Аймақтар • 28 Шілде, 2017

Ақтаулық раллишілер «Дакарға» қатысады

120 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жібек жолы» жарысы Ресейден басталып,  Қытайдың Сиань қаласында аяқталды.  «Силк Уэй» жүлдесі үшін әлемнің 30-дан аса елінен, 40-қа жуық экипаж қатысқан сайысқа ақтаулық «АқтауМотоСпорт» экипажы Т2 аталы­мы бойынша қатысқан еді.

Ақтаулық раллишілер «Дакарға» қатысады

Бастапқыда раллимен жастық қызығушы­лықпен айналысып бастаған қос жігіт – Кирилл Черненков пен Алексей Мун аталмыш сайыста 1-орынға қол жеткізіп, жұртшылықты таңғалдырды. Бұдан он жыл бұрын спорттың осы түрімен шұғылданған жігіттер өз қаражаттарына «Ниссан» автокөлігін сатып алып, Маңғыстаудың ойлы-қырлы жерлерінде, Сенек, Ұштаған өңірлеріндегі құмдарға жаттыға бастайды. Әсіресе, «Жібек жолы» сайысына дайындықты бір жыл бойы үзбей аталмыш құмдарда өткізеді. 14 кезеңде 9 мың шақырымды жүріп өтіп, небір табиғаттың тосын мінездеріне тап болған, қиын жерлермен жүріп өткен ақтаулық пилоттар жеңімпаз болғандарына алғашында өзге түгілі, өздері де сенбеген. Ақтаулық 30 жастағы раллишілер енді «Ралли Дакарға» қатысу үшін дайындықты бастап кетті.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы