11 Қазан, 2011

«Асар» – берекелі, болашағы зор ауыл

1528 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Шымкенттің шығыс жақ беткейін төске алып, қалаға соқпай өтетін айналма жолмен жүрген жолаушы ал­ды­нан кілең көк шатырлы, маржан тіс­тер­дей қатар сап түзеген, бір келкі салынған еңселі үйлерді көр­­­генде ер­ік­сізден темір тұлпарының тізгінін тар­та берер. Кешегінің қа­лың жылқы­сын суға жапса өзен тар­тылып қала­тын бай-манап­та­ры­ның бүгінгі тұқым­дары елден ерекшеленіп бөлек отау көтеріп алған ба деген ой да санада қылаң берер. Қателесесіз-ау. Кешегінің де, бү­гінгінің де мыңды айдаған байла­ры­ның бұл көрікті ауылға еш қатысы жоқ. Бұл – атажұртқа оралған, ора­лып жатқан, әлі де салқар көші тоқ­та­май­тын өз бауырларымыздың ауылы. “Асар” ауылына, бүгінде қалаға қо­сылып шағын ауданға айналып жат­қан елді мекенге бұрын да талай жолымыз түскен. Жақында тағы бар­дық. Ауыл адамдарымен тілдесіп, тіршіліктерімен таныстық. Бұл ағайын­­дардың шекара­ның арғы бетінен қо­йына салып келген тайтұяқ алтын­дары жоқ. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатыр. Қо­ңыр күй, қо­­ңыр тіршілік. Бірақ, ор­ал­ман едім, сы­ба­ғам қайда деп би­ліктің есігін қа­ғып өң­меңдеп жүрген ешқайсын көрмейсіз. Солардың бірі – Өзбекстаннан ата жұртына көшіп келген Қуатбек Әуес­баев ақсақал. “Егемен Қазақ­стан” газе­тінің әр нөмірін жібермей оқитын, ең салиқалы дана газет деп баға берген ағамыз 2008 жылы осы жерден заңды жер телімін алыпты. Обалы кәне, Өз­бекстанда ешкім бө­тенсіткен соң дейді өзі. Бірақ, қазақ мектептері жабылып, жаппай өзбек тіліне көшіріле баста­ғанда ұрпағы­ның ертеңін ойлаған азамат “ендігім кеш болады” деп жылы орнынан қопарыла қозғалыпты. Мұнда қиын болатынын білген. Білсе де аялдары жоқ еді. – “Асар” бағымызды асырды, – дей­­ді ақсақал. – Жақын-жұрағат­тар­дан “Ас­­ар­да” оралмандарға жер беріліп жат­қа­нын естігеннен кейін біз де келдік. “Корпорация АҚ ордасы” ЖШС басымызға екі қабатты коттедж кө­теріп берді. Есік алдына үш сотық жылыжайымыз бар. Тегін емес, әри­не. Бәрі заңдық жолымен несие арқылы өтеп жатырмыз. Қуатбек ағаның екі қабат үйі мен жылыжайын қосқанда құны 70 мың долларға жуықтайды екен. Сөз ауа­­нында айта кетейік, бұл қалалық жер үшін кісі қызығардай арзан баға. Ақ­сақал “Тұрғынүйжинақ­бан­кін­де” осы үйдің жарты құнын өз есеп-шотында бес жылда жинақтап төлейді де, қал­ған сомасын 4,5 пай­ызбен өтейді. Екі жаққа да жеңіл. Әуесбаевтар әулетінің “Асарда” тұрып жатқа­ны­на екі жыл болған екен. – Алғаш қала орталығынан кө­шіп келгенде сәл-пәл тұрмыстық қи­ын­шы­лықтар болды. Сол кезде бала-шағам қайда келдік деп біраз тоң­қыл­дап еді, қазір бұл ауылдан аттап бас­қысы келмейді, – деп күледі ақса­қал. Ыстық, суық суы бар екі қабат үй. Жа­рық келіп тұр, газ қосылғалы жа­тыр. Жолдардың бәрі асфальт­тал­ған. Тротуар да бар. Сәулетті мектеп, сән­ді балабақша жұмыс жа­сайды. Ұлы Мансұр, келіні Кәмила бірі бухгалтер, бірі