11 Қазан, 2011

Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан

932 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының 20 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына орай Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 1986 жылы алаңға шығып, көтерілістің зардабын тартқан желтоқсан жастарын қолдау туралы ұсыныс көтерді. Қазақстанның «Ақ жол» демократия­лық партиясы Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығын лайықты атап өту жөніндегі Қоғамдық комитет отырысында желтоқ­сан көтерілісіне қатысқан азаматтарға қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігін қарастыратын бастама көтеріп, Алматы қаласында қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік автокөлік тасымалдау ком­пания­ларының басшыларымен дөңгелек үстел отырысын өткізді. Жазушы Смағұл Елубай, Қазақстан Тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдиев, «Әділет» тарихи ағар­ту орталығының жетекшісі Бейбіт Қой­шыбаев, «Ұлы Дала» қозғалысының же­текшісі, саясаткер Айдос Сарым, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім, «Желтоқсан ақиқаты» газетінің бас редакторы Аманғазы Кәрібжанәулеті, «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов, «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса секілді бірқатар қоғам қайраткерлері бас қосқан жиында «Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтардың көбі үлкен қиындықтарға тап болып, бірі түрмеге қамалып, бірі жұмыстан қуылғандығын, білім алып жатқан оқу орындарынан шы­ғарылып, талай бозбала мен бойжет­кен­нің өміріне балта шабылғандығын және өмір­ден өз орнын тауып, мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жағдайлары болмай, әлеу­меттік ахуалын жақсарта алмай күйзел­ген­дігін, бү­гінгі Тәуелсіздігіміз үшін за­мандаста­ры­мыз өз болашақтарын құрбан еткендігін» атап өтіп, отырыс барысында «Ақ жолдың» көшбасшысы Азат Перуашев бүгінгі басқосудың мақсаты саяси қадам емес, ұлт тарихын ұлықтау екендігін баса айтты. Партияның бұл бастамасын Атырау, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстары мен Астана және Алматы қалалық автопарк бас­шы­лары үлкен ықыласпен қабыл алды. Бұл ұсынысты азаматтық парыз деп қа­был­даған автопарк басшылары тіпті қо­ғам­дық көлікте тегін жүру үшін жалтоқ­саншыларға арнайы жол жүру билеттерін ұзақ мерзімге беруге ықыласты екендіктерін жеткізді. Қарағанды облысының та­сымалдау қызметі «ТТS» ЖШС-нің ди­рек­торы М.Берқалиев Қоғамдық коми­тет­тің құрылғанына ризалығын білдіріп, осы ұйымның жұмысына шын ниетпен ат­салы­сатындығын айтты. Отырыс бары­сын­да Қоғамдық комитет пен Қазақ­станның «Ақ жол» демократиялық пар­тиясы және автопарктер арасында келісімге қол қойылды. Осы құжаттың негізінде автопарктер қоғамдық комитет бекіткен тізім бойынша желтоқсаншыларға қоғамдық көліктерде тегін жүруі үшін арнайы билеттер дайындап, жақын күндерде табыс ете бастайды. Бұдан өзге осы отырыста Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығын лайықты атап өту мақсатында еліміздің барлық қала­ла­ры мен аудандарында Желтоқсан көтері­лі­сі тақырыбында арнаулы іс-шаралар ұйымдас­ты­рылып, қала көшелеріне ар­нау­лы билбордтар ілінетін болады. Сон­дай-ақ, қоғам­дық ұйымдар мен қоғам қай­раткерлерінің ұсынуы бойынша жел­тоқ­санға қатысқан және қуғын-сүргінге тап болған азаматтарға мемлекеттік дә­ре­жеде арнаулы марапат тағайындау ұсы­ны­сы да қабылданды. Желтоқсан көтерілісінің 25 жыл­ды­ғын лайықты атап өту жөніндегі Қоғам­дық комитет Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының ұйытқы болуымен 2001 жылдың 14 қыркүйегінде құрылып, оның төрағасы болып белгілі қоғам қайраткері, жазушы әрі желтоқсан тақырыбын зерттеуші ғалым Смағұл Елубай бірауыздан сайланған болатын. Қанат ЕСКЕНДІР. Алматы.