31 Шілде, 2017

Рим папасы сұранысына ие болған

206 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Рим папасы сұранысына ие болған

Өткен ғасырдың жетпісінші жыл­дары облыс шопандары қой түлігін мыңғыртып өсіріп, жар­ты миллион басқа дейін жет­кізуі – бүгінде әжесінің неме­ресіне айтқан ертегісіндей есті­лері анық. Қазір Шопан ата мен Шек­шек ата түлігін қосып есеп­теген­де 363, 9 мың басты әзер толты­рады. Басым көпшілігі қосалқы шаруашылықтардың иелігінде. 
Солтүстік Қазақстан мал шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу инс­ти­тутында көп жыл бойы еңбек еткен Вера Сутулова ол кезді былай еске ала­ды: «Өңірде қылшық, жартылай қыл­шық, биязы жүнді қойлар өсірі­ліп, асылдандыруға, будан­дас­­тыруға жүйелі түрде мән бе­рілді. Қостанайдағы Сұлу­көл асыл тұқымды зауытпен, ар­ген­ти­­налықтармен, австралия­лық­тармен қоян-қолтық жұмыс іс­теу­дің нәтижесінде меринос қо­йдың өсімтал түрі жетілдірілді. Оның еті Қазақстанды айтпайық, шет­ел­дерде де диеталық тағам ретін­де бағаланды. Күн көзіне ша­ғы­­лыс­қандай аппақ жүн өнім­дері айрықша сұранысқа ие болды». 
Зейнеткер сөз арасында Италияның Милан қаласында Кеңес Одағы бойынша мал шаруа­шылығы көрмесі ұйым­дас­тырылғанын, оған қазақ­стан­дықтар да қатысқанын, Рим папасы /Ионна Павел ІІ/ мантия­сына Қызылжардың сапалы жүнінен тоқылған мата таңдап алынғанын мақтанышпен айтып қалды. Ал, керек болса! Қытымыр ауа райына, қатал табиғатқа қарамастан қиян түк­пірде арқа еті арша болып жүрген теріс­кейлік шопандар мен ғалымдар бәсекеге қабілеттілігімен танылып жатса, таң қалмай көр! 
 
 Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы