Қазақстан • 28 Шілде, 2017

«Егеменде» шыққан мақала ықпалын тигізді

427 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көкпар ұлттық спорт ойынында сер­кені қарсыластарынан жеңіп алып, өз жағын­дағы ұяға апарып салуды «салым» деп атайды. Жеңіс сол салым санына қарай анықталады. Көкпар салды деп те аталады. Біз өзіміз құрған педагогикалық қоғамдық кеңесімізге «Ойсалым» деген әдемі ат қойдық. Мақсатымыз – бүгінгі қоғамда үлкен проблемаға айналған жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісіне сүбелі үлес қосып, ойдан салмақты салым салу.

«Егеменде» шыққан мақала ықпалын тигізді

Бүгінгі педагогика неге аяғынан ақсап жатыр? Білім беру саласындағы реформалар неге дұрыс жүзеге аспай жатыр? Әлде бізде педагогика ғылымы соншалықты артта қалып қойған ба? Бұл ғылымның мүйізі қарағайдай дерлік докторлары мен академик қайраткерлері қайда? Бар болса, олар қайда қарап жүр? Міне, елдің қояр сұрақтары осындай.

Зерттеп зерделей келгенде бізде олар­дың бәрі бар екен. Докторға бергісіз озат ұстаз мұғалімдеріміз де жеткілікті. Бірақ бәрі бытырап, әрқайсысы бөлек-бөлек күн кешіп жүр. Бастары бірікпейді, бірі­­гейін десе біріктіретін құрылым жоқ. Атал­ған «Ойсалым» педагогикалық қоғам­дық кеңесі міне, сол біріге алмай жүр­гендерді біріктіріп, олардың білім мен тәр­бие берудегі тың идеялары мен көтерген бас­тама, жаңалықтарына уақытында қолдау көрсетіп, тиісті құзырлы орындарға ұсынып, орындалуын қоғам атынан сұрап, талап етіп отыратын жаңа құрылым.

Қандай да идея болсын бір себептен бастау алады. Осынау «Ойсалым» кеңесі­нің дүниеге келуіне себеп болған Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, академик, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, белгілі ғалым Асқарбек Құсайыновтың аға басылым «Егемен Қазақстан» газетіне (18.04.2017ж.) берген «Орта білімнің іргетасы» атты сұхбаты дер едік. Ол көбіміздің көзімізді ашқан аса құнды материал болды. Білім реформалары неге шабандап дұрыс жүрмей жатыр десек, бізде олардың бүгінге дейін жасал­ған ғылыми негізі жоқ екен. Яғни оның іргетасы жоқ деген сөз. Ал жұрт білмес­тікпен жиі ауысатын министрлерді сынап жатады. Шынына келсек, іргетасы дұрыс қаланбаған, ғылыми негізі жөнді жасалмаған реформаны жаңа министр қалай жүргізбек?!

А.Құсайынов бүкіл дүние жүзі мемле­кеттерінің білім беру жүйесін зерттеп, олардың озық әдіс-тәжірибелерін аталмыш сұхбатында саралап берген. Соларды қорыта келіп, «Орта білім беру жүйесіндегі дағдарыс: шығу жолдары» атты кітапшасында реформалардың ғылыми негізін жасаған. Міне, бұл үлкен ғылыми жаңалық екені айқын. Біз де оған «Білім негізін қайтсек дұрыс қалаймыз?» (17.05.2017ж.) деп, үн қос­тық. Бастауыш, орта мектептерде және жоғары оқу орын­дарында ұстаздық еткен 23 жылдық педа­гогикалық тәжірибемізге сүйене отырып, өз ой-түйін, тұжырымдарымызды ортаға салдық. Соңында аталмыш акаде­миямен бірлесіп, қоғамдық кеңес құру жөнінде ой тастап, ұсыныс енгіздік. Сөйтіп, аға газет арқылы ортақ пікір қалыптасып, А.Құсайынов басқаратын Педагогикалық ғылымдар академиясының жанынан осынау «Ойсалым» қоғамдық кеңесі құрылды.Академия президиумы мәжілісінің 2017 жылғы 1 маусым күнгі шешімімен мені осы кеңестің төрағасы етіп тағайындады. Ал 30 маусым күні аталмыш кеңестің алғашқы мүшелерімен алғашқы құрылым мәжілісін өткіздік. Оның басты мақсаты мен атқаратын мін­дет­терін айтып бердік.

Атап айтқанда, «Ойсалым» кеңесі – оқу мен тәрбие және ұлт болашағы жастар тағдыры үшін білімі мен ақыл-ойларын, жігер-қайратын аямай жұмсап жүрген озық ойлы мұраттас мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының оқытушыларын және осы саланың ғалымдары мен басқа да мүдделі қоғам қайраткерлерін топтастырады. «Ойсалым» кеңесінің жұмысы қоғамдық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен ақылдастық, кеңесшілік негізде жүргізіледі. Кеңес қай уақытта да үкіметпен тіл табысып, өзінің игі мақсаттағы істерін жүзеге асыруға, салиқалы ой-идея, бастамаларын байып­пен дәлелдеп өткізуге, сол арқылы Үкімет­тен қолдау табуға күш салады. Баспасөз беттерінде көтерілген педагогикалық мәселелер мен жұртшылық пікірлеріне сараптау жасап, социологиялық зерттеулер жүргізеді. Білім берудегі жаңашылдардың бастамалары мен жобаларына қолдау көрсетіп, жүзеге асырылуына күш салады; автормен бірге күресіп, бастаманың тиісті жоғары орындарда қаралуына ықпал етеді. Педагогикадағы отандық және әлемдік озық идеялар қорын құрып жинақтайды. Сол идеялар негізінде баспасөзде көкейтесті мәселелер бойынша пікір айтыстар ұйым­дастырады. Қазақ халқының жаһандану атты алып айдаһардың шеңгелінде кетпей, тәрбиелік ұлттық құндылықтардың сақталуы үшін де күреседі. Міне, басты міндеттер осындай.

Осындай қоғамдық кеңес құру көптен бергі асыл арманымыз еді. Бірер рет бастап көргенбіз де. Бірақ қолдаушымыз, тізе қосы­сып, бірге жұмыс жасайтын беделді одақта­сымыз болмады. Жылдар бойы баспа­сөз беттерінде менің де, басқа да жаңа­шыл ұстаздардың көтерген баста­малары қолдау таппақ түгіл оқыл­май қалып жатты. Ақыры, «Егемен Қазақстан» газетін­де жарияланған мақала өз ықпа­лын тигізіп, ойымыз жүзеге асты. Кеңесте қаралатын мәселе, атқарылатын істер орасан көп.

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
 «Ойсалым» қоғамдық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі