Қазақстан • 28 Шілде, 2017

«Сөз сойыл» №42

506 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ермахан Шайхыұлы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Сөз сойылдың» Балғабек Қыдырбекұлы атындағы «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты. «Айқын» газетіндегі «Жатыпатар» және «5 жатақхана» атты сатиралық беттердің редакторы. Оның әріптестер мен құрбы-құрдастар, туған-туыстар арасында айтқан әзіл-қалжыңдары біраз. Солардың кейбірін оқып көріңіздер.

«Сөз сойыл» №42

«Назипаев боламын»

Ермахан кезекті демалысын алып елге барады. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал тұрып сәлем беріпті» демекші, Ерекеңнің  бүкіл туған-туыстары қарашаңыраққа келіп, бас қосады. Әзіл айтпаса бойына ас батпайтын Ерекең айналасына көзін қысып қойып:

– Апа, – дейді, – мен тегімді өзгертейін деп жатырмын.

– Қартайғанда тегіңді өзгертіп не көрінді, балам? – дейді апасы таңырқап.

– Есіңізде ме, әкем марқұм өзіне тартқан пысық балалары – Қалдыгүл, Рахымжан, Нұрмахан, Бибігүл, Расулханды өзіне теліп, «Айтмахан, Ермахан, Айгүл – Назипаның бала­лары. Олар аңқау, өгіз туды десең сенеді» деп бізді екінші сортқа қосушы еді ғой. Сол есіме түсіп тегімді сіздің атыңызбен «Назипаев» деп өзгертуге бел будым, – дейді.

Ерекеңді Айтмахан мен Айгүл де қостап, олар да тегін ауыстыратын болып шешеді. Сөйтіп бәрі бір күлісіп алады.

Арада біраз уақыт өткен соң, Алматыда жүрген Ермаханға апа-қарындастары  Бибігүл мен Айгүл қоңырау шалып:

– Ермахан, бүгін үйде бүкіл Әбдіраман әулеті бас қосып отыр. Солардың ішінде «Назипаев боламыз» дегендер де бар. Оларды қабылдау үшін не істейміз? – дейді әзілдеп. Сонда Ермахан:

– Олай болса, жеке куәлігі мен СИК, РНН, оң жақтағы және сол жақтағы екі көршісінен мінездеме өткізсін, – деген екен.

«Қай детдомға өткіземіз?»

Төреғали Тәшенов – «Айқын» газетінің тілшісі, белгілі журналист. Заман құрдас болған соң Ермахан Төкеңмен жиі-жиі әзілдесіп жүреді екен. Бірде Төреғалидың сексеннің сеңгіріне шыққан анасы қайтыс болады. Әкесі ертеректе дүние салса керек. Төкең еліне барып анасын ақтық сапарға шығарып салып келеді. Редакция ұжымы Төкеңе көңіл айтпақ болып есік алдында жиналып тұрады. Сонда Ермахан құр қарап тұрмай:

– Төкеңнің әкесі ертеректе қайтыс болыпты. Енді міне, анасынан айрыл­ды. Енді оны қай детдомға өткіземіз? – деген екен.

Ермахан мен Нұрмахан

«Литер Media» ЖШС-нің қарамағындағы «Айқын» және «Литер» газеттері бір жылдары жаңа жылдан бастап «Нұр-Медиа» ЖШС-нің құрамына кіреді. Дәл сол кезде «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп Астанада іссапармен жүрсе керек. Бұл жаңалықты ол елордада жүріп естиді. Ертесіне жұмысқа келіп бөлмесінде отырса, оған сәлем бермек болып басылымның сол кездегі жауапты хатшысы Ермахан Шайхыұлы келеді. Амандық-саулықтан соң Нұрекең:

– Иә, Ермахан, не жаңалық бар? – деп сұрайды.

Сонда ол:

– Сіз Астанаға кетіп бара жатқанда Ермахан едік, енді Нұрмахан болдық, – деген екен газеттің «Нұр-Медианың» қарамағына енгенін меңзеп.

Бану ШАЛОВА
АЛМАТЫ

Өнердегі өкірең оқиға

 – Мына ақын арынды екен. Қарашы, өлеңді арқа­ланып оқиды.
 – Қайдам, ол өлеңінің нашарлығын білдірмес үшін айқайлай береді.

***

Екеуара әңгіме: – Са­ған Бернард Шоу ұнай ма? – Ол қай телеарнадан жүреді?

