Қазақстан • 28 Шілде, 2017

Саламатты ұлт қалыптастыратын салиқалы еңбек

415 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жер бетіндегі барлық тірі организмдерге өзіндік өмір ұзақтығы тән екендігі белгілі. Адам үшін орташа ғұмыр сексен бес жас шама­сында делінеді, бірақ бұдан да ұзақ өмір сүретіндер аз емес. Жас ұлғайған сайын мидың жұмыс істеу қабілеті төмендейді, есту және көру сезімдері нашарлап, бұлшық еттер мен буындар әл­сірейді, бірақ дені сау адамдарда бұл өзгерістер алпыс бес жас­тан кейін ғана көрініс табады. Қазіргі медицина ғылымының қарттық, егделік туралы тұжырымдарының бір парасы осындай мәліметтерді алдыға тартады. Бұған талас жоқ. Дегенмен осы тұрғыда ойланатын, ортаға салып, пікір қорытып ақылдасатын мәселелер де аз емес-ау.

Саламатты ұлт қалыптастыратын салиқалы еңбек

Бүгінде күллі адамзат қауымы же­дел, яғни тез қартаю деген мә­с­е­лемен бетпе-бет келіп отыр. Мә­селен, Америка Құрама Штат­та­рында кәрі адамдар жалпы ха­лық­тың 19,7 пайызын құраса, бұл көр­сет­кіш Германияда – 23,2%, Ұлы­бри­танияда – 28 %, Жапонияда – 32,3 %. Біздің елімізде де халықтың қар­таю қарқыны жылдан жылға арта тү­суде. Ғалымдар 2050 жылға қарай республикамыздағы әрбір төртінші тұр­ғынның 60 жастан асатынын бол­жап отыр.

Ал бұл жағдай өз кезегінде ең­бек ресурстары туралы мәселені өт­кір түр­де күн тәртібіне қоймақ. Еуро­па­л­ықтар мұны еңбек мигранттарын өз елдеріне көптеп шақыру арқылы шешуге тырысуда. Бұл тәсілдің де мемлекеттің демографиялық, миг­ра­циялық саясатына қандай сал­қы­нын тигізіп жатқанын көріп-біліп жат­қан жоқпыз ба?!

Бізде бұл тұрғыда Прези­дентіміз бел­гілеген Қазақстан Рес­пуб­­­ли­ка­сының 2030 жылға дей­інгі әлеу­мет­тік дамуының Жал­пы­­ұлттық кон­цеп­­циясына сәйкес ша­­ралар жүзеге асы­рылуда. Осы кон­­цепция­да Ел­басы Н.Ә.На­за­р­­­баев бы­лай деген бола­тын: «Кез­ келген жас­тағы адам қо­ға­­мымыздың әлеу­меттік-эко­но­ми­­калық өміріне белсенді түр­де ат­салысуға мүм­кін­дік алады. Егде жас­тағы адам­дардың ең­бек­ке ара­ла­­суы олар­дың теңдессіз өмір­лік жә­­­не кә­сіп­тік тәжірибелерін пай­да­­ла­ну­ға, тіршіліктерін жақсартуға кө­­мектесері анық».

Қазір еліміздің ғалымдары адам­дар­дың денсаулығын жақсарта отырып, қартаю мерзімін қысқарту мүм­кіндіктерін зерттеумен айналы­суда. Қазақстан Республикасы Пре­зиденті Іс басқармасының Ме­ди­циналық орталығы мен осы ор­та­лықтың Алматыдағы емдеу ба­­засы – Орталық клиникалық ау­ру­ханасының ғылыми тақырыбы да осы белсенді ұзақ өмір сүру мә­се­лесі екенін естігенімізде осы емдеу мекемесіне деген құрметіміз есе­лене түскені ақиқат. Орталық ұзақ жылдар бойы егде адамдардың ден­саулық жағдайына тұрақты түр­де бақылау жасап келеді екен. Мұн­да 60 жастан асқан егде адам­дар­дың басым көпшілігі, 75 жас­тан жоғары қарттар мен 90 жас­тан асқан ұзақ өмір сүрушілердің медициналық көмек алатынын да емхана қызметкерлерінен естіп-білдік.

Емделушілердің денсаулық жағ­­дайын көптеген жылдар бойы үз­­діксіз зерделеу, тексеру жұ­мыс­та­ры белсенді ұзақ өмір сүру­дің әлеу­меттік-медициналық фак­тор­ла­рын ғылыми зерттеуге негіз бол­ған.

Осының нәтижесінде адам өмірі­нің ұзақтығы мен сапасы тұқым қуа­лау­ға (19,2 %), мемлекеттің әлеу­мет­тік-экономикалық саясаты мен денсаулық сақтау деңгейіне (12,5 %), экологияға (8,1%), гео­гра­фиялық жә­не басқа жағ­дай­ларға (6,5%), ал не­гізінен, әр адам­ның өзі­нің өмір сү­ру салтына байланысты екендігі анық­талған.

Бұл деректердің алып-қосары жоқ ақиқатқа жақын екеніне еш шек кел­тірмейміз.

Өзіміз күнделікті өмірден көріп-біліп жүргеніміздей, әр адамның әр­түрлі қартаятыны белгілі. Ал­пыс­қа жетпей алжығандар мен жет­піс­ке жет­пей жер таянғандарды, ке­р­ісін­ше сексен мен тоқсанды сес­­кенбей ба­ғын­дырып, дене ең­бе­гі мен ой ең­бегінің жемісін жеп жүр­ген­дерді көріп жүрміз. Қа­лып­ты сал­мақты ұстанып, үнемі фи­зи­ка­лық жат­тығулар жасап, шылым мен ал­ко­голь сияқты зиянды әдет­терден бас тартқан адамдардың ұзақ жасайтыны дәлелдеуді қажет ет­пейтін шындық.

ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы мен Назарбаев университеті авторлар ұжы­м­ының әлеуметтік және емдеу-лабо­раториялық зерттеулерінің нә­ти­жесінде «ұзақ өмір сүрудің си­қыр­лы дәрісі», яғни ешқандай эли­к­­сирдің болмайтыны дәлелденді.

Яғни қарапайым тілмен айтсақ, «сиқырлы дәрі» дегеніміз саламатты өмір сүру салты екен. Авторлар ұжымы келтірген ұзақ өмір сүрудің негізгі әлеуметтік факторлары мыналар: интеллектуалды еңбек, тәр­тіптілік, дене салмағын қалыпты мөлшерде ұстау, үздіксіз қимыл-қозғалыс, сапалы тамақ.

Бүгінде көзіміз жетіп жүрген бір шындық бар. Медицинамыз аса дами қоймаған анау бір жылдары басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, шетел асып емделіп келуге асы­ғып тұратынбыз. Қазір жағдай мүл­де өзгерді. Заманға сай күрделі тех­никалармен жарақтандырылған сәу­летті медициналық мекемелер де, білімі мен тәжірибесі мол білікті дә­рі­герлер де өзімізден көптеп та­бы­лады. Енді керісінше шетел аза­мат­тары Қазақстанға келіп емделе бастады. Бұл, әрине, қуанарлық әрі сүйсінерлік оң өзгеріс.

Енді медицина саласында, оның ішінде, ұзақ өмір сүру қағидаларын күн­делікті тірлігімізге енгізу бары­сында әлемді өзіне қарататын жа­ңалықтар Қазақстанда ашылып жат­са, еш таң қалудың да реті жоқ шы­ғар.

Адамның физикалық және пси­хикалық ахуалын барынша жақ­сартатын белсенді ұзақ өмір – қо­ғамға да, сол қоғамның әрбір мү­шесіне де барынша пайдалы деп ой түйеді жоғарыда әңгімемізге ар­­қау болған авторлар ұжымы. Яғ­ни, толыққанды еңбек ете алатын де­ні сау қарттары қаншама көп бол­са, ел экономикасына қосар үлес те соншама мол бол­мақ. Өйт­кені қарттарымыздың мық­т­ы ден­саулығы осы санаттағы аза­мат­тар­ға жұмсалатын медициналық шы­ғындарды да едәуір мөлшерде азайтатыны белгілі.

Саламатты өмір салты ұзақ өмір сүріп, егделіктің дер шағына жеткен қариялар үшін де аса маңызды. Егер адам өзінің мықты физикалық жә­не интеллектуалдық белсенділігін сақ­тай біліп, ауру-сырқаттарынан дер кезінде емделіп, қоршаған орта­ға, айналасына сеніммен қарап, бо­ла­шағына үлкен үмітпен көз тіге ал­са, онда оның белсенді ұзақ өмір сү­ру­ге толық мүмкіндігі бар деп есеп­тейміз.

Егде адамдардың медициналық мінездемесі ретінде, біз сөз етіп отыр­ған ғылыми жұмыс авторлары, қартаю кезеңінің жылдамдығын, биологиялық жас пен егделікке бейім­делу ерекшеліктерін түбегейлі зерт­теген. Осының нәтижесінде ҚР Президенті Іс басқармасы Ме­ди­циналық орталығының Орта­лық клиникалық ауруханасында тұ­рақты емделуші пациенттерде қартаю жылдамдығының азайғаны анықталған. Бұл процесс, әсіресе 75-89 жас аралығындағы қарттарда нақты байқалған. Осы орайда ерлер мен әйелдер арасында соншалықты өз­герістің жоқтығы да зерттеу нәти­же­сінде көрсетілген.

«Адамның денесіндегі қан тамыр­лары қаншалықты ескірсе ол соншалықты қартаяды» деген бел­гілі медициналық түйін бар. Тео­риялық тұрғыдан алғанда адам жү­регі орта есеппен 120 жыл соғуға қа­білетті екен. Бірақ ішкі-сыртқы жағымсыз жағдайлар әсерінен жүрек-қан тамырлары сырқаттары, атап айтқанда инфаркт, инсульттер көбею үстінде.

Міне, осындай сырқаттардың егде адамдарға серік болмауы үшін ұзақ жылдар бойы зерттеу жасап, ғылыми еңбек ұсынып отырған ҚР Президенті Іс басқармасы Ме­дициналық орталығының Орта­лық клиникалық ауруханасы мен Назарбаев университеті ға­лым­да­ры­ның еңбегіне қандай алғыс айтсақ та артық емес. Бұл ұжым бүгінгі күн ға­на емес, болашақ үшін де орасан жұ­мыстар атқаруда. Ізденістерінің же­місі де жоқ емес.

Әңгімеміздің түйініне келсек, Қазақстан Республикасы Іс бас­қар­ма­сының Медициналық орта­лығы мен Назарбаев университетінің ға­лымдар ұжымының осы ба­ғыт­тағы жұмыстары Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік сый­лы­ғына лайықты Үлкен Еңбек деп білеміз!

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері