Қазақстан • 30 Шілде, 2017

Астанада өткен 25-ші «Опералия» байқауының жеңімпаздары анықталды

228 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Опера өнерінің 25-ші Халықаралық байқауы өз мәресіне жетті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «ЭКСПО-2017» бағдарламасы аясында 24-29 шілде күндері «Астана Опера» МОБТ-да өткен сайыс осы жылдың жарқын мәдени оқиғаларының біріне айналды, деп хабарлайды BAQ.kz ақпарат агентігі.

Астанада өткен 25-ші «Опералия» байқауының жеңімпаздары анықталды

Жыл сайын «Опералияға» қатысу үшін жүздеген үміткер өтінім береді, олардың ішінен тек 40 адам ғана халықаралық әділқазылар алдында өнер көрсету үшін таңдалады. Әр кездері вокалдық жарыс әлемнің түрлі қалаларында өткізіліп келеді. Осы жылы 17 елден келген әртістер Астанаға ат басын бұрды. Пласидо Доминго дауыс беруге қатыспайтыны белгілі, бірақ барлық байқау кезеңінде әншілерге белсене көмек көрсетеді: олардың шығармашылығы мен өнеріне қатысты ақыл-кеңес беріп, дұрыс жолға бағыттайды. Ең жас вокалистердің Пласидо Домингоның Лос-Анджелес (АҚШ) пен Валенсияда (Испания) ашқан жастар бағдарламасына қатысу мүмкіндігі бар. Бірақ, осындай бақытқа ие болған жанды байқаудың ұйымдастыру комитеті шешеді.

Rolex компаниясы «Опералия» байқауын осымен 16 жыл қатарынан мақтанышпен ұсына отырып, өзінің өнерге мәңгілік адал екенін паш етеді. Пласидо Доминго 1982 жылдан бастап Rolex компаниясының өкілі болып табылады, және Rolex компаниясы кәсіби кемелденуге ұмтылған жас дарынды орындаушыларды қолдау аясын кеңейтуге қуанышты.

Дәстүр бойынша байқаудың финалдық кезеңінің ресми ашылуынан кейін П.Доминго «Астана Опера» симфониялық оркестрінің дирижерлік пультіне жайғасты. Егер алдыңғы кезеңдерде қатысушылардың қазылар алдында 2 туынды орындау мүмкіндігі болса, ақтық сайыста 14 қатысушы бір опералық ариядан әзірлеген.

Сарсуэланы үздік орындағаны үшін 5 қатысушы-үміткер опереттаға жақын осы испан музыкалық-сахналық жанрынан бір ариядан орындады. Нәтижесінде, Пласидо Домингоның анасы, Пепита Эмбил де Доминго сыйлығы және 10 мың доллар Адела Захариаға (сопрано, Румыния) бұйырды, ал маэстро Домингоның әкесі, аға-Пласидо Доминго сыйлығы мен 10 мың долларды Марко Чапони (тенор, Италия) алды.

Рихард Вагнер мен Рихард Штраус операларынан репертуарды үздік орындағаны үшін атақты швед әншісі Биргит Нильсон атындағы қосымша жүлде мен 15 мың доллар көлеміндегі ақшалай қаражат Оксана Секеринаға (сопрано, Ресей) және Борис Приглге (бас-баритон, Чехия) бұйырды.

Опера ариялары мен сарсуэла шырқалғаннан кейін, барлық қатысушылар Пласидо Доминго жетекшілігіндегі «Астана Опера» оркестрінің сүйемелдеуімен маэстроның ұлы, кіші-Пласидо Доминго жазған «Опералияның» ресми әнұранын орындады.

Финалдық кезең аяқталған соң, әділқазылар ғана емес, сондай-ақ көрермендердің де сүйікті қатысушысына дауыс беру мүмкіндігі болды. Алдын-ала берілген қызыл және көк түсті карточкаларды байқауға қатысушылардың суреттері бекітілген арнайы қораптарға тастады. Rolex компаниясының өкілі Rolex қол сағаты түріндегі Көрермен көзайымы жүлдесін Мария Мудряк (сопрано, Қазақстан) және Леон Ким (баритон, Корея Республикасы) табыс етті.

Опералия қатысушыларының деңгейі жыл сайын артуына байланысты, бəсекелестік те қыза түсуде, биыл Астанада өткен байқауда маэстро Пласидо Доминго ақтық сайысқа жеткен, бірақ негізгі ақшалай қаражатқа қол жеткізе алмаған əрбір қатысушыны 5000 доллар көлемінде ынталандыру сыйлығымен марапаттау туралы шешім қабылдады. Ынталандыру сыйлығына: Руперт Энтикнап (контртенор, Ұлыбритания), Су Ён Пак (сопрано, Корея Республикасы), Влада Боровко (сопрано, Ресей), Эммет О’Хэнлон (баритон, АҚШ), Руслана Коваль (сопрано, Украина), Дамиана Мицци (сопрано, Италия) ие болды.

Адела Захариа (сопрано, Румыния) және Леви Секхапан (тенор, Оңтүстік Африка) опера өнерінің Халықаралық «Опералия» байқауының бірінші жүлде жеңімпаздары атанып, ең жоғарғы 30 мың доллар көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орын және 20 мың доллар марапаты Кристина Мхитарянға (сопрано, Ресей) және Давиде Джустиге (тенор, Италия) бұйырды. Үшінші сыйлық пен 10 мың долларды Мария Мудряк (сопрано, Қазақстан) және Леон Ким (баритон, Корея Республикасы) алды.

- Көптеген әншілер дайындалған, оқыған болуы мүмкін, бірақ «Опералия» болмағанда олар туралы қашан мәлім боларын кім білсін. Міне, бұл «Опералияның» негізгі міндеті – әлемге жаңа әртістерді танытып, олардың атақты ету, - деп атап өтті маэстро Доминго.

«Опералияның» құрметті қонағы КСРО Халық әртісі Бибігүл Ахметқызы Төлегенова болды. Ол әнші, музыкант, дирижер Пласидо Домингоның әлемдік деңгейдегі ерекше дарынды тұлға екенін атап өтті.

- «Опералия» байқауының Қазақстанда, елордамызда өткені біз үшін үлкен құрмет, орасан зор мақтаныш, - деді Бибігүл Төлегенова.