Президент • 31 Шілде, 2017

Бұл осылай болған

185 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Елбасы жайлы бір үзік сыр. Мемлекетті құтқару үшін бір ғана ұлы адам жеткілікті. - Мари Франсуа Вольтер

Бұл осылай болған

Күміс қанат ұшақ Внуково әуежайына келіп қонғанда ымырт үйіріліп қалған еді. Қас-қағым сәтте-ақ қараңғылық қоюланып шыға келді. Сумаңдаған суық жел алып ұшақтың жылы салоны­нан шыққан жолаушылардың қой­ын-қонышын кеу-
леп, денесін тіті­рет­ті. Шыңылтыр аяз бет шымшиды. «Ал­матыда ауа райы ашық, күн жылы еді, – деп ойлады ол. – Мәскеу аспанын қор­ғасындай ауыр, қарақошқыл бұлт тор­лап алыпты. Осындай көз байлайтын бұлыңғырлықты жаным сүймейді. Та­биғаттың да, оның ең ғажайып туын­дысы адамның да ашық, жайдары бол­ға­нына не жетсін. Жүрегім асау аттай ту­лап, атқақтай соққаны несі? Сезімім ал­дамаушы еді, бұл ненің белгісі?.. »
– Нұрсұлтан Әбішұлы, саламатсыз ба? – Ол ой орманынан шығып, дауыс шыққан жаққа қарады.
– Саламатсыз ба?
– Мен Борис Николаевичтің тапсырмасымен сізді тосып тұрмын.
– Жайшылық па?
Аспан түстес көгілдір көзді, сұңғақ бойлы, сұлуша жігіт жарықшақ дауыс­пен жасқана сөйледі: 
– Борис Николаевич шұғыл хабар­ла­суыңызды өтінді. 
Екеуі жүре сөйлесіп аса мәртебелі жолаушылар аяқ суытатын бөлмеге ке­ліп кірді. Ельциннің өкілі Беловежге қо­ңырау шалды да, телефон трубкасын Назарбаевқа ұсынды. 
– Нұрсұлтан Әбішұлы, дәл қазір шұғыл түрде Беловежге ұшып келуіңді өтінемін, – деді Ельцин. 
– Не үшін? – деді Назарбаев Ель­циннің асығыс сөйлеген даусынан әл­де­­бір абыржушылықты аңғарса да, қа­шанғы әдетімен сабыр сақтап.
– Ресей, Украина, Белоруссия үштігі шұғыл түрде аса маңызды құжат әзірлеп, тап осы жерде соған қол қоямыз. Соған Қазақстанның төртінші болып қосылуын қалаймыз. Шушкевич пен Кравчуктың да өтініші осы.
– Ол құжат не туралы?
– Кеңес Одағын тарату туралы. 
Ельциннен соң Белоруссия басшысы Шушкевич те, Украина президенті Кравчук та Назарбаевпен телефон арқы­лы тілдесті.
Ресей, Белоруссия, Украина пре­зи­­­денттері Қазақстан Президенті На­зар­баевқа үшеулеп салмақ салғанда бә­рі­нің айтатыны бір сөз: шұғыл түрде Беловежге ұшып келіп, аса маңызды құжатқа Қазақстан атынан қол қою. Жаратылысынан кеңпейілді болса да, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ұсынысты қабылдай алмады. «Үш бірдей ірі мемлекеттің атынан сөйлеп тұрған аса мәртебелі, биік бе­делді ескі достарымның көңілін қанша қи­масам да, қиналсам да, ел сенімін ақ­тау­ым керек. Маған халқымның қамы­нан қымбат ештеңе жоқ!» Қас-қағым сәт­те осыны ойлап үлгерген Қазақстан басшысы шұ­ғыл шешім қабылдады.
– Елмен ақылдасып, кеңесіп алмай ондай аса жауапты құжатқа қол қоя алмай­мын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Пре­зидентінің кесімді сөзінен кейін үш­тік одақ өз істеріне кірісіп кетті. 
Ал ол қайтадан ой орманына оралды.