мұғалім. Екі немеренің үлкені Азизбек мектепте, Айбек балабақ­ша­да. Зайыбы Тамара екеуі солардың тілеуін тілеп отыр­ған жайлары бар. – Атамекенге бізді сағыныш жетелеп әкелді, – дейді ақсақал. – Әйт­се де айтар әңгіме, көтеретін мәселе жетпегендей бір топ халық қалау­лы­ла­ры­ның сыртымыздан көңілсіз әң­гі­ме айт­қанын естігенде табанының астын­дағысынан басқаны көрмейтін ағайын үшін ұял­­­­дық. Апыр-ау, екі-үш сынып­тық білімі бар қойшылар болса бір сәрі. Мұнда жалғанды жал­пағынан басып жүрген ешкім жоқ. Бәрі жанкеш­тілік еңбекпен келіп жатыр. Елге ел қосып, ешкімге телмеңдетпей жағ­дайын жасап жат­қан анау Сағидулла, мынау Қалдан­дар­ға, осы көшті бастап келген Қа­лыбековтер әулетіне мың да бір рахмет. Бір-бі­рімізге жабыс­ты­ра­тындай еш туысқан­дық байланысы­мыз жоқ. Ел ішін ірітетін осындай ірің әңгі­мелерге жол бермес үшін ақиқа­тын жабық есік жағ­дай­ында талқылап ал­ғаны жөн болар еді. Ақсақалдың күйінішіне ештеңе дей алмадық. Көлеңкелі жақтардан гөрі елдің жақсылық жағын көбірек көр­гісі келетін басымыз осынау әңгіме­нің ел ағаларының аузынан шықпа­ға­нын қа­лағанымыз рас. Сегізінші сы­ныпта оқи­тын аңқаулау ұлымыз бар. Бір сы­ныптасының әңгімесін айтып отыр. “Анау рудың балаларымен дос болма. Олар арам. Мен ешқайсымен дос болмаймын” депті бесіктен белі шық­па­ғ­ан әлгі бозбас. Үйдегі әңгі­менің салқыны. Басқа не дерсің. Аз қазақ бірін-бірі бөліп, осылай қырбай болып жүрсе жетіскен-ақ екенбіз. Осылай кете берсек, бұ қазақ үйі­нің түтіні түзу шықпай, кері шал­қитыны, үйдің ішін көк ала түтін қылатындығы анық. Онсыз да осындай бөліну­шілік­тен үдірейіп тұрған елдің репетін ал­май, Қуатбек ақсақал айтқандай жа­бық талқылап, кінәлі жандар болса сосын-ақ жонынан таспа тілсейші. Осы көштің басында тұрған “Кор­порация АҚ ордасы” ЖШС-нің президенті Ибадулла Қалыбековті бір кісідей білетін едік. Өзбекстанда ірі қызметтердің құ­лағын ұстады. “Агроөнеркәсіп” кешенін басқарған азаматты көрші ел Пре­зидентінің ең жақын адамына балай­тын жайттар айтылатын. Шеттегі қа­зақ баласы мансаптың ең май­лы құла­ғын ұстап тұрып, астынан су шық­қан­дай осының бәрінен безіп, елге неге келді?! Қазақтың өзге ұлт­қа айналма­ға­нын жанымен қала­ма­ған асыл азамат туралы әңгіме қоз­ғалған болса, нақ осы қасиетінен бас­талу-ақ керек еді. Өзбекстанда әке-шешесі қазақ, бала-шағасы ө­з­бек ұлты болып жазыл­ған отбасылар көп. Дәулет деген жігіт өздерінің сон­дағы жақын ағайынының бала­сына: «сен өзбек емес қазақсың ғой” десе, әлгі байқұс “Дәулет ака, өзіңіз біліп тұрсыз ғой” деп ұлтын айт­қысы келмей қашқалақтайды дейді. Ұлттық қасірет деген осы! Ибадулла Қалыбеков сол қазақ ай­­нымасын деп ауыл-ауыл болып кө­шіріп алудың басында жүрген азамат. Өзі үлкен мансапта жүрген­дік­тен өз бау­ырларын, достарын Қазақ­станға жіберіп, орналасатын жер шалуға жіберетін. Бүгінгі “Асар” отырған жерді алу­ға көмек берген сол кездегі Ауыл ша­­руашылығы министрі Серік Үм­бе­тов екендігін