![Субсидия – шаруаға демеу](/article_photo/1501210705_article_b.jpeg)
Батыс Қазақстан облысының әкімдігінде өткен кеңесте АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы, ондағы міндеттемелерді орындау бойынша бекітілген индикаторлар мен шаралар жетістігі талқыланды.
Мемлекеттік бағдарлама аясында биылғы жылы субсидияның 65 түрі қарастырылып, соның нәтижесінде 11 тиімсіз субсидияны алып тастап, 40 субсидияның өлшемдері өзгертілді. Ал қалған 14-і еш өзгеріссіз қалды.
Мал шаруашылығында өлшемдерді өзгерту дәл сол қаржы шеңберінде субсидия алушылардың санын бір есеге арттырды. Егер бастапқыда сиыр еті бойынша субсидияны 175 шаруашылық алса, қазір ол 522-ге немесе 100%-ға артты; сүт бойынша 2 есеге; қой еті бойынша 1,3 есе, жүн бойынша 3,6 есе артты. Сондай-ақ, қой етін субсидиялау одан гөрі тиімдірек қозы етімен алмастырылды.
2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында ірі қара малдың, ұсақ қара малдың, жылқылардың, құстардың санының көбею үрдісі байқалды.
Қазіргі таңда республикада 1345 қайта өңдеу кәсіпорыны белсенді жұмыс жасап жатыр. Сүт, ет, тері, жүн, май және дақыл өнімдерін, тұқымдар мен көкөністер, қант қызылшасын және картопты қайта өңдейтін 435 кәсіпорынның ішінде өнімдерді ұқсатудың 9 басым түрі анықталды. Солар бойынша әр облыс, әр аудан бойынша аграрлық қайта өңдеу кәсіпорындарының нақты орналасу картасы жасалды.
Кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі фермерлердің барлық қызығушылық танытқан сұрақтарына жауап берді.
Сондай-ақ, жұмыс сапары кезінде А.Мырзахметов Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне, «ПОШ Руно» ЖШС тері өңдеу кәсіпорнына барды.
* * *
Вице-премьер жұмыс бағдарламасына сәйкес Маңғыстау облысындағы Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылындағы «Казах осетр» ЖШС-на барды. Аталған серіктестік өңірдегі бірден-бір бекіре етін шығаратын бекіре фермасы болып табылады.
Мұнан соң облыстық әкімдікте АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналған отырыс болып өтті және де онда мал шаруашылығы, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ветеринарлық қауіпсіздік пен балық шаруашылығы мәселелері қаралды.
Отырысқа Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрғындары, шаруалар мен салалық қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.
Осынау екі облыстың Каспий маңындағы географиялық тұрғыда қанаттаса орналасуын ескере отырып, бірінші кезекте балық шаруашылығына баса мән берілді. Ол жерде ағымдағы жағдайға байланысты бұған дейін дәстүрлі түрде өндірістік аулауға негізделіп келген балық шаруашылығы саласының көп жылдық стратегиясын түбегейлі өзгерту керектігі атап өтілді.
Бұдан әрі де мал шаруашылығы мен ауылшаруашылық кооперациялары мәселелері талқыға түсті. Бүгінде ел аумағында 517 ауылшаруашылық кооперациясы бар болса, олардың 15-і Атырау облысында тіркеулі.
Биыл шілдеде былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Маңғыстау және Атырау облыстарында ірі қара мал мен ұсақ қара мал басының, жылқы, түйе, құс санының өсу тенденциясы байқалуда.
Отырыс барысында А.Мырзахметов сұрақ-жауап форматында қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе, ведомство басшысы «Ақбидай» астық терминалы мен Ақтау теңіз терминалында болды.