Білім • 31 Шілде, 2017

Ойды ой қозғайды

423 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Білім беруде практикалық сабақтардың маңызы зор

Ойды ой қозғайды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жоғары оқу орындарын аяқтап, үлкен өмірге жолдама алған жастардың білімді де білікті маман болуы үшін көп үйреніп, көп ізденуі жайлы ойлар айтылған. Шынында да, жоғары оқу орындарында білім алып, практикалық сабақтарды терең меңгерген жастардан іскер басшы шығатыны сөзсіз. Осы орайда өзім көріп жүрген, отыз жылдан астам қызметімде орын алған жайларды ортаға сала кетсем артық болмас.
Еліміздің бірқатар білім ордаларының, әсіресе, жеке оқу орындарының өндіріспен кәсіби қатынасы, жасырары жоқ, тек қағаз жүзінде ғана орындалып, іс жүзінде бағытты да бағдарлы жүзеге асып отырған жоқ. Басты кілтипан – мамандандырылған практикалық оқу жүйесінің жеке пәндер бо­йынша қалыптастырылмауы. Кеңес дәуіріндегі оқу, ғылыми-зерттеу тәсілдері бүгінде ескірген, оларды жаңарту үшін соған сәйкес оқу базасы керек. Демек, білім ордаларының басым бөлігі жеке оқу орындары болғандықтан, тиісті оқу базасын жетілдіруге мүмкіншіліктері белгілі бір шеңберден аса алмай жатады. Өкінішке орай, осындай жайттар бірқатар мемлекеттік білім ордаларында да  дәстүрге айналып барады.  
Кезінде инженерлік маман­дықтар 5 жылға жобаланып, білім алу процестері кезең-кезеңмен жүргізіліп отырды. Онда алғашқы екі жыл жалпы инженерлік бағытта өрбісе, келесі жылдар тікелей мамандандырудың еншісіне тиді. Күнделікті сабақтардың әрқайсысы академиялық екі сағатқа жұпталып, қалыптасқан жүйеде жүзеге асырылды. Бастауыш курстардың өзінде екі апталық оқу практикалары жүргізіліп, студенттер кәсіби құрал-жабдықтармен танысушы еді, оның соңы есептік сабақпен аяқталатын. 3-4 курстардан соң 2 айлық технологиялық практикалар орындалатын. Жекелеген мекемелерге немесе өндіріс орындарына студенттер ақылы іссапарға аттандырылатын. Оларға арнайы жетекшілер де бекітілетін. 
Бүгін ше?.. Не себептен сол Кеңес кезіндегі жолын тапқан кейбір тамаша практикалық әдістемелерден қазіргі білім беру жүйесі бірден шығып кетті? Оның орнын толтыратын практикалық жаңа оқу жүйесінің де толық маңыздылықта қабылданды деуіміз асығыстық сияқты. Неліктен практикалық сабақтардың 3 деңгейлі өтуі бүгінгі білім жүйесіне ұнамады, әлде бұл дәрменсіздігімізден туып отырған амал ма, әлде білім беру жүйесінің екі сатылы (бакалавр, магистратура) жүруіне қалыптастырылған жаңа бағыт па? Бірақ, бакалавр жүйесінің өндіріспен байланысы тым төмен, өйткені практика өтетін өндіріс орнымен студент өзі келісімшартқа отырады. Оның немен аяқталып жатқаны өндіріс орындарына жақсы мәлім. Сондықтан болар, олардың қай-қайсысы болмасын жас түлектерге риза емес, оларға бірден жауапты істерді сеніп тапсыра бермейді. 
Қазіргі таңда жас мамандарды жұмысқа алу процесі мемлекеттік деңгейде жүйеленбеген. Дәлірек айтсақ, Білім және ғылым министрлігінде практикалық оқу жүйесіне арналған тиекті бағдарлама да жоқ, оларды қаржыландыратын гранттар да қарастырылмаған. Өндіріс орнын көрмей-ақ жас түлектер жұмысқа тамыр-таныстық, жекжаттық жолмен орналасып алады. Әрі өндіріс орындарының барлығы дерлік жеке басқарылымда, олар жас маманды алып, онымен 3 жыл көлемінде тәжірибе өткізуге еш дайын емес, әрі бұл әрекет оларға экономикалық тұрғыдан да тиімді бола бермейді.
Осындай ойлар Алматыдағы Л.Б. Гончаров атындағы Қа­зақ автомобиль жолдары акаде­мия­сы­ның мамандарын да толғантып отыр. «Ойды ой қозғайды» дегендей, мен осы мекеменің ректо­ры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Р.Қаба­шев­пен осыдан жеті жыл бұрын ой бөліс­кен едім. Бұл арада аталмыш академия базасында жол-өнді­ріс­тік зертхана ашу мен оған студент­терді өндіріске тарту мәселесі талқыланды. Екеуара жүргізілген пікір тұп-тура бір жылға созылды. Мен өз тәжірибемде болған жайттарды ортаға салдым.
2004-2006 жылдар арасында мен Көлік және коммуникация­лар министрлігі Көлік инфра­құры­лымын дамыту комитетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқардым. Осы аралықта министр­лікте Қазақстан автожол сала­сын 2006-2012 жылдар аралығында дамыту мен онда «Облжолзертхана» мемлекеттік мекемелерін ашу бағдарламалары қатар әзірленді. Бағдарламалар өте сәтті әзірленіп, бірден жүзеге асырылу істері жүріп кетті. Міне, маған да ойтүрткі болған осы бағдарламалардың еліміздің автожол саласына өте сәтті енгізілуі болды.  Сол жылы Көлік және коммуникациялар министрлігі аса маңызды үшінші бағдарламаны  бекітті – ол Қазақстанда аймақтық оқу орталықтарын ашу еді. Бұл оқу орталықтарының мақсаты саланың мекеме басшыларын, инженерлік қызметкерлерін, жұмысшы мамандарының кәсіби деңгейін көтеру болды. Осындай оқу орталығының бірі Алматы қаласындағы «ҚазжолҒЗИ» АҚ-қа тиісті болды. Мекеме басшылығы осы оқу орталығына басшы етіп тағайындады. 
2011 жылы жоғарыда аталған білім ордасы өзінің оқу базасында жол-сынақ зертханасын ашып, оны Қазақстан Республикасының нормативтік талаптарына сәйкес аттестациядан өткізді. Сол жылы зертхана Жамбыл облысының 2450 шақырым жолына диагностикалық зерттеулер жүргізіп, техникалық құжаттандыру жұмыстарын екі жыл көлемінде сәтті аяқтады. Бұл техникалық жеке білім ордаларында жүргізілген алғашқы ғылыми-зерттеу жұмыстары десем, артық айтпағаным болар. Өйткені ғылыми-зерттеу және инженерлік қызмет көрсету жұмыстары 2012 жылдан бастап өзінің ауқымын одан әрі кеңіте бастады. Жергілікті жолдармен қатар ведомстволық жолдардың жаңа құрылыстары мен қайта салу жобалары да зертхананың қоржынын толтыра бастады. Ғылыми-өндірістік департаментке ауысқан бес жыл көлемінде зертхана 2 рет мемлекеттік аттестациядан өтіп, аккредитациялық құжатқа ие болды. Оның зерттеу аумағы республикалық маңыздағы жолдармен толықты. Өткен жылдан бастап «Қандыағаш – Комсомол – Денисовка – Рудный – Қостанай» автожолындағы Тобыл темір жол көпірінің құрылысына техникалық бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді. 
Департамент зертханасында небір ғылыми зерттеулер жүргізіліп, оның кейбір озық нәтижелері республикалық патенттерге ие болуда. Солардың бірі – жоғары жылдамдықтағы автомобиль жолдарындағы қысқы тайғаққа әзірленген технология. Бұл технология химиялық реагенттерді сұйық күйде пайдалануға арналған. Сұйық реагенттерді жол бетіне сұйық күйде шашу Қазақстанда тәжірибеден өтпеген технология. Бұған басты қолбайлау сол сұйық реагенттерді әзірлейтін арнайы қондырғылардың автожол саласында жоқтығы. Сол сияқты, Қазақстанның оңтүстік өңірінде орын алған бірігу мүмкіндігі аса төмен топырақтарды жол үйінділеріне пайдалану мәселелерін шешу де осы зертханада зерттелді. Департамент мамандары шетелден алынған біріктіру қасиеттері жоғары материалдардың техникалық сипаттылығын зерттеп, олардың топырақ құрамына шашу нормаларын аталмыш өңірдің климаттық және топырақтарының сипаттылықтарына қарай анықтады. Аталмыш зерттеулер жас ғалымдардың диссертациялық зерттеулері негізінде жүргізілді.
Білім ордаларын ғылыми-өндірістік іске қосу мен осы негізде болашақ мамандарды өндіріске машықтандыру үлгілерін ғылыми-әдістемелік жаңалық деп қарауға толық негіз бар. Білім ордаларында кәсіби сынақ зертханаларын ашпайынша және оларды бір жүйеге келтірмейінше жас мамандарды өндіріс орындарымен тығыз байланыстыру орындала қоятын қарапайым іс емес. Білім және ғылым министрлігі Қазақстан автожол саласында жүзеге асқан тәжірибелердің негізінде барлық білім ордаларында осы бағытта грант бөлу мәселесін шешсе, қазақстандық білім ордаларында әзірленген мамандарға технологиялық практикалар ашудың жаңа тынысы ашылған болар еді.  

Әбді ҚИЯЛБАЕВ,
Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары академиясы ғылыми-өндірістік департаментінің директоры
АЛМАТЫ