«Сонда бұл қалай болғаны? Тұйық­тан шығуға жанталасқан Горбачев елде қалыптасқан жағдайды талқылау үшін Украина, Белоруссия, Ресей және Қазақстан президенттерін Кремльге шақырған жоқ па еді? Сол сәтте емес пе, Ельциннің маған телефон шалып: «Мен Белоруссияға ұшпақпын. Кравчук та сон­да келмекші. Сол жерде ақыл қосып, Горбачевқа нақты ұсыныспен келеміз» дегені.


«Сонда бұл қалай болғаны? Тұйық­тан шығуға жанталасқан Горбачев елде қалыптасқан жағдайды талқылау үшін Украина, Белоруссия, Ресей және Қазақстан президенттерін Кремльге шақырған жоқ па еді? Сол сәтте емес пе, Ельциннің маған телефон шалып: «Мен Белоруссияға ұшпақпын. Кравчук та сон­да келмекші. Сол жерде ақыл қосып, Горбачевқа нақты ұсыныспен келеміз» дегені. Горбачев Одақтық шарттың барлық нұсқасында өзінің жеке билігін сақтап қалуға жанталасып бағуда. Ал Ельцин бастаған топ оған жол бергісі жоқ. Осының соңы саяси тайталасқа апарып соқпаса жарар еді. Горбачевтің бұлаңқұйрық саясаты күмәнді көбейтіп, тұманды қоюлатып барады. Соның салдарынан елдегі экономикалық қана емес, саяси реформалар да тұйыққа тіреліп тұр. Тұйықтан шығар жол қайда? Ельцин, Кравчук, Шушкевичтің ойында не бар? Қазақстан үшін қай жол тиімді? Менің қандай байлам жасағаным жөн. Саясат та егін сияқты, не ексең, соны орасың. Әліптің артын да баққан жөн шығар, әйтсе де, қапы қалуға хақым жоқ. Өмірдегі өзгерістерге орай уақытпен бірге адымдайтын батыл да шұғыл шешімдер керек. Өрең жетсе оқиға мен уақыттың алдын орап кет. Саясатта асығуға да, кешігуге де болмайды...»

Айнымас серігіне айналған ауыр ойлар Нұрсұлтан Әбішұлына түн ортасына дейін ұйқы бермеді. Қанша кеш жатса да қанға сіңген қашанғы дағдысымен ерте оянып, төсектен сергек тұрған ол ер­те­сіне күнілгергі келісім бойынша Кре­мльге, Горбачевқа келді. Нұрсұлтан Назарбаев Гор­бачевтің жеке өзімен көзбе-көз сөй­ле­сермін деп ойлаған, әйтсе де, Ельцин де сонда екен.

Үшеуінің арасындағы қиюы қаш­қан қиын әңгіме екі сағаттай созылды. Горбачев пен Назарбаевтың сұрақ­та­рына Ельцин толыққанды жауап бер­ді. Беловеж қорығында бас қосқан үштіктің атынан Советтік Социалистік Республикалар Одағының таратылғаны және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жарияланғаны айдан анық болды. Сол сәт Горбачевтің жалтыр басы сол жақ шекесіндегі қалына дейін тершіп, сұрғылт жүзі онан әрі сұрланып шыға келді...

Кремльден шыға салысымен Қазақ­стан­ның Мәскеудегі елші­лі­гіне келген Нұрсұлтан шетел жорналшыларының үл­кен тобымен баспасөз мәслихатын өт­к­ізді. Ол өзінің Мәскеуге уағдаластық бой­ынша Одақтық шарттың жобасын тал­қылау мақсатында Ресей, Украина, Бе­лоруссия басшыларымен кездесу үшін келгенін, алайда, күтпеген жағдайға тап болғанын, Беловеж үштігіне ешқандай қар­сылығы жоқтығын айта келіп, ұлт­тық, этникалық белгілермен саяси топ­тасудың аса қатерлі екенін қадап айтты. 

– Атом қарулары шоғырланған Ресей, Украина, Белоруссия, Қазақстан бір саяси одақта болғаны жөн. Мұның өзі бұрынғы кеңестік кеңістіктен ядролық қауіп-қатер болмас па екен деген дү­ние­жүзілік қауымдастықтың күдігін сейілтер еді, – деп атап көрсетті. 
КСРО құрамында болған респуб­ли­калардың тәуелсіздігін танып, саяси жаңаруды өркениетті жолмен жүзеге асыра отырып, олардың Біріккен Ұлттар Ұй­ы­мына мүшелікке өтуіне де жол ашу­ы-
­мыз керек деген ой баспасөз мәсли­ха­тының өзегіне айналды. 

Желтоқсан айының оныншы жұлды­зын­да Алматыда Нұрсұлтан Қазақ Со­веттік Социалистік Республикасы деген атауды Қазақстан Республикасы деп өзге­р­ту туралы Жарлыққа қол қойды. 

Бірауыздан мақұлданған Мә­лі­м­демеде Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығын құру барысында кеңестік ке­ңіс­­тіктегі республикалардың құқық­тық теңдігі сақталуы қажеттігі қадап ай­тылды. Сонымен бірге, Тәуелсіз Мем­ле­­кеттер Достастығының тең дәре­же­лі құ­­рыл­тайшысы болайық деген ұсы­ныс та күн тәртібіне қойылды. 


Сол тарихи күні бүкіл халық сай­ла­ған Қазақстан Республикасының тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қызметіне кірісуіне арналған Жоғарғы Кеңестің салтанатты мәжілісі болды... 
Нұрсұлтан салтанатты мәжілістен кеш қайтса да, жатар алдындағы жел­пі­ніске шықты. Түнгі Алматыны самаладай жарқыратып жіберген электр жарығы ашық аспанда жымыңдаған сансыз жұлдызбен жараса жарқырайды. Алатаудың мына бір тұсы алға қарап атылғалы тұрған тау тағысы – барысқа ұқсайды. Әне бір алқаракөк шыңның ұшар басына қона қалған ақшарбы бұлт қыз мойнына оралған ақ орамал сияқты. Айнала төңірек кешкісін жауып өткен жылы жаңбырмен шайынып, шаң, тозаңнан тазарып қалыпты. Тау жақтан соққан таза ауамен кеуде кере демалып, айналаға сүйсіне көз тастаған Оны сауалы көп, жауабы жоқ самсаған сан ойлар билеп алды. 

«Қазақстан мұхитта жүзген алып кеме. Ал оны мекендеген сан ұлт пен ұлыс­тан тұратын республика тұр­ғын­дары сол кемедегі шығарда жаны бір, тағдыры ортақ жолаушылар. Халық маған сол кеменің штурвалын ұстатты. Бұл кеме социализм жағалауынан ұзап кет­ті. Әзірге аты белгісіз арғы жаға­лау­ға жеткенше алда ұзақ жол жатыр. Оның қауіп-қатері көп, қиындығы да аз емес. Күні кеше жай ғана толқыған мұхит бүгін арыстан жалды ақшулан толқындарын аспанға атып, жүген-құрық тимеген шу асаудай тулайды. Көбіміз асау толқынның алғашқы дүм­пуіне шыдамай, сыр бере бастадық. Кеудесін күнге сүйгізген көкала мұхит төсінде екпіні қатты дауыл тұрып, алып кеменің өзін асықтай атып, қақпақыл ғып қақпасына кім кепіл? Сондай шторм кезінде штурвалда кірпік қақпай тұруға шыдаймын ба?! Шыдауын шыдармын-ау, Теміртаудың темір пешінде екі мың градустық отты көсетіп, өмірдің талай тезінен өткізген қайсар тағдырым төзімділікке де тәрбиелеген жоқ па? Мәселе тек қажыр-қайратта ғана ма екен, күрмеуі қатты күрделі ситуациялардан адастырмай алып шығатын ақыл-айла да керек емес пе? Ел тағдыры шешілер тұста жағдайлы жерде жанай, жағдайсыз жерде жарып өту парыз. Қандай қиын кезде де жол табуым керек. Қателесуге қақым жоқ…» 

