Кеше «Нұр Отан» ХДП-ның ұйымдастыруымен еліміз көлемінде «Халық дауысы» жалпыұлттық акциясы басталды.
Үстіміздегі жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен ерекшеленеді. Осы жылдар ішінде біздің еліміз түбегейлі әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар жүргізу арқылы таңқаларлық нәтижелерге қол жеткізді. Мерейтой тек жүріп өткен жолдарды саралау ғана емес, ең бастысы, жаңа кеңістіктер мен жаңа басымдықтарды анықтау жолындағы ең маңызды сәт болмақ.
Дамудың жаңа кезеңіне аяқ баса отырып, «Нұр Отан» партиясы ел тұрғындарының өтініш, тілегін, ұсынысын жинау мақсатында «Халықтың дауысы» жалпыұлттық акциясын қолға алды. Ол бір уақытта еліміздің барлық аймақтарында басталды. Бүгін еліміздің жоғары оқу орындары ғимараттарында, ірі сауда орталықтарында, әуежайлар мен басқа да қоғамдық маңызды орындарда күні бойы қарбалас. Бұл жерлерге халық лек-легімен келіп, өз ұсыныс-тілектерін, нақты проблемаларын жазып, қалдырып жатыр. Оның барлығы нұротандықтардың назарына ілігетініне сенімді.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Бүгін «Нұр Отан» партиясы бүкіл еліміз бойынша «Халық дауысы» жалпыұлттық акциясын бастады. Осы акция арқылы жиналған тілектер мен ұсыныстар Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық міндеттерін тиімді жүзеге асыруға және партиямыздың жұмысын одан әрі жетілдіруге өз үлесін қосады деп сенім білдіреміз», – деп атап өтті.
Акция арқылы тілегін жеткізгісі келген мыңдаған қазақстандықтың арасында Еуразия ұлттық университетінің өкілдері де бар. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің деканы, профессор Тілеген Садықов «Халық дауысы» акциясының жұртшылық үшін маңызы өте зор. Оның үстіне бұл шара біздің университетте өтіп жатыр. Осы университетте еліміздің білікті жастары оқиды, олар еліміздің болашағы. Сондықтан бүгін айтылған ұсыныс, тілектердің барлығы биліктегілерге жетіп, одан нақты бір нәтиже шығатынына біз сенімдіміз. Бұл шара «Нұр Отан» партиясының билік пен халықты байланыстырудағы ең игілікті ісі деп бағалаймын, деді.
Өз тілегін жеткізу үшін Астанадағы «Хан Шатыр», «Керуен» сауда орталықтарына ағылғандар да өте көп болды. Мәселен, зейнеткер Сағидолла Бахралинов акция еліміздің саяси өміріне белсене араласуымызға мүмкіндік береді. Біздің «Нұр Отанға» жазған өтініштеріміз, ұсыныс, тілектеріміз міндетті түрде қаралады. Өйткені, ол – Президентіміздің партиясы, сондықтан мен сенемін. 20 жыл ішінде жеткен жетістіктеріміз аз емес. Оның барлығы тек ұлттық Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі, дейді.
Бұл ауқымды шараға кез келген қазақстандық қатыса алады. Ол үшін әрбір азамат партияның стратегиялық бағыттарымен сәйкес келетін ой-пікірлерін, өтініш-тілектерін жазып, арнайы белгіленген қағазды толтырса болғаны.
«Нұр Отан» партиясының сайтында арнайы бөлім ашылған. Сонымен бірге, өтініш, тілек пен ұсынысты akcia@otan.kz электрондық мекен-жай бойынша да жолдауға болады.