Бұл жолғы дәстүрлі брифингті СІМ-нің жаңа ресми өкілі Алтай Әбибуллаев өткізді. Оны журналистермен болған брифингтің алдында Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко таныстырды. Р.Василенко сондай-ақ осыған дейін министрліктің ресми өкілі қызметін атқарып келген Асқар Абдрахмановтың шет елдегі дипломатиялық жұмысқа ауысуына байланысты бұл қызметтен босатылғанын хабардар етті.
А.Әбибуллаев брифингін осы аптада Қазақстанда халықаралық деңгейде ұйымдастырылғалы отырған ең басты оқиға – 12-13 қазанда Астана мен Семейде өтетін «Ядролық қарусыз әлем» атты халықаралық форум жұмысы екенін атаудан бастады. Форумды қазақстандық тарап айтарлықтай күш-жігер жұмсап, мазмұнды өткізуге ұмтылып отыр, деді ресми өкіл.
Форум аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев пен Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов форумға қатысатын бірқатар әлемге танымал саяси тұлғалармен, ядролық мәселелер жөніндегі халықаралық ұйымдар басшыларымен кездесулер өткізеді деп күтілуде екен.
13 қазанда сыртқы саясат ведомствосының басшысы Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығына орай ұйымдастырылғалы отырған митингке қатысып, онда сөз сөйлейді. Сондай ақ, Ержан Қазыханов Юкия Амано, Тибор Тот және басқа да форум меймандары бұрынғы полигонға ат басын тірейді, деді ресми өкіл.
10-11 қазанда әл-Кувейтте «Азия ынтымақтастық үнқатысуы жарқын болашақ жолында» атты оған мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің 10-шы отырысы болады, деп жалғады сөзін А.Әбибуллаев. Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай басқаратын болады.
Ресми өкіл 11-12 қазанда Астанада Еуропалық Одақпен саяси үнқатысу кестесіне сәйкес, «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» Ынтымақтастық комитетінің 11-ші отырысы өтетінін де хабарлады. Бұл жолы Қазақстан делегациясына Сыртқы істер министрінің орынбасары – Еуропалық Одақпен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Константин Жигалов басшылық етеді екен.
Брифинг соңында ресми өкіл қазанның 16-сы мен 19-ы аралығында Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған парламенттік делегацияның Парламентаралық Ассамблеяның Бернде өтетін Ынтымақтастық жөніндегі 125-ші отырысына қатысатынын мәлімдеді.
«Егемен-ақпарат».