Аймақтар • 27 Шілде, 2017

Өскеменнің көшелеріне алаш қайраткерлерінің қанатты сөздері ілінді

605 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Өскеменім, қашан сенен қазақы от көремін» деп жырлап еді дүниеден жарық жұлдыздай жарқ етіп ағып өткен ақын, режиссер Рүстем Есдәулетов. Өскемен өнерінің тасын өрге домалатуға өлшеусіз үлес қосқан дарынды жастың арманы енді орындала бастаған секілді.

Өскеменнің көшелеріне алаш қайраткерлерінің қанатты сөздері ілінді

Жақында өндірісті шаһардың көрнекті жерлеріне алаштың ардақтылары, ұлт ұстаздары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтың көшелі сөздерінің ілінуі сөзімізге дәлел.

Саналы ғұмырын милләтінің мүддесіне арнаған тұлғалардың «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», «Жұрт әділ болмай, жұрт ісі оңға баспайды» (Әлихан Бөкейхан), «Балам дейтін жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын», «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» (Ахмет Байтұрсынұлы) деген секілді салиқалы сөздері қала көшелерінің ажарын ашып, көркін кіргізе түскендей.

Өскемен қалалық Ішкі саясат бөлімінің қызметкері Әлібек Тұрсымбетов кескекті дәуірдің кесек қайраткерлерінің қанатты сөздері «Алаш» партиясының 100 жылдығы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында шаһардың Қазақстан, М.Горький көшелері және Қ.Сәтпаев, Тәуелсіздік, Абай, Жеңіс даңғылдары бойындағы 19 билбордқа орналастырылғанын айтады.

«Алдағы уақытта қала көшелеріне Шәкәрім Құдайбердіұлы, Райымжан Мәрсеков, Мәннан Тұрғанбаев, Биахмет Сәрсенов сынды алаштың өзге де қайраткерлерінің тағылымды сөздерін ілуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек өңір тарихының тереңнен тамыр тартатынын айғақтайтын Берел, Шілікті қорғандары, Жидебай секілді тарихи орындар туралы сыр шертетін құнды мағлұматтарды да шаһардың көрнекті жерлеріне орналастырмақ ойдамыз», - дейді ол.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Өскемен