***

Мұражайда:
 – Сіз не істеп отырсыз, бұл Шыңғыс­ханның ұлы Тему­­чин­­нің тағы ғой.  – Не болды сізге ашуланып, иесі келсе орнын босатып бере­міз ғой. Аяғым талып кетіп, кішкене демалып алайын деп едім...

***

Журналист танымал әнші­мен сұхбаттасып тұр:

– Сай­лау­ға барып, дауыс бердіңіз бе?

– Жақын­да жеке концерт бермекші едім, даусымды соған сақтап жүрмін...

Қожанасыр хикаялары

Бірде Қожаның әкесі үйіне майын тамызып қуырылған үш балық әкеліпті. Сол мезгілде Қожа үйде жоқ екен, шешесі:

– Қожа келмей тұрғанда жеп қойсақ тәуір болар еді. Ол жүгірмек мазамызды алып, балықты жегізбес, – дейді.

Дәл осы кезде Қожаның келе жатқаны білінеді де,  шешесі тез арада екі үлкен балықты сәкінің астына жасыра қояды.

Ал Қожанасыр бала мұның бәрін тесіктен сығалап тұрып көріп алған екен. Ол үйге кіріп жайғасып отырады.

Әкесі:

– Сен пайғамбар Жүніс туралы әңгімені естіп пе едің? – дейді Қожаға.

– Мен оны балықтан сұрап көрейін, – депті де Қожа алдында жатқан кішкене  балықтың аузына құлағын тосып тұрып:

– Бұл балық: «Жүністің заманында өте кішкентай болған едім, пайғамбардың хикаясын сәкінің астында жатқан екі үлкен балықтан сұра деді» деген екен.

***

Қожа мектепте оқып жүргенде мұғалім балаларға табиғат,  тіршілік, жыл мезгілдері, күн мен түннің ауысуы туралы жиі айтады екен. Бір сабақта:

– Міне, қазір көктем. Күн ұзарып, түн қысқарып келеді. Енді бір айдан соң, яғни жаз кезінде күн бір сағатқа ұзарады, – дейді ол.

Содан бір ай өткенде сабақта тағы жыл мезгілдері туралы әңгіме болады да, мұғалім Әпендіден:

– Ал Қожанасыр, сен айтшы, бір тәулікте қанша сағат бар?– деп сұрайды.

– Басқа мезгілдерде жиырма төрт сағат, ал жаз кезінде жиырма бес сағат бар, – депті сонда Қожанасыр.

***

– Қайсың үлкенсіңдер? – деп сұрапты Әпендіден, – сен бе, әлде бауырың ба?

– Өткен жылы анам бауырымның менен бір жас үлкендігін айтқан болатын, енді міне, бір жыл өтті ғой, біз құрдаспыз, – депті Әпенді.

***

Мектепте жүрген кезінде  Әпенді мұғалімге неше түрлі қыршаңқы сұрақтар қоя беріпті. Мұғалім көп сұрағына жауап таппай қиналады.

– Білгішсініп босқа мақтана берме, – деп ашуланады мұғалім, – өте ақылды болып көрінген балалар өскен соң көбінесе маубас болып қалады.

– Сонда сіз, құрметті мұғалім, бала кезіңізде өте ақылды болған екенсіз ғой, – депті сонда Қожа.

Пара берсең, қайран-ай...

(«Ой, тоба!» әнінің әуенімен)

