Руханият • 31 Шілде, 2017

Киікті ысқырып атқан, жауын оятып қылыштасқан...

893 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Ұлттық код» деп жатырмыз. Сол кодыңыз – баба­лары­мыздың баяғыдан келе жатқан сөзінде жатыр. «Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтыла­тын сөз» деп Ахмет атамыз айт­қандай, ол сөздер істеген ісінен қорытылып шыққан түйіндер. Ендеше, оны бабалар болмысы, сипаты деп айтамыз.

Киікті ысқырып атқан, жауын оятып қылыштасқан...

­

Кейде бағзыдан жеткен бірлі-жарым сөздің өзінен ата­лары­мыздың қай істе қандай ұста­нымда болғанын, негізгі болмыс, танымын аңғара беруге болады. Мысалы, «ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» дейді. Қадірін білген адамға осы сөз ұлы қазына. Бұл – бізге баба­лары­мыздың биік парасатын көр­сетіп тұрған бір белгі. Алла адам үшін жаратқан соң киік несібе болады. Қажеттіліктен аулайды. Ғажап, сөйте тұра «ысқырып ат» дейді. Киікке де берілген бір мүмкіндік. Қапы кетпеуі тиіс. Әйтпесе, «обал болады» дейді Ұлы дала заңы.
Иә, аталарымыз әдетте түлкіге бүркіт салады, анда-санда болмаса түлкіні мыл­тық­пен ату қалыптаспаған. Былайша оның өзі түлкі мен бүркітшінің арасындағы тартыс секілді. Бүркітінің бабын келтіре алмаса, бүркітін оңтай­лы жерден жібере алмаса, иә құсының шамасы жетпесе түлкі құтылып кетеді. Ол – түлкінің мүмкіндігі. Тіпті бүр­кітке ілдірмей інге кіріп кет­кен түлкіні құтылдыға санап ініне түтін салдырмай кері қайтқан қарт құсбегілер болғанын да ескі көздерден естігеніміз бар еді. Әйтпесе, іннің аузына от жағып түтін салса түлкі атып шығады, томағасы алынып дайын отырған бүркіт іннен шыға қашқан түлкіні басып қалады. Міне, осы әдісті қол­данбай «Жә, мұзбалақ! Інге дейін іле алмаған өзімізден көрейік» деп бүркітімен «кеңе­сіп» кері қайтқан атам Мұса жарық­тықтың әңгімесін баласы Мәден ақсақал үнемі айтып отыратын. «Мен жастаумын, қызығып түтін салғым келеді. Сонда әкем, «оған мұнда жетіп үлгерудің өзі оңайға соққан жоқ. Жүр, тағы басқасы кездесер» деп аттың басын басқа жаққа бұратын» дейді.
Сөзіміздің бояуын қа­нық­тыра түсу үшін Қанат Бейсекеев есімді режиссер жігіт­тің «Алдаберген аға» атты қыс­қа метражды фильмі туралы айта кеткенді жөн санадық. Фильм тазы мен бүркітті қатар ұстап отырған Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданы, Ащы саға ауылының тұрғыны Алдаберген құсбегі жайлы. Ендеше, бүркіт­ші Алдаберген айтқан мына бір сөздерді қаз-қалпында кел­тірейік. «Аңшылықта түлкіні мылтықпен, басқамен алғаннан гөрі бүркітпен алған қызық қой, аңның терісі бүлінбейді бір, онан кейін мәдениет. Анау аңға да қорлық көрсетпейсің, сондай мәдениетті түрде аулайсың...». Міне, бүркітшінің ауызынан бұл сөздер тегіннен тегін шығып отырған жоқ. Ол ата-бабамыздың аң аулаудағы әділеттілігі, биік мәдениетінің түйсік арқылы жеткен жұқанасы деп білдік.
Сол түйсік, сол даналық, сол әділеттілік қайда қазір?!!
Техниканың дүлей күшімен не бір түз тағыларын қорлау, оны мақтанып әлеуметтік желі­­­ге шығару надандықтың надан­дығы. Әсіресе, не бір үй­дей джип­термен қасқырды белден мыжып қаңқылдатып жатқан қазақ­тарды көргенде төбе шашың тік тұрады. «Иттің иесі бол­са, бөрінің Тәңірісі бар». Иесі­не арқаланған ит секілді, көлі­гіне арқаланып қорлық жаса­ған­дарды Құдай да тегін қоймас. Хайуан да Алланың мүлкі. Қор­ласын деп жаратқан жоқ, әр қайсысын біздің әр қажеттілі­гіміз­ге жаратты. Енді біздің адам­шы­лығымыз оны өз әдебі, өз тәрті­бімен пайдалану болса керек еді...
Сәкен Алдашбай деген жур­налист ағам әңгіме айтып отыр: «Бүгін Шиеліде бір алып тұлғалы ақсақалдың үйінде болдым. Немерелеріне ұрысып отырған ол, «қатынбасшалар, сендер еркек емес, қатынсыңдар», деді жекіп. Жиіркеніп отыр екен. Ақсақалдан не болғанын сұрағанымда, ол екі немересіне сұқ саусағын шошайтып: «Мына қатыннан да төмендер бір жігіт­ке үшеуі жабылыпты. Ол, ол ма, құлап түскен оны аямай тепкі­лепті, қатындар», деді. Үнсіз қалдым…
«Жауың да ер болсын», дейді қазақ. Тегінде бұл ұлттың ірі болмысын көрсететін үлкен сөз. Біз Ұлы дала төсінде қаншама ғасыр жоңғармен қырқыстық, жеңдік дейміз. Тарихи шындық өз алдына бөлек әңгіме, сонда соғыс жағдайында олардың өзара түсінісетін шарттары, жазылмаған заңдары болғаны туралы да айтылады. Ұйықтап жатқан жерінен баспалап барып өлтіру, әрі қарап тұрғанда қапы кетіру дегендей әрекеттер пасық­тыққа жатқызылып, еш құп­талмаған. Алдымен оятып алып жекпе-жекке шақырған. Бұл қазіргі мәдениетті саналатын адамдардың үш ұйықтаса түсіне кірмейтін, түйсініп жетпес биік шың. Бұл киіз туырлықты, көш­пелі халықтың ғажайып ерек­шеліктері еді. Жауың да соны түсінсе ғой дейді сол ұлы өрке­ниеттің өкілдері. Жоғары­дағы мәтел соны ишаралайды. Оны Абай хакім: «Достыққа достық – қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол!» деп анық һәм шегелеп айтады.
Қысқасы, бабаларымыз адам түгілі, аңға да әділет­ті­лік жасаған. Адам мен адам, таби­ғат пен адам арасында заң­ды­лықтар осылай сақтал­ған еді. Обал, сауапты біліп, жауы­на да әділетті болған ата­лар танымынан алыс­тап кет­кеніміз өкінішті-ақ.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»