БӘСЕКЕЛЕСТІК АРНАСЫ КЕҢИТІН БОЛАДЫ
Елбасының «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру шаралары туралы» 2010 жылғы 17 тамыздағы Жарлығы құқық қорғау органдарындағы жанама қызметтерді бәсекелестік ортаға беру міндетін көздейді. Осыған байланысты, көлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу Көлік және коммуникация министрлігінің құзырына берілді. Қазір ведомствоның өңірлік құрылымдары ұйымдастыру шараларын толықтай аяқтап, алдағы 1 қаңтардан бастап маңызды шараны өткізуге кіріседі.
Жылдар бойы МАИ органдарына жүгінетін халық бұл қадамды қалай қабылдауда, оның тиімділігі мен қауіпсіздігімізді қамтамасыз етудегі орны қандай болмақ? «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша тілшісі Бақберген Амалбек Көкшетаудағы «Солтүстік» өңіраралық көлік бақылау инспекциясының бастығы Қанат Құлжановқа:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Бұл, ең алдымен, көлік құралдарының техникалық ақаусыз жұмыс істеуін, қоғам мүшелерінің өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оның үстіне, өркениетті қоғамдағы бәсекелестік ортаны нығайтып, жекеменшіктік нұсқаның белсенділігін дамытады. Яғни, жұртшылыққа көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, оның сапалық бағамын арттырады.
Бүгінгі күні көлік құралдарын міндетті техникалық бақылаудан өткізу шеңберін кеңіту мәселесіне қатысты Үкіметтің екі қаулысы мен министрліктің екі бұйрығы қабылданып, күшіне енді. Аталған құқықтық база халықаралық нормаларға сай келеді және бәсекелестік ортаның үйлесімді қызметіне кепілдік береді. Ал, мемлекеттік автоинспекция байқауды өткізбейді, бірақ, қозғалыс құралдарының техникалық жай-күйін қадағалау қызметін сақтайды. Бөлектеп айтарым, біздегі нұсқа Болгария, Испания, Франция мемлекеттеріндегі техникалық байқау ісінің жетілдірілген түрі деуге негіз бар.
Қазіргі таңда Қазақстандағы көлік құралдарының 80 пайызының пайдалану мерзімі 7 жылдан асады. Бұл – өте өзекті мәселе. Сондықтан, жаңа тәртіп техникалық байқауды заманалық бақылау-диагностикалық құралдармен жабдықталған арнайы орталықтарда өткізуді міндеттейді. Олар техникалық талаптардың мінсіздігін қамтамасыз етіп, жұмысты автоматтандыруды міндетіне алады.
Ақмола облысы.