Қазақстан • 28 Шілде, 2017

Ойдың көші түзелді

178 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін болашақтың бұлдыр бедерін бүгінгі күннің талабы мен табысы шеңберінде айқындап, стратегиялық бағдарламалар қабылдады. Атап айтқанда, күрмеуі қиын күрделі 90-жылдардың бел ортасы ауған шақта «Қазақстан-2030», ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығы асудан асқанда «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданып, елдің мәртебесін алдымен елу, одан кейін отыз дамыған елдің қатарына жетелер мақсат-міндеттер межеленіп, айқындалды. Елдің бағыты айқындалып, бұғанасы бекіп, алыстағы межелер шындықтың шеңберіне шырмала бастағанда, мемлекеттің тұғырын бекітетін «Мәңгілік Ел» идеясы белгіленді. Бұлардың барлығы ел Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан қоғамына жол тартып отырды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаратын бірлік пен жұмылған жұдырықтай ынтымақты қажет ететін аталмыш бағдарламалар шеңберінде Қазақстан саяси және экономикалық реформаларды дау-дамайсыз, зобалаң-бұлғақсыз жүзеге асыра білді.

Ойдың көші түзелді

Қазақстандық дамудың қандай да болсын межелеген маңызды мақсат-міндеттердің қақ ортасында адами ресурстардың әлеуетін асқақтату ерекше назарда болып келді. Адами капиталдың арқауы – рухани кемелділік пен азат болмыс-бітім. Рухани жан дүниесі кемел тұлға нар көтерер ауыр жүкке мойымайтыны, шыдайтыны анық. Әлемде алпауыт елдердің геосаяси талас-тартысы белең алған, экономикалық даму белдеулері ауысып жатқан жаһандық шындық қазақстандық әрбір азаматқа рухани тұрғыдан өзгеруді талап ететіні анық. Ел­басы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлт руханиятының өзекті мәселелерін қозғай отырып, ел дамуының межеленген бағыттарына жаңа серпін беретін тың ойларды ортаға тастап, сана соқпақтарына салмақ салады.

Мақаладағы ой салмағы екі үлкен бөлімге бөліп берілген. Бірінші бөлімге ұлттық сананы ХХІ ғасырдың шындығына орай қалыптастыру мәселесі ой­түр­ткі нысанасына алынып, ке­лелі, кесек толғамдар түйінде­леді. Рухани жаңғырудың бас­ты ой-толғамдары мынадай тақы­рып­тарға топтастырылған. Олар: Бәсе­келік қабілет; Прагматизм; Ұлттық бірегейлікті сақтау; Білім­нің салтанат құруы; Қазақстан­ның революциялық емес, эво­лю­ция­лық дамуы; Сананың ашық­тығы.

Аталмыш тақырыптарға арқау болған ойлардың легін Елбасы мынадай жолдар арқылы айшықтайды. «Күллі жер жүзі, – дейді Н.Назарбаев, – біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек».

Қазақ үшін қасиетті «Алты Алаш» ұғымындай алты салаға бөлінген бұл тақырыптарға арқау болған мәселелер – Қазақстанның стратегиялық бағдарламаларында орын алған өзекті мәселелердің өн бойын тік жар қылып жарып өтетін ұшқыр ойлар, кесек толғамдар.

Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі Елбасының әуелден айтып жүрген, елдің алдына мақсат, меже етіп белгілеп берген бағдары. Ол – Қазақстан қабылдаған стратегиялық бағдарламалардың басты өзегі. Тәуелсіз Қазақстан дүрбелеңге толы 90-жылдары дамыған 50 елдің қатарына қосылуды көздесе, жаһандық бәсеке артқан ХХІ ғасырда озық 30 елдің тобынан орын алуды мақсат етеді. Қазақы ұғыммен айтсақ, өз-өзін «қамшылай» түсті. Жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті ұлт қана өзінің ұлттық белгілерін, нышанын, мәдениетін сақтай алады. Елбасы «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен анықталады», дей келе, ел-жұртқа бәсекеліктің қарымын мынадай белгілермен айқындайды. Олар, біріншіден, ақпараттық-бағдарламалық тех­нологиялардың қыр-сырын еркін игеру («Цифрлы Қазақстан»), екіншіден, көп тіл білу машығы («Үштілділік тұғырнама»), үшіншіден, Ұлы Абайдың «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» деген қағидасына сай толеранттылық мәдениет иесі («Мәдени және конфессияаралық келісім») сынды азаматтық келбет – бәсекеге қабілетті болудың басты шарты.

