Аймақтар • 29 Шілде, 2017

Қарағандыда «Аманат» сыйлығының лауреаттары анықталды

763 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Аманат – бұл біздің Ұлы Дала төсін мыңдаған жылдар мекен еткен көшпелі қазақ тайпаларының жадындағы рухжаңғырығы, атадан балаға мирас дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы деген ұғыммен байланысты қасиетті сөз.

Қарағандыда «Аманат» сыйлығының лауреаттары анықталды

Шынымен де, асыл аманаттар арқылы мезгілмен шектелмейтін құндылықтарымызға қайта орала отырып, ұлттық ерекшеліктерімізді көздің қарашығындай сақтауға мүмкіндік ашамыз.

Кеше Кеншілер астанасында тағы да бір игілікті істің жаршысы болдық. Жуырда ғана жүзеге асқан қанатқақты жоба – «Аманат» Қоғамдық тану сыйлығы Қарағанды өңіріндегі өз үздіктерін анықтады. Аталмыш сыйақы еліміздің әлеуметтік-экономикалық әрі қоғамдық-рухани өміріне елеулі үлесі бар тұлғаларға табысталады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған Қазақстан жаңғыруының ең басты негізі – тарихи, мәдени мұраны, рухани құндылықтарды сақтау, ұлттық кодты ояту идеясымен үндесжаңа жоба бүгінде «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоғамдық қоры, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, сондай-ақ, Қарағанды облысы әкімдігінен қолдау тауып отыр.

Жалпы, бұл бағдарламалық жоба жақында ғана жүзеге асқанымен, идея тамыры тереңде жатқандығы шындық.  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Аманат» қоғамдық таным сыйлығын тағайындау жөніндегі қоғам өкілдері кеңесінің бірінші отырысында кеңес төрағасы Мырзатай Жолдасбеков «Бағзы заманнан, мыңдаған жылдардан біздің қазақ халқының, арғы жағын айтсақ түркі, ғұн, сақ дәуірінде байтақ даланы, Ұлы дала елі - Қазақстанды мекендеген халықтың арманын орындаған кім? Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан біз бірінші сыйлықты елдің сан мың жылдық аманатын орындаған деп ардақтап, ең алдымен  бұл сыйлықты Елбасына беруіміз керек» деген пікір білдірген болатын.  

Шара шымылдығы Қарағанды облыстық К.Станиславский атындағы орыс драма театрында түрілді. Салтанатты кешке«Аманат» сыйақысын тапсыру бойынша кеңес төрағасы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы Мырзатай Жолдасбеков бастаған Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Ұлттық агроөнеркәсіп палатасының төрағасы Қажымқан Мәсімов, «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті Басқарма төрағасы Дарxан Қыдырәлі сондай-ақ, «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоғамдық қорының президенті Зәуре Бейісова мен «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада қатысты.

Жалпы 100-ден астам өтінімнің ішінен  «Аманат» сыйлығына ие болған қарағандылық 7 үміткер жаңа жобаның жеңімпаздары атанды. Олар, Теміртау қаласының Құрметті азаматы, Елбасының серіктесі Қуаныш Омашев, ҚР еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің кавалері Рымбала Омарбекова, көрнекті суретші, Елбасы бастамасымен құрылған «АТОМ» жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков, облыстық мәслихат депутаты Айман Түкбаева, «Шығыс» шаруақожалығының басшысы Шамиль Осин, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Вилен Молотов-Лучанский, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев және театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов.

Марапаттау рәсімі де өз ерекшелігімен көрермендердің көңіл көкжиегін кеңге құлаш серметті. Айталық, сыйлық иелеріне табысталған кубоктың өзінде қаншама мән-мағына бар. Шаңырақ үлгісінде құйылған алтын түстес кубоктың ішіне Арқаның бір уыс топырағы түйілген. Сыртын қаптаған былғарыға:

«Жер - елге аманат;

Ел - ерге аманат;

Ер - жанға аманат;

Жан - тәнге аманат;

Тән - жерге аманат;

Бәрі Аллаға аманат...»деген баталы сөз жазылған.

Одан бөлек, іс-шара барысында «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің президенті Ырза Тұрсынзаданың авторлық жобасы «Бабалар аманаты» галереясын жұрт жылы қабылдады. Ол галереяда Арқаның аузы дуалы атақты би-шешендерінің, ақын-жазушыларының аталы сөздері жұмсақ матаға алтын жіппен кестеленіп жазылған. Болашақта Қазақстанның барлық аймағында өткен абыз да аңыз тұлғалардың уәлі сөздері осы галереяда көрініс таппақ.

Аталмыш қорсонымен қатар, «Аманат» жобасыны аясында ҚР Мəдениет жəне спорт Министрлігінің «Қазақстанның сакралды географиясы» Бағдарламасына қолдау көрсету барысында Қарағанды облысының тарихи жəне көрікті мекендеріне экспедиция жасаған. «Vega Invest Films Media Production» продюсерлік орталығымен бірлесіп бірнеше деректі фильм түсірген шығармашыл топ, салтанатты кеште тұсаукесер жасады. Оның сыртында әзірге 30 метрлік  «Әлем кілемі» Панносы жұртқа таныстырылды.

  • Сыйақы мемлекетіміздің саясатын дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды жарыққа шығаруымыздан бастау алады. Жалпы «Аманат» жобасының Қарағанды өңірінен қадамдауы жайдан-жай емес. Ол - біздің Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Сарыарқа жерінде өзінің еңбек жолын бастап, саясаткер ретінде қалыптасқан өмір даңғылын астарлап тұр, - деді «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Хадиша Оспанова.

«Аманат» сыйлығы алдағы уақытта Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі өз қаһармандарын тауып, ең негізгісі – адамзаттың аманатын арқалаған тұлғалардыәлем алдында таныстыру болмақ.

Сарқылмас құндылықтарды сақтап, болашаққа жеткізу – Аманат. Ендеше біз де, дәстүрімізді дәріптеп, ұлтымызды ұлықтайтын аманат-жүрекке саламат тілейік!

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы