Қазақстан • 28 Шілде, 2017

Әсем тал және жүз жеміс ағашы

701 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Байқағанымыз, адам өзінің сауапты ісінен ләз­зат алса, кері ісінен қынжылысқа ұры­­на­ды. Иә, жақ­сы істің ауыры мен же­­ңі­лі бі­лінбейді, қайта шаршатпайтын же­лі­гі болады. Біз білетін Әлекең етек-же­ңі кең пішілген, көнтерлі де, мінезі ауыр, сал­мақ­ты кісі. Ат үстіне міне қал­са, екі тізесі ат­тың құлағын қағар, ертедегі батырлардай алып адам. Осындай ерекшеліктерінен бо­лар, Әлімбай ағамыз қуанғанын да, бір нәр­сеге ренжіп, қабақ шытқанын да аса байқата қоймайды. Алайда жа­қын әң­гімелесудің сәті келе қалған бір кез­дескенімізде: «Ауладағы жеміс аға­шы мен саялы ағаштар санын 151-ге жет­кіздім», деп хабардар етті. Қуанып тұр­ған­­дығы жүзінен білінді: – Жаңа жерге қо­ныс­танған 5-6 жыл аралығында жылма-жыл 15-20 шыбықтан отырғыза бердім. Мы­на жердің жоғарғы қабаты құнары жоқ ке­ріш топырақ болған соң, тізеден келер қа­зан шұқыр қазып, білетіндердің ақы­лымен ең астына шақпа тас салсам, оның үстіне ағаш жаңқасын төктім. Сонан соң топырақтың төрттен біріндей көлеміне көң араластырамын, – дейді бағбандықты кәсіп ете бастаған Әлекең.

Әсем тал және жүз жеміс ағашы

«Жақсыны көрмек үшін» деп жуыр­да Әлімбай Шерубаевтың ауласын ба­рып көру­ге де жол түсті. Расында атшапты­рым­­дай кең аула жеміс ағашы мен сая­лы ағашқа толы екен. Кіреберіс маңда жа­пы­­рағы жайқалған көктал қою кө­лең­кесімен бүр­кеп, шатырлы үйге ыстықты жібермей тұрса, онан бері жағалай біздің өңірге енді жерсіне бастаған оншақты туя ағашы ауланың сәнін кір­гізіп тұр.

– Ал мына ағаш – әсем тал деп айтылады екен, ер­­те көктемде әдемі гүл шығарады да, сонан соң ба­­йыз табады. Пілдің құлағындай үлкен жапы­рақ­тарын көрдің бе, ауаны желпіп, тазалап тұ­рады, – дейді бағбандыққа мойын бұрған отағасы.

Өзіміз мекен ететін Сыр өңірі расын­да шөлейт және жартылай шөлейт ай­мақ екен­­дігін жа­сыра алмаймыз ғой, кү­ні­нің көзі өткір, шаң суыратын же­лі де оқтын-оқтын бар екендігін білдіріп қояды. Сон­дықтан да әр үй иесі­нің өз ауласына түрлі жеміс пен сая­лы ағаш­тар егуі өте қажеттілік деп тү­сінген жөн. Аста­на қаласының маңына қан­ша­ма гек­тар жерге түрлі ағаштар отырғызуға пәрмен бе­ріп, жасыл белдеу орнат­қызған Президентіміздің игі ісі елге қаншама шарапат шашып тұр емес пе?! Уа­қыты қанша тығыз болса да, оны назарынан тыс қал­дырмаған Елба­сы әр өңірдің өсіп өркендеуі жалпы ел­дің көркеюіне апаратынын әр жиында қадап айтып, атқарушы орындарға тапсырып, елге үлгі көрсетумен келеді. Міне, осы орай­да бүгінгі кейіпкеріміздің ісіне сүйсініс білдіреміз. Енді шамалы уақыт­та жетпіс жастың жалына қол артатын ауылшаруашылық саласының ардагері Әлімбай Шерубаев зейнеткерлікке шықтым деп, төрдің төбесінде шалжиып­ жатуды әдет қылмаған адам. Таңғы сағат 6-дан орнына тұрады да, бау-бақша­сы­ның күтіміне кіріседі. Сонау 9-ға дейін ты­ным жоқ, ертеңгілік шәйланып ал­ған соң, тағы да кетпен-күрегін алып, қалыпты шаруасына кіріседі. «Жаңа өзің аралап көрген ауладағы 151 ағаш пен 33 атыз жоңышқаны бірсыпыра суару үшін 11 күн уақытым кетеді. Сонда айына үш реттен суарады екенмін. Оның арасында отақ шабу, жетіл­ген жоңышқаны орып жинау секіл­ді шаруаларым бастан асады, – дейді ол шат­тана сөйлеп. Міне, сөз ба­сын­да адам құмартқан ісі қанша ауыр, қиын болса да ләззат алады екен деп жат­қандығымыз сондықтан еді.

Әле­кеңнің ауласында әлгінде өзіміз тілге тиек ет­кен ағаш түрлеріне тағы айналып со­ғар болсақ, 20 түп жүзім биыл алғашқы жемістің нышанын көрсетті. Алма­ның саны – 24, шабдалы – 2, өрік 8 түп бол­са, мұнан өзге оншақты түп шие талы бар. Айтпақшы, ауланың сыртқы қа­ба­тын­дағы 14 түп көкжиденің иісі бұр­қы­рап, айна­ланы көріктендіріп тұр­ғаны бар. Батыр тұлғалы ағамыздың жеңгемізге деген құрметі де ерекше екен: «Мы­на гүлдерді Сәу­ле жеңгең ек­кен, мы­на қияр мен қызанақ та сол кі­сі­нің ең­бегі», деп қояды. Тағы бір атызда қы­­зыл­ша қаптап тұр екен, оны да жеңге­міздің қыз­метіне жатқызды Әлекең.

Жаңақорғандықтар жақсы біледі кезінде Әлім­бай Шерубаев совхозға бас­шылық жасаған ең жас ди­рек­тордың бірі бол­ды. Небәрі 32 жасын­да қиыр шет­тегі Қара­төбе ауы­лына, КПСС-тің ХХІV съезі атын­дағы сов­хоз­ға директор бо­лып та­­ға­йын­­далды. Жанына білікті ма­ман­дар аг­­роном Асан Нақышпанов, гидро­техник Әбжап­­пар Құдайбергенов, мал шаруа­шылығының бри­гадирі Құлмағанбет Исаханов сынды жастарды топ­тас­тырған директор кеңшарды 1994 жылы 1 млн 200 мың теңге пайдаға шығарды. Онан кейін­гі уақыттарда Қыркеңсе ауылында ауыл әкімі, Ке­лін­төбе кооперативінің төрағасы, аудандық жер бө­лі­мінде бас маман қызметтерін атқарған ол 2014 жылы зейнеткерлікке шықты. Сонан бері бау-бақшаның бағбандығымен шұ­ғыл­данып жүр. Айтпақшы, аудан орталы­ғына орныққан соңғы оншақты жыл көлемінде жас кезіндегі өзі сүйетін волейбол спортына ден қойды. Аудандық ардагерлер командасының белді мүшесі. Жаз айында Алматыға арқалы ақынымыз Олжас Сүлейменов атындағы турнирге қаты­сып, өзімен де жүздесіп қайтты.

Иә, өмірді мәнді де, мағыналы өт­кізу әр адам­­ның өз қо­лында. Соның жарқын үл­гі­сін жаңа­­қор­ған­дық Әлім­бай Шеру­баевтың өмір жолынан бай­қар едік.

 Нұрмахан ЕЛТАЙ

Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы