дәурен Абаев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық брендін анықтау жөніндегі Байқауға қатысушылар мыналарды ұсынуы тиіс:

1. Логотип - әлемдік аренада Қазақстанның танымалдығын арттыру үшін қолданатын графикалық белгі (эмблема/символ). Онда стильденген әріптер және/немесе сөз түрінде сәйкестендірген брендтің атауы  көрініс табуы қажет. Логотип jpeg, png, giff форматтарда, 1000x1000 px көлемінде ұсынылуы тиіс.

2. Ұран - туристік және инвестициялық тартымдылықты арттыра отырып, қазақстандық брендке деген сенімділігін күшейту арқылы мақсатты аудиторияның назарын тартуға арналған жарнамалық коммуникацияның барлық түрінде қолданылатын хабарламаны сипаттайтын имидждік девиз болып табылады. Ұран оңай оқылатын, жинақы, қызығушылық туғызатын болуы тиіс және мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылуы керек.

3. Қазақстан Республикасы Ұлттық брендінің тұжырымдамасын еркін форматта мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындап, ұсынуға болады.