ризалықпен айтады. Осы­лайша 2800 отбасыға жер телімдері мемлекеттік акт алудан басталған. Ол адамдардың барлығы бірден қопарыла көшіп келе алмайтын­дық­тан, құжат рәсімдеуге айлап жүре алмайтындықтан бәрінен нотариус арқылы сенімхат алып, достары мен бауырлары Шымкентте пәтер жалдап жүріп құжаттарды дайындаған. Ибадулла түнде келіп, жұмыс­тар­ға бақылау жасап жүреді екен. Түбінде үлкен құрылыс басталарына сенген азамат құрылыс бригада­ла­рын құрып, жұмысқа тартады. Несие алады. Екі жылда Қазақстанда жұ­мыс жасаған сол құрылыс компа­ния­сы мінсіз қыз­метімен сегіз миллион долларға дейін табыс табады. Қа­рақан басының қа­мын ойлаған жан болса, көші-қон мә­се­лесімен мем­лекеттің өзі айналыссын деп осы жерден қоя салған болар еді. Бұл өйтпепті. Бастапқы мақсатынан ай­ны­ған жоқ. Ұлтжанды азамат Серік Үмбетов берген жерге құрылыс ба­за­сын ор­нықтырғаннан кейін автобустар ұй­ымдастырып, Өзбекстан­нан 2500-дей азаматты алып келіп, ас берген. “Еліміз бізге 324 гектар жер берді. Осы жерге үй салып, өзімізге де жұ­мыс орындарын ашуымыз керек” деген. Өзбекстандағы ағайынның сәу­лет­ті үйді өз қаржысымен салуға жағ­дайы жоқтығы айдан анық. Олар­дың көрші елдегі үй орманы, қора-қоп­сысы толайыммен сатқанда ештеңеге арзымайды. Осының бәрін ескерген Ибадулла көпшілік ал­дын­да сөз алып, “Әкеміздің аманаты елді атажұртқа көшіру еді. Бесеуі­міз­дің де жағдайы­мыз жақсы, тұрақты кәсібіміз бар. Егер сіздер мақұл көр­сеңіздер үйлер­ді салуды өз мой­ны­мызға аламыз” дейді. Көктен сұра­ға­нын жерден беріп тұрса, ел неге қарсы болуы керек. “Асар” ауылы осылай басталып кеткен. Үй салуда мемлекетке салмақ салынбады. Жерді кепілге қойып, 75 млн. доллар несие алған. Алайда, дағ­дарыс кезеңі көңілдегі көрікті ойды іске асыруға қатты-ақ тосқауыл бол­ған. Қиын­дық­тан Елбасы құтқа­рып кетті. Ибадулла Мемлекет басшысы­на хат жа­зып, жобаның аяқталмай қалатын қау­пі бар екенін, бұларға сеніп Өз­бек­станның азаматтығынан шыққан 19 мың адамның тағдыры қиынға айнал­ғанын айтып, көмек сұраған. Нұрсұлтан Әбішұлы Оңтүстікке келген сапарында “Асарға” барғанда айтылған әңгімелерге өзіміз де куә болғанбыз. Ол кезде салынған үй­лер­дің қарасы оннан аспайтын. Бірақ, кереметтей сәнді еді. Елбасыға несиеге салынып жат­қан, қайтарылуы жылыжайлар арқы­лы шешіліп жатқан жоба ұнады. Осылайша “Нұрлы көш” бағдар­ла­масы дүниеге келді. Мемлекет үй мен жылыжай салуға несие бөлді. Бүгінде екі мыңға жуық үй са­лынды. Оның алпыс пайызға жуығы екі қабатты. “Корпорация АҚ ордасы” ЖШС салып жатқан үйлердің 1 шаршы метрі 369 доллар. Бұл өте төмен баға. Мемлекет тарапынан жасалған сарап­тамада осындағы үйлердің бір шар­шы метрі 837,4 долларға тең екендігі анықталған. Бұл баға қалайша төмен­детілді? Бұл сұраққа жауапты серіктестік басшысы Сағидулла Қа­лы­беков былайша түсіндірген. Құ­ры­лыс монтаждау жұмыстары 653,2 доллардан өңдірістің өз ішінде бо­луы нә­тижесінде 54 пайызға төмен­де­ген. Яғни, 300,2 