Ащы ішектей шұбатылған ой желі­сін үзбей үйге кірген Нұрсұлтан Әбіш­ұл­ы­на Сара Алпысқызы телефон тұтқасын ұстата қой­ды.
– Кеш мазалағаныма кешірім, – деді алыс­тан сөйлесе де дауысы ап-анық ес­тілген Түрікменстан президенті Са­пар­­мұрад Ниязов.
– Оқасы жоқ, – деді Нұрсұлтан, – қазір уақыт санайтын кез бе?
– Оның рас. Мына славяндар Одақ құ­рып, осқырып тұр. Біз, мұсылмандар бір әрекет жасамасақ болмас. Ақыл қосайық. Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларын Алматыға шақыр.
– Ақылдасайық дегеніңіз жөн. Әйтсе де Алматыда емес, Ашхабадта жи­нал­ғанымыз дұрыс болар еді.
– Неге?
– Парсы тілінен енген Ашхабад де­ген сөз «ғашықтар қаласы» деген ұғым­ды білдіреді. Бірін-бірі сағынған орта­азиялық бауырлар ыстық сезімдерін ыстық жерде, ғашықтар қаласында айтса өртке тиген дауылдай өтімді болады.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, қысылтаяң шақта да әзіл-қалжыңың қалмайды-ау.
– Әзіл – көңілдің ажары, Сапармұрад Ниязович. Ал сөздің шынын айтып, мәселенің мәнісіне үңілсек те, тап осы кездесудің Алматыда емес, Ашхабадта өткені өте орынды.
– Неге?
– Себебі, жорналшы ағайындар қазірдің өзінде «Назарбаев мұсылман блогын құруға кірісті» деп жазып жатыр. Алматыда кездессек сондай жел сөзге жем боламыз. Дұрысы, біз сізге барайық.
– Онда келістік. Келіңдер, күтемін.

Осы әңгімеден кейін арада екі күн өткенде Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Тәжікстан Президенті Рохман Нәбиев Ашхабадқа ұшып келді.
– Ашхабадта күн ыстық, – деді Асқар Ақаев. 
– Адамдардың жүрегі күннен де ыстық, – деді Ислам Каримов. 
– Ғашықтар қаласында кездескен бауырлардың жүрегі бәрінен де ыстық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Әзіл-қалжыңмен басталған басқосу бүкпесіз пікір алысқан ашық әңгімеге ұлас­ты. Бірауыздан мақұлданған Мә­лі­м­демеде Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығын құру барысында кеңестік ке­ңіс­­тіктегі республикалардың құқық­тық теңдігі сақталуы қажеттігі қадап ай­тылды. Сонымен бірге, Тәуелсіз Мем­ле­­кеттер Достастығының тең дәре­же­лі құ­­рыл­тайшысы болайық деген ұсы­ныс та күн тәртібіне қойылды. 
Назарбаев бұл жолы да қателескен жоқ. 
– Славян одағына қарсы мұсылман мемлекеттер блогын құрсақ, оның соңы Балқан тауы мен Қарабахтағы қақты­ғыс­тан да асып түсетін қасіретке апара­ды, біз өз республикаларымыздың тұр­ғындарын ғана емес, Ресей мен өзге мем­лекеттердегі қандастарымыздың да тағдырын, олардың ағат шешімнің құр­баны болмауын ойлауымыз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев отты жанары жан-жағына сәуле шашып. 
– Жүдә, дұрыс, – деп қостады Назарбаевты қуанса да, ренжісе де түсін билеп, сыр бермейтін Каримов қашанғы әдетімен сабырлы қалпын сақтап.
– Шоң қазақтың мына сөзі шовинис­тер­ді шоңқитып кетеді, – деді манадан бері қайта-қайта басын шұлғып үнсіз отырған Ақаев қоп-қою қап-қара қасын керіп. 

«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген осы. Ашхабад мәлімдемесіне қол қойып, түрікмендердің шөл басатын көк шайын ішіп, көңілдерін бір демдеген Орталық Азия мен Қазақстан мем­лекеттерінің басшылары Памир тау­ла­рын ғана емес, сол таулардан да биік сая­си қиын асулардан асып, өз елдеріне оралды.

Ашхабад сапарында көңілін бір демдеген Нұрсұлтан Әбішұлының ойына жаңа бір идея келе қалды. 

«Ашхабад Мәлімдемесі кеңестік кеңістікте ғана емес, бүкіл дүние жү­зін­де жылы пікірлер туғызды. Осы орайы келіп тұрған оң өзгерісті ұтым­ды пайдаланып қалу керек. Сәті түсіп, мұ­­сыл­мандар одағына славяндар ода­ғын тарта алсақ ол қазақ үшін ғана емес, кеңестік кеңістіктегі барлық ха­лық­тардың бақытына қызмет етері анық. Тайталас отын тұтатпайтын ең тиімді тәсіл осы. Халықтарды қарулы қақ­тығысқа соқтырмаудан, ел тыныш­тығын сақтаудан қымбат ештеңе жоқ. Қалған шаруаларға рет-ретімен кірісеміз. Мақсат айқын, міндет көп. Жедел іске кірісу керек!.. ».

Осы ойға мықтап табан тіреген Нұрсұлтан Әбішұлы Ашхабад Мәлімдемесінде көте­рілген мәселелерді славяндармен бір­лесіп талқылау үшін Алматыда кез­де­суді ұсынды. Басым көпшіліктен қызу қолдау тапқан бұл ұсынысқа басында күдікпен қарағандар да болды. Соның бірі Ресей Президенті Б.Ельцин.
Бір қарағанда, ызаға толы көзімен сұп-суық ызғар шашып тұратын, қан­дай қиын сәттерде де сыртқы жүнін дүр­дитіп сыр бермейтін даланың азулы да айбынды, қайратты да қайсар қасқырын көзге елестететін, өзінің шалт қимыл, шалымды іс-әрекетімен де нағыз көкжал көкбөріні еске түсіретін Ель­циннің бойында ұлы державалық астамшылық дарытқан менмендік те, өзінің ақыл-қайратына арқа сүйеген сенім де, елінің қуатына табан тіреген серпін де бар еді. Соншалықты сом қасиеттермен сомдалған Ельцинді ұшақ баспалдағынан Нұрсұлтан Назарбаев­тың өзі қарсы алды. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның жымиған жылы жүзі мен орайын тауып айтқан орынды әзіл-қал­жыңынан соң Ельциннің қасаң тартқан қасқыр жүрегі жіби бас­тады…

Қазақстан Республикасы Прези­ден­ті­нің Алматыдағы резиденциясы сыр­тынан қарағанда, онша ажарлы да, аса айбынды да емес. Алғашында күн көсем Лениннің мұражайы болады деген жобамен салынған осынау төрт қ­абатты ғимараттың құрылысы аяқта­лып қалған тұста Нұрсұлтан онсыз да жетпей жатқан қаржыға аз да болса үнем болсын деген оймен «Президент үшін жаңа резиденция салғызбай-ақ, осыны пайдаланайық» деген еді. Сол ре­зиденцияның ішіне ше­тел­дік әріп­тес­терімен бірге кірген тіс­қаққан сақа жор­налшы сән-салтанаты шетел мем­лекет басшыларының сарай-
­л­арынан қалыспайтын кең де биік мәжіліс за­лындағы үлкен хрусталь люстраға қызыға қарады. 

Аса жоғары мәртебелі мемлекет басшылары төрге озып жайғасып жатты. Дәл ортада Назарбаев пен Ельцин. Нұрсұлтан Әбішұлының жүзі жарқын. Жауар бұлттай түнерген Ельциннің бетіне қан жүгіріп, өңі кіріп қалыпты. Асқар Ақаев садақтай иілген қоп-қою қара қасын керіп, басын қайта-қайта изеп, күлімсіреп отыр. Қаршығадай Кравчук саптағы сарбаздай сыптай боп, Шушкевич қоян алған бүркіттей қазандай басын қақитып, Тер-Петросян бүкшиген екі иығын жазып, Ниязов кеудесін керіп еркін отыр. Өзге президенттердің де қабағында кірбің жоқ. Қуанышта тасымайтын, қиындықта жасымайтын Каримов қаны­на сіңген қашанғы әдетімен түсін билеп сыр берер емес. Жүзінен жұмсақ нұр тө­гілген Нұрсұлтан Әбішұлы жорналшыларға бы­лай деп хабарлады: «Алдын ала мұ­қият дайындалған құжаттар жобалары жан-жақты талқыланғаннан кейін Тәу­ел­сіз Мемлекеттер Достастығын құ­ру жө­ніндегі Келісімнің хаттамасына бұ­рын­ғы КСРО-ның құрамына кірген он бір тәуелсіз мемлекет басшылары қол қойды». 

Он бір мемлекеттің басшылары қа­ты­насқан баспасөз мәслихаты аяқта­лы­­сымен кеңестік кеңістік пен алыс шет­­ел­дерден келген ұзын саны бес жүз­ден асып жығылатын жорналшылар өз елдеріне шұғыл хабарлар жөнелтіп жат­­ты. Сол шұғыл берілген шұғылалы ха­­барлардың мазмұны бір болғанмен, тақырыбы сан алуан. Ассошиэйтед-пресс тіл­шісі жөнелткен хабардың тақырыбы: «Ғасырдың ғажайып оқиғасы» .
Француздың «Фигаро» газетінің тіл­шісі былай деп факс жөнелтті: «Тұй­ық­тан шығар жол табылды». 
«Назарбаевтың көрегендігі». Бұл Франс-престің берген бағасы. 
«Санди Телеграфқа» «Мұсылмандар мен славяндар достығы» атты мақала жөнелтілді.
Ал қазақ жорналшысы өз материалына «Алматы декларациясы» деген сыпайы ғана ат қойып, Ашхабад мәлім­де­месімен қандас құжатқа қол қой­ған Әзер­байжан Президенті Ә.Мүтә­ли­бов­тан, Тәжікстан Президенті Р.Нәби­ев­тен суыртпақтап сыр тартты.
Бүкіл дүниежүзілік қауымдастықты елеңдеткен ғасырдың ғажайып оқиғасы жайлы небір ажарлы ат қойылып, айдар тағылған шұғыл хабарлар төрткүл дүниеге түгел тарады.

Бұл ХХ ғасырдың соңғы он жылдығы басталған күрделі кезең – бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылғы желтоқсан айының жиырма бірінші жұлдызы еді. 

Сол күні көңілін бір демдеген ол  үйге көңілді оралды. «Әйтсе де алғашқы сәтті қадамға тоқмейілсуге болмайды. Алда әлі алынбаған қаншама асулар бар. Қиын істердің қиюын табуым керек. Қателесуге құқым жоқ…». Жатар алдындағы желпініске шыққан Нұрсұлтан  Әбішұлы қашанғы әдетімен сол күні де ел тағдырын ойлаумен болды.

Сәбит ДОСАНОВ, 
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» сыйлығының иегері
Алматы