Медицина • 31 Шілде, 2017

«Ұлы» ұғымының рухын неге түсіреміз?

329 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан біраз бұрын «Фейсбук» әлеуметтік желісін «Ұлы Дала квартиранты» атты хэштег қойылған жазбалар желіп жүрді. Үлкен қалаларда өмір сүріп жатқан баспанасы жоқ адамдар өздерінің жай-күйлерін жарыса жазды.

«Ұлы» ұғымының рухын неге түсіреміз?

Пәтерақының қымбаттығынан бастап, қожайынның қатал талаптары мен пәтерден пәтерге ауысып жүрудің моральдық қиындықтарына  дейін қамтып, желі оқырмандарының жан-жүйесін елжіретті. Ол жазбаларды ұнатып, пікір білдіріп, тіпті бөліскен адамдардың да қарасы мол болды. Тіпті танымал журналистер, блогерлер, ұстаздар, ақын-жазушылар жеке жазба арнап, баспана мәселесін көтерген хэштегке қатысты өз пікірлерін білдірді. Себебі түсінікті. Баспана зары – әлеуметке ортақ үлкен мәселе. Әлгі жазбалардың бірі болмаса бірі мәселе шешетін тиісті органдардың жұмысына қылдай болса да  әсер етіп жатса, біз қуанамыз. Бірақ, бұл жерде менің айтқым келгені басқа нәрсе.
Ұлы дала – қазақ үшін киелі де үлкен ұғым. Ол – Алтайдан Қара теңізге дейінгі аралықтағы қазақтың  өмір сүрген мекені. Ұлы дала – еркіндікте ғұмыр кешкен рухы көтеріңкі жауынгер халқымыздың, қан май­дан­дардағы ұлы жеңіс­тері­міздің сим­волы, оған қоса рухани кеңіс­ті­гіміз. Ұлы даланы біз бірлігі жарас­қан елсіз, салтанатты көш­сіз,  ат тұяғының дүбірінсіз елес­тете алмаймыз. Миымызда әбден орнығып, қастерлі ұғымға айналған «Ұлы даланы»  елге телу туралы Елбасының екі жыл бұрынғы ұсынысы да есте. Ол Қазақстанның халықтық атауы  «Ұлы дала елі» болуы керектігін айтқан еді. Ұлттың жадында өмір сүріп келе жатқан ұғым жаңғырып, соның шеңберінде біршама жақсы идеялар да туындауда. Ал, енді мына «Ұлы Дала квартирантының» жөні мүлде бөлек. Бұл – Ұлы даланы ұлықтау да, ұлы ұғымға құрмет те емес.  «Квартирантты»  қосақтау арқылы елең еткізерлік сөз тапқанға қуанып,  әлеуметке оны өткізудің ұтымды тәсілі шығар? Осыдан біраз бұрын бір жас әншінің «Ұлы дала баласы» деген атпен эфирден түспей қойғанын көргенде «Ұлы даланы» қиқымдай баланың меншігі қылған құдіретті күш не болды екен деп ойлап едік. Енді мына хэштегті көріп қолға қалам алмауға болмады. Мейлі, пікіріме қарсы болатындар трендті айтып, брендті түсіндіріп біраз ақыл айтар. Бірақ, кім-кімнің де ұлы ұғымдардың қадірін қашыруға, күлкі етуге немесе көз алдымызда аласартуға қақысы жоқ.   

Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»