доллар шамасына түсті. Бағдарламаға қатысушылар­дың жұ­мыс күшін пайдалану нәти­жесінде жалақы үнемделген. Серіктестік металл мен цемент болмаса, қалған құрылыс материал­да­рын өз базасында дайындайды. Өз­деріне салынып жатқаннан кейін бас­шыдан бастап қосшыға дейін тиын үнемдеп үйренген. Азық-тү­лік­тің көпшілігі өздерінде дайындалады. “Асарда” жақын жылдарда бес ірі өндіріс орны ашылғалы жатыр. Қазір Қазақстанда алтын астық қам­баға сыймай, ашық аспан астында қала­­­тындай қаупі бар. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргі күйі Крыловтың мысалын­да­ғы қыс келерін білмеген шегірткенің жаңбыр жаумай су болған түріне көбірек келеді. Көкөніс сыймай жатса ол да қауіп. “Асарда” облыстың кө­к­өнісін сақтай­тын, сұрыптайтын, қап­­тайтын алып қойма салынап жатыр. Америкалықтармен бірлесіп, тоқ­сан бес пайызы зауыттың өзінде құ­рас­­­тырылатын құрама үйлер салуды қолға алынуда. 1 шаршы метрі 300 доллар. Қыста жылы, жазда салқын. Әлемдік тәжірибеден өткен осындай арзан үйді Қазақстанды он айналсаң таппайсың. Сонымен қатар, Қытайдың жаңа технологиясымен бір жылда 7,5 мың үй салуға жететін, цементті көп керек етпейтін экологиялық газоблок шы­ға­р­атын зауыт іске қосылады. Ал, жылыжай мәселесі – өз алдына бөлек тақырып Ұсынып отырған жоба 5 жылға жоспарланған. Әр жылы ауданы 1 000 га егіндік жерге, әрбірі 0,1 га бо­латын 10 000 жылыжай орналас­тыру көздел­ген. Әрбір жылыжайдың жа­нында 35 шаршы метрге орналасқан тұрғын үй салынады. Көлемі 0,1 га жылыжай мен 35 шаршы метр тұр­ғын үйдің өзін­дік құны 35 000 АҚШ доллар құрайды. 1 гектар жылыжайдың жылдық табысы 40 мың долларға тең екендігін ескерсек, бұл жоба өзіндік құнын бір жыл ішінде өтеп шығатынын байқауға болады. Жоғарыда көрсетілген жобаны іске асыру үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек. Біріншіден Мемлекет тарапынан: – тиісті көлемде жер бөліну; – сумен, электр энергиясымен, жол­­мен қамтамасыз етуді қаржы­лан­дыру; – 0,1 га жылыжай мен 35 шаршы метр тұрғын үйді сатып алушыларға 5 жыл мерзімге несие ажырату; Екінші, компания тарапынан: – жалпы құны 35 мың доллардан аспайтын 1 гектар жылыжай мен 35 шаршы метр тұрғын үйден жылына 10 мың дана құрып беру; – осы жылыжайларды тұтыну­шы­л­арға қажетті сервистік қызмет көрсету міндетін атқарады. Бір жылда 1 000 гектар жерге 10 000 жиынтық үй мен жылыжай салу үшін кететін қаражат 350 000 000 дол­лар. Ал, осы жерден бір жылда алынатын табыс 400 000 000 долла­рын құрайды екен. Оcы тәсілмен көкөніс шаруа­шы­лығын дамытуымен қатар, жылына 40 мың адамды жұмыспен қамтама­сыз етуге болады. Атажұртқа оралған ағайындар­дың ауылынан жан жадырап қайтты. Ал­тын құрсақ Оңтүстіктің ең үлкен бай­лығы – халқы. Сол өсімтал х­а­лыққа ең бірінші керегі – үй. Ал, оныңыздың ең арзан, сапалысы “Ас­арда” бар. Жарғақ құлағы жас­тық­қа тимей, әлемдегі жақсылық атау­лыдан еліне жырымдап тартқан осындай азаматтарды ардағым десең жарасар. Кісі елінде сұлтