Кино • 27 Шілде, 2017

Халықаралық балалар кинофестивалінің жеңімпаздары марапатталды

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

XIII «Еуразия» халықаралық кинофестивалі аясында ҚР Тұңғыш Президенті Қорының қолдауымен «Бес құрлық» халықаралық балалар кинофестивалі өткізілген болатын. Бүгін Астанадағы Оқушылар сарайында 23 шілдеде басталған байқаудың қорытындылары жарияланып, жеңімпаздары марапатталды.

Халықаралық балалар кинофестивалінің жеңімпаздары марапатталды

15 фильмнен туратын кинофестиваль бағдарламасында Қазақстан, Ресей, Қытай, АҚШ, Франция, Германия, Швеция, Бельгия, Норвегия, Нидерланды, Чехия, Словакия, Хорватия, Иран, Жаңа Зеландия және өзге де елдердің шығармашылық топтары өз жұмыстарын ұсынды.

Атап айтқанда, негізгі конкурстық бағдарламаға «Қазақ елі» (Қазақстан), «Келилех пен Демнех» (Иран), «Сұлулық» (Жаңа Зеландия, Қытай), «Үйде жалғыз өзі» (Гонконг), «Эльфтер тағы» (Қытай, АҚШ) фильмдері қатысты. Ал конкурстан тыс бағдарлмада «Таңғажайып Патарс» отбасы (Франция), «Бұлт бала» (Бельгия, Швеция, Норвегия, Нидерланды), «Әкеден де артық» (Германия), «Мистер Құрбақа» (Нидерланды), «Неллидің басынан кешкендері» (Германия), «Оффлайн: келесі деңгейге дайынсың ба?» (Германия), «Періште 2» (Чехия), «Сыйқырлы қалам» (Ресей), «Шұлық жұтқыштар» (Чехия, Словакия, Хорватия) туындылары бақ сынады.

Марапаттау рәсімінің алдында кинофестиваль қонақтары мен қатысушылар қызыл кілемнің үстімен жүріп өтті.

Байқаудың бір ерекшелігі – қазылар алқасы дарынды мектеп оқушыларынан құралған. Олар бес күн бойы фестивальге қатысқан фильмдерді бағалап, үш номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады.

Осылайша, қазылар алқасының шешімімен «Бес құрлық» халықаралық балалар кинофестивалінде «Ең үздік бала рөлі» номинациясын «Сұлулық» (Жаңа Зеландия, Қытай) фильмі жеңіп алды.

«Ең үздік сценарий» номинациясы бойынша «Қазақ елі» (Қазақстан) фильмі жеңімпаз атанды. Ал «Періште 2» (Чехия) туындысы кинофестивальдің «Ең үздік фильмі» деп танылды.

«Біздің негізгі мақсатымыз осы балаларды тәрбиелеу. Олардың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті, адамгершілік қасиеттерді, ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді осы өнер арқылы сіңіре аламыз. Сондықтан балаларымыздың өнерге деген талпыныстарын арттыруға, тәжірибе жинап, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік беретін осындай фестивальдар жиі бола берсін», – деді «Ең үздік бала рөлі» номинациясы бойынша жүлдені табыс еткен ҚР еңбек сіңірген әртісі, Астана Циркінің директоры Ерік Жолжақсынов.  

Айдар Өрісбай,
«Егемен Қазақстан»