Президент қазақстандықтарды бәсекеге қабілеттілікке үндегенде қазақ топырағындағы асыл ойлардан кең арна іздейді. Бұл тұста Ұлы Абайдың 18-қарасөзіндегі: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген терең мағыналы ойларын ХХІ ғасырдағы заманауи шындықтың бедеріне қарай қайта жаңғырта алды.

Қазақтың аталы сөзімен айтсақ, «салттың озығы да бар, тозығы да бар». Елбасы тозығы жеткен түсініктерден арылып, озығы өміршең ұстанымдарды бағдар етуге үндейді. Бұл орайда ол прагматикалық ұстанымды әркім өз өміріне, тұрмыс-тіршілігіне серік етуді ұсынады. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жос­парлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамдағы шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы. Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табыс­ты үлгі».

Дамыған, өркениетті елдердің мінез-құлық тәрбиелеудегі табыс кілтінің біріне айналған прагматизм қазақ топырағына да жат емес еді. ХІХ ғасырдың соңында, ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамы жаңа формацияға түбегейлі бет бұрған тұста хакім Абай мінез-құлықтың бас­ты дұшпанына «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек пен бекер мал шашпақты», ал басты серігіне «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды» жатқызған еді.

Елбасы қазақ танымындағы осындай мағыналы ойларға сүйене отырып, жаңа тұрпаттағы қазақстандық азамат келбетін қалыптастыруды көздейді.

Қоғамның құндылығы оның азаматтарының заманауи келбеті арқылы айқындалатыны сөзсіз. Ал азаматтың келбеті оның мәдени болмыс-бітімімен айқындалады. Мәдениет – мінез-құлықтың сауыты. Өзінің ұлттық бастауынан нәр алмаған мәдениет – тамырсыз бәйтерек. Сондықтан Елбасы ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды деп есептейді. Ұлттық код, мәдениет – рухани жаңғырудың басты діңгегі, өзегі. Діңгектен ажырамай отырып даму, философтар пайымдайтын, спиральды дамуға жетелейтіні сөзсіз. Мақаладағы ұлттық бірегейлікті сақтау, дамудың эволюциялық жолын басшылыққа алу, сананың ашықтығы деген мәселелер ұлттық кодты сақтау мақсатындағы тіршіліктің арнасында жүзеге асса ғана баянды болмақ.

Елбасы мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» деп аталатын ІІ бөлімінде ұлттық жаңғыру жолында жүзеге асуы тиіс басты міндеттер алға қойылады. Соның бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру. Латын графикасына көшу туралы қоғамдық пікірлер алғаш рет тәуелсіздік алған жылдары қозғалған болатын. Негізінде Қазақстанның ХХ ғасырдағы тарихында латын әліпбиі 1929-1940 жылдары арасында қолданылып, өзінің тарихи миссиясын атқарған болатын. Осы графиканың негізінде Кеңес өкіметі жаппай ликбез (ликвидация безграмотности) саясатын жүзеге асырды. Кеңес одағының шекпенінен шыққан кейбір түркітектес елдер ә дегеннен жазу үлгісін латынға көшіріп те үлгірді. Қазақстан бұл бағытта сабырлылық пен байсалдылық танытып, оң-солын екшеп алуды көздеді. 2012 жылғы «Қазақстан-­2050» Стратегиясында латын әліпбиіне толық көшу 2025 жыл деп белгіленді. Табандап отырып жылжыған бағыт қоғамның сабырын сақтауға, түсіністік танытуға, жұмсалар күш пен қайратты жинақтауға мүмкіндік берді. Осылайша, мақалада атап көрсетілгендей, 2017 жылдың соңына дейін қабылданар үлгіні бекітіп, 2018 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу жұмыстары алғашқы қадамын жасайды. Бұл орайда, латынға әу дегенде көшіп, кейбір қателіктерге бой алдырған Өзбекстан, Түрікменстан, Әзер­бай­жан елдерінің тәжірибесін, лингвис­тикалық заңдылық тұғырна­масын, қазіргі ақпараттық техноло­гиялар заманының талабын ескеру сынды күрделі мәселе­лерді шешу міндеті тұр. Графика ауыстырған елдердің тәжіри­бесі көрсетіп отырғандай, бұл мәселе экономикалық, саяси, техникалық һәм лингвистикалық мәселелерді тұтас қамтиды. Ал бұл өз кезегінде үкіметтік һәм үкіметтік емес ұйымдардан, қоғамнан кешенді жұмыстарды талап ететін ауқымды мәселе екендігі сөзсіз.

Қазақстанның мемлекет ре­­тін­­дегі даму бағыт-бағдарын бел­­гі­­лей­тін барлық бағдарла­ма­­лары­ның басты арқауы адами ресурстарды дамыту болып табылады. Мұның өзі мемлекет қоғамның ең бағалы байлығы адам деген ұғымды қастерлейтінін, ардақтайтынын білдіреді. Қай қоғам болмасын, мейлі ол жаңа технологиялар қарыштап дамыған заман болсын, адамның адами қалпы сақталуы тиіс. Басқаша айтқанда, адам «тәңір» деген қалыптың құдіретімен «гу­ма­нистік сауатпен» жаратылған. Одан айырылған адам жанды мақұлықпен тең. Қазақстандық азаматтардың гуманистік сауатын жетілдіру – қоғамды сауықтырудың, кемелдендірудің бір жолы. Сондықтан мақалада алдағы уақытта қоғамдық­гуманитарлық ғылымдар бо­йынша әлемдегі ең құнды ойлар жинақталған, талданған кітаптарды қазақша аудару мәселесі көлденең тартылған. Бұл орайда, Президент «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атауымен жаңа жобаны қолға алу міндетін белгілейді. 2018­-2019 оқу жылында еліміздің білім айдынына желкен тартқан шәкірттер филология, философия, саясаттану, мәдениеттану, психология сынды ғылым салалары бойынша дүние жүзінің ең таңдаулы, үздік оқулықтарынан нәр алуы тиіс. Бұл ауқымды істі жүзеге асыру үшін 2017 жылдан бастап Ұлттық аударма бюросын құрып, үздік аудармашы мамандар тәржіма ісімен айналысуы керек. Бұған қоса, рухани жаңғыру бағдарламасы негізінде «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сынды мәдени жобалар ұсынылып отыр. Мұндай жобалар Қазақстанды әлемге тек шикізат қорына бай ел ғана емес, адами капиталымен бағалы екенін танытары сөзсіз. Қазірдің өзінде Қазақстан спорттың кейбір жекелеген түрінен, сондай-ақ, өнер саласынан әлемге танымал тұлғаларды дүйім жұртқа шығарды. Айталық, боксшы Геннадий Головкин, Қанат Ислам, әнші Димаш Құдайберген. Қалың Қытайды таң қалдырған Димаш Құдайберген өнерін әлем «Димаш феномені» деп ат қойып, айдар тағып та үлгерді. Бұл Қазақстан үшін үлкен мәртебе, айбарлы мақтаныш.

Мақалада отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, оны байытатын «Туған жер» бағдарламасын ашу көзделеді. Ата-бабамыз білектің күші, найзаның ұшымен, білік пен ақыл ұтқырлығымен қорғап қалған кең-байтақ Қазақ жерінің әрбір өлкесі тұнған шежіре. Президент «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халық әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі», дей келе, бағдарлама шеңберінде атқарылар ауқымды істер қатарын айқындайды.

Қорыта келгенде, Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тың көзқарастарға негізделген бағдарламалық мақаласы ХХІ ғасырдағы қазақ қоғамының санасына жаңа сілкініс тудыра отырып, жаһандық құбылыстарға «қазақ» деген жұрттың көшін түзеу, бағдарын белгілеу болып табылады. Ел көкейінде жүрген ойларды, ауқымды мәселелерді Елбасы белгіледі, енді оны жүзеге асыру – жалпыхалықтық іс, ұлттық парыз.

Алмасбек ӘБСАДЫҚОВ,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы