Еркіндігімізді алып, еңсемізді тіктегелі де жиырма жылға таяп қалды. Бұл уақыттағы аралықты Қазақ елінің үш ғасырдан кейінгі өрлеу мен гүлденуі деуге болады. Өйткені, өзгеге жалтақтамай, өз сөзімізді тура айтатын кезге жетіп, береке-бірлікке ұйып, ынтымақты тірлікке ұйытқы болған шаттыққа толы күнге қарай өттік.
Енді бір-екі айдан кейін, міне, осы еш нәрсеге тең келмейтін, басқаға теңгермейтін елдігіміздің 20 жылдық мерейтойын бүкіл жұрт болып жұмылып, атап өткелі отырмыз. Сол айтулы күн, алқалы сәтке арнап, басылым сурет пен сөзді ұштастырып, айқара бет шығару жөніндегі жобаны қолға алды. Соның алғашқы жарияланымы Мемлекет басшысының бастамасымен өмірге келіп, әлемдегі таңдаулы университеттердің қатарына қосылуды мақсат еткен, өздерін ұлттық брендке айналдыруға бел шеше кіріскен Назарбаев Университетіне арналып отыр.
Бүгінде «Назарбаев Университеті» арқауында нарық сұранысына бағдарланған жоғары оқу орнының инновациялық моделі қалыптастырылуда. Ол барлық жоо-лар үшін үлгі болуы керек.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2011 жылғы Жолдауынан
ЕЛБАСЫ Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Білім беру саласында Астана қаласында құрылып жатқан бірегей оқу орындары – «Жаңа халықаралық Университет», «Арнаулы Қор» және қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп жатқан «Интеллектуалдық мектептер» секілді жобалар ерекше басымдыққа ие болмақ. Мен олардың менің есімімді алуына келісім бердім. Олардың отандық білім беру жүйесінің флагманы болып, осы заманғы оқу бағдарламаларын кейіннен оларды бүкіл республика бойынша енгізетіндей етіп әзірлеу мен байқап көру жөніндегі басты алаңға айналуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет», деген еді. Сол іргелі оқу орны қазір жұмыс істеп жатыр.
НАЗАРБАЕВ Университеті инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған қазіргі заманға сай күшті ғылыми инфрақұрылымы бар университет болуды мақсат етіп отыр. Жаңа заманғы бұл жоғары оқу орнына ең үздік ұлттық және халықаралық зерттеушілер шақырылды. Оларға шығармашылық қызметті жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Оқу орнында 2010-2012 жылдарға арналған университетті дамыту стратегиясы бекітілген. Білім ордасының академиялық және ғылыми саяси университеттің құрамына кіретін мектептердің (институттардың) әрқайсысы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының санынан шетелдік академиялық серіктестің және күшті ғылыми, клиникалық, өндірістік базаның болуы жоспарланған. Бұл елдің индустриялық-инновациялық даму мақсаттарын шешу үшін білім, ғылым және өндірістің арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
УНИВЕРСИТЕТТІҢ инфрақұрылымына келетін болсақ, ол елордамыздың сол жағалауындағы қаланың экологиялық таза бөлігіне орналасқан. Оқу орнының сәулеті қазіргі заманға және үздік батыс стандартына сай. Барлық оқу ғимараттары бір-бірімен ортақ атриум және ішкі өту дәліздері арқылы байланыстырылған. Мұндай құрылым кешеннің бүкіл тұтастығын және сәулетінің ерекшелігін көрсетеді. Зертханаларға, сол секілді басқа да ғимараттарға қызмет көрсету бас ғимараттың сыртындағы айналма жол арқылы жүзеге асырылған. Құрылыстың жалпы көлемі 122 мың шаршы метрді құрайды.
Университеттің стратегиялық мақсаттары туралы айтқанда, біріншіден – ғылым мен технологияда тың тенденцияларды құруға және дамытуға қабілетті кәсіби мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру; екіншіден – білімге негізделген ұлттық экономиканың тұрақты және оның жан-жақты дамуына ықпал ететін білім, ғылым және өндіріс интеграциясының моделін құру; үшіншіден – оқу бағдарламаларын интернационалдандыру және әлемдік жоғары оқу орындарымен серіктестік қарым-қатынас арқылы әлемдік білім моделін қалыптастыру; төртіншіден – білім алу үшін жағдайларды қамтамасыз ететін қазіргі заманға сай технологиялық инфрақұрылымын құру; сондай-ақ, әлемдік университеттермен және ғылыми орталықтармен бірлескен ғылыми зерттеулерді өткізу; бесіншіден – әлеуметтік профессорлық-оқытушылардың құрамын құру және отандық оқытушылардың мүмкіндіктерін арттыру; алтыншыдан – университеттің ұлттық және халықаралық беделін қалыптастыру.
ЕЛБАСЫ Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған бұл университет келешекте еліміздің зияткерлік элитасын қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Сөз етіп отырған жоғары оқу орны білім беру жүйесінің басымдықтарымен әлемдік үздік ғылыми білім практикасын үйлесімді байланыстыратын Қазақстанның ұлттық бренді болуға арналған. Оның икемді құрылымы білім, ғылым мен өндіріс арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ тиімді академиялық ортаны құруға мүмкіндік береді. Қазір Назарбаев университеті әлемнің 30 үздік жоғары оқу орындары қатарына кіретін университеттермен ынтымақтастық туралы келісім-шарттарды бекіткен. Олардың ішінде: UCL (University College London), Duke University, iCarnegie, University of Wisconsin-Madison, UPenn (University of Pennsylvania), LKY School of Public Policy (National University of Singapore), т.б бар.
Мемлекет басшысының шешімімен университет ашылғаннан бергі екі жылдың әрқайсысында 500 білім беру гранттары бөлініп, тек сол бойынша ғана жастар білім алып жатыр. Ең бастысы, бұл оқу орнына нағыз жүзден жүйріктер ғана түсе алатынын айта кетуіміз керек.
УНИВЕРСИТЕТТЕ 4 зерттеу орталығы жұмыс істейді. Олар: Өмір туралы ғылымдар, Балама энергетика және Халықаралық-пәнаралық, инструменталдық, білім беру саясаты зерттеулер орталықтары. Бұл орталықтар озық ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін ең жаңа зертханалық құрал-жабдықтармен жарақталған. Сондай-ақ, 6 мектеп (факультет) бакалавриат бойынша – инженерия, жаратылыстану, гуманитарлық ғылымдар мектебі, медицина мектебі, магистратура және PhD бағдарламасы бойынша 2012 жылдан бастап, мемлекеттік саясат және бизнес мектебі жұмыс істейтін болады.
ӨТКЕН жылы ұлттық білім беру жүйесінің барлық артықшылықтарымен үздік әлемдік ғылыми білім беру тәжірибесін қамтитын, болашақта Отанымыздың ұлттық брендіне айналатын ерекше үлгідегі халықаралық жаңа университеттің ашылу рәсімінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: бүгін Астанамызда дүниежүзінде теңдесі жоқ Қазақстандағы тұңғыш халықаралық университет ашайық деп отырмыз. Қаламыздағы Еуразия ұлттық университеті еліміздегі ең бастауыш университеттердің бірі болып саналады. Бірақ бұл жаңа университеттің мағынасы мен жағдайы мүлде басқа. Университет биылдан бастап, өз жұмысын бастайтын болады. Мемлекет есебінен 500 оқу гранты бөлініп отыр. Еліміздің болашақ зияткерлік элитасын қалыптастыру мақсатында құрылған оқу орны білім беру жүйесінің басымдықтары мен үздік ғылыми білім практикасын үйлесімді байланыстыратын Қазақстанның ұлттық бренді болуға арналған. Бұл жастарға елдің болашағына арналған сыйлық, деген еді.
Жоғарыдағы фотосуреттер Елбасы сөзінің дәлелі секілді. Университет студенттері қазір оқу, ал оқытушылары жұмыс үстінде.
Дайындаған Сүлеймен МӘМЕТ,
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.