Пара берсең, қайран-ай, 
Тұра қашам, ой, тоба! 
Алып қойсам байқамай, 
Тыраң асам, ой, тоба! 
Көрдіңдер ме көкеңнің 
Ұяты бар, ой, тоба! 
Әкім бол деп жалынса, 
Жоламаймын, ой, тоба! 
Жалынғанды оллаһи 
Қаламаймын, ой, тоба! 
Көрдіңдер ме көкеңнің 
Адалдығын, ой, тоба! 
Әйеліме өтірік 
Айтпаған ем, ой, тоба! 
Үйіме бір кешігіп, 
Қайтпаған ем, ой, тоба! 
Көрдіңдер ме көкеңнің 
Әділдігін, ой, тоба! 
Ішімдікті аузыма 
Ап көрмегем, ой, тоба! 
Ішіп алып біреуге 
Тап бермегем ой, тоба! 
Көрдіңдер ме көкеңнің 
Адалдығын, ой, тоба! 
Соғым сойып жатса да 
Ет жемеймін, ой, тоба! 
Ет жеп жатқан ауылға 
Беттемеймін, ой, тоба! 
Көрдіңдер ме көкеңнің 
Тазалығын, ой, тоба! 
Ру, жүзге, тайпаға 
Бөлмегенмін, ой, тоба! 
Бөлініп жүр дегенді 
Көрмегенмін, ой, тоба! 
Көрдіңдер ме көкеңнің 
Аңқаулығын, ой, тоба! 
Бір ай істеп екі айлық 
Алып жүрмін, ой, тоба! 
Мол-мол теңге банкке 
Салып жүрмін, ой, тоба! 
Көрдіңдер ме көкеңде 
Нағыз байлық, ой, тоба! 
Қыз біткенге тесіліп, 
Қарамаймын, ой, тоба! 
Шаш қойғызып шашымды 
Тарамаймын, ой, тоба! 
Көрдіңдер ме көкеңнің 
Ұқыптысын, ой, тоба! 
Ақша сұрап келсеңдер 
Қарыз берем, ой, тоба! 
Ақша орнына кей-кейде 
Сағыз берем, ой, тоба! 
Көрдіңдер ме көкеңнің 
Жомарттығын, ой, тоба! 
Ананы айт та мынаны айт, 
Мен сондаймын, ой, тоба! 
Сондай десе өкпелеп, 
Торсаңдаймын, ой, тоба! 
Көрдіңдер ме көкеңді 
Осылаймын, ой, тоба! 

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ 

Көңілденіп отырып та көңіл айтатындар табылады.
***
Ойыңдағыны тігіп біткенде 
оймаққа да риза боласың.

***

Аспан аласа болса, 
талайлар
таңбасын басар еді.
***
Ойнампазға от жақын.

***

Мешеу ел мешелін де мақтайды.

***
Қылмыңдаған қызға жылмаңдаған жігіт жарасады.

Қулығын қолтықтағандар сұмдығын да жетектеп жүреді.

Жүніс ҚОҚЫШҰЛЫ
Алматы облысы

Ауылдың айтқыштары

Өскемен қаласында тұратын Ахмет­қалиев Қадылбек деген ағамыздың айт­қандарының да бір кітапқа жүк боларына дау жоқ.

Осы жақында ауылдас бір азамат шетелдік көлігіне ауыл молдасын, Қадыл­бек пен мені отырғызып, үлкен қорымда жатқан әкесінің басына құран оқытуға алып барды. Молда марқұмға құран бағыш­тап болған соң, үшеуіміз мәшинедегі орны­мызға жайғастық. Ал анау болса қалта теле­фо­нын құлағына қойған қалпы әлде­кім­ге айқайлап, бірқауым уақыт тұрып алды.

– Кіммен сөйлесіп жатыр? – дедім мен шыдамым таусылып.

– О дүниедегі әкесімен, – деді сонда Қадылбек. – Әлгі дұға жетті ме, жеткен жоқ па, соны біліп жатыр...

***

Қадылбектің қисық-қыңыр сөздеріне біздің етіміз үйренген. Ал кейбір адам­дардың сол сөздің астарын ұғына алмай, жаңылып жататындары рас.

Кәкең бірде Абай атамыздың ескерт­кіші жанында әлдекімді күтіп тұрса телефоны шыр ете қалады. Көтерсе,  іссапарға кеткен Қайрат деген досы екен. «Оу, қай жерде жүрсің?» – десе, анау:

– Мен Ақтаудамын, Каспийдің суына аяғымды малып қойып, демалып отырмын, – деп нығызданады. – Өзің қайдасың?!

– Мен бір шаруамен көшеге шығып едім, Абай екеуіміз зерігіп әкімияттың алдында тұрмыз...

– Қай Абай? – деп елең ете қалады Қайрат, – Күршімдікі ме?

– Жоқ, – деп әңгімені соза түседі Қадылбек. – Жидебайдікі.

– Бізбен бірге істеп пе еді, милицияда? – деп тақымдайды анау.

– Жо-жоқ, ол кісі милицияда істеген жоқ.

– Фамилиясы кім?

– Апыр-ау, сен Абайды білмейсің бе? – дейді Қадылбек, – фамилиясы Құнанбаев!

– Ой, жынды неме, бағанадан бері солай демейсің бе? – деп сонда досы қарқылдап күліп жіберген екен.

Хасен ЗАКАРИЯ
Шығыс Қазақстан облысы

Мүйісті жүргізетін 

Берік САДЫР