28 Шілде, 2017

Күнге ұмтылған елдер

287 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күн үш тәуліктің ішінде Жер бетіне оның бойындағы барлық барланған отын қорларының қуатына тең қуат жөнелтеді екен. Алайда, соған қарамастан оның сәулесін тұрмыс пен экономикаға қажетті қуат көзі ретінде игеру мәселесі адамзат қоғамында енді ғана бастау алып отыр деуге болады. Қазіргі уақытта күн сәулесінен алынатын қуаттың әлемдік энергетикалық өндірістегі үлесі 1 пайызға да толмайды. Бірақ бұл – әлі бастамасы ғана. Кейбір сарапшылардың болжамы бойынша, енді бір 35 жылдан кейін күн сәулесі Жердегі адамзат өндіретін қуаттың ең басты көзіне айналатын болады. Бұл болжамды Халықаралық энергетикалық агенттіктің мамандары да растап отыр. Олардың пікірі бойынша да 2050 жылға таман күн энергетикасының үлесі отынның басқа түрлерінің бәрінен басып озуы тиіс. Яғни, күн сәулесінің қуаты қазіргі мұнайды алмастыратын болады.

Күнге ұмтылған елдер

Әлемде күн сәулесін қуат көзі ретінде игеруге бірінші болып кіріскен ел – Жапония. Бұл ел осы істі өткен ғасырдың соңғы ширегінен бастап қолға алып, 1990 жылдардың көшін бастады. Мұнан кейін оған Германия қосылып, 2000-2010 жылдар аралығында күн сәулесінің қуатын игеру жөнінде бірінші орынға шықты. Кешікпей бұл қозғалысқа Испания, Италия, АҚШ араласты. Енді күн сәулесін игеруге алып көршіміз Қытай үлкен мән беруде. 2015 жылы әлемде 51 ГВт күн қуатын өндіретін қондырғылар орнатылса, мұның 15 ГВт-ын бір ғана Қытай орнатқан. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, нақ осы жылы Қытай күн қуатын игеру жағынан әлемде бірінші орынға шығып отыр. Ал 2016 жылы әлемде 76 ГВт-тың күн қондырғылары орнатылды деген дерек бар. Салыстыру үшін айта кетейік, Ресейдің жарты ғасыр бойы орнатқан атом стансаларының қуаты 26 ГВт электр қуатын өндіруге ғана жетеді екен.

Сонымен, соңғы жылдары күн сәулесінен қуат өндіру ісі өте шапшаң қарқынмен өріс алып келеді. Әрине, бұл іске әзірге бүкіл әлем елдері болып кірісе қойған жоқ. Ал кірісіп жат­қан­дарды «болашағын күні бұрын ойлаған елдер» деп айтуға әбден болады. Мәселен, қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша күн сәулесінен өндірілетін қуаттың 70 пайызын Қытай, Германия, Жапония, АҚШ, Италия секілді бес ел ғана беріп отыр.

Бірақ соған қарап, басқалар бейқам отыр екен деп алданып қалуға тағы болмайды. Әлемдегі мұнайға ең бай елдердің өзі соңғы жылдары осы істі жеделдетіп қолға алуда. Мәселен, мұнай өндіруден бірінші орын алатын Сауд Арабиясы 2023 жылға таман 9,5 ГВт қуатты күн мен желден алмақ. Сөйтіп, ел ішінде жаңғырмалы қуат көздерін пайдаланып, мұнайды сыртқа ғана сатып отырмақ. Мұндағы негізгі мақсат – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Ал тағы бір мұнай алыбы Біріккен Араб Әмірліктері мамандарының пікіріне қарағанда, күн сәулесі бұл ел үшін болашақта ең арзан қуат көзі бол­мақ. Себеп түсінікті. БАӘ орна­лас­қан өңірде күн қызуы барынша мол. Елдің 2050 жылға дейінгі энергетиканы дамыту стратегиясы да осыған сай жа­салынып отыр. 2050 жылы БАӘ-де өндірілетін қуаттың 44 пайызы жаң­ғыр­малы энергетикалық көздерден, 38 пайызы табиғи газдан, 12 пайызы «таза» көмірден, 6 пайызы атом қуатынан алынбақ. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 163 млрд доллар қаржы жұмсалмақ. Салыстыру үшін айта кетейік, қазір бұл елдегі газ өндірісінің үлесі 90 пайыздың үстінде болып отыр.

Біздің Қазақстан да күн қуатының айтарлықтай ресурстарына ие. Маман­дардың есептеулері бойынша, бізде күн сәулесінен жылына 2,5 млрд кВт/сағат қуат өндіруге болады. Ел аумағының 70 пайызға жуығы күн сәулесі жақсы түсетін өңірлер қатарына жатады.

Алайда соңғы кездерге дейін бұл ресурс көзі пайдаға жаратылған емес және дұрыс есепке де алына қойған жоқ. Дегенмен, Елбасының соңғы жол­дау­ларында берілген тапсырмаларға сәй­кес жаңғырмалы энергия көздерінен қуат өндіру мәселесі біздің елімізде де күн тәртібіне қойылды. Бұл жердегі Қазақстанның тағы бір артықшылығы жерімізде молынан табылған кремний шикізатын іске жарату арқылы күн батареяларын жасап шығудың мол мүмкіндіктері бар.

Осыдан біраз бұрын Астана қала­сында фотоэлектрлі пластинкалар шыға­ра­тын жаңа зауыт іске қосылды. Мұнда күн батареялары жасалатын болады. Автоматтандырылған қондырғылардың соңғы үлгісімен жабдықталған бұл зауыт тек отандық кремниймен жұмыс істейді. Сөйтіп, күннен қуат өндіретін елдер қатарына біздің Қазақстанымыз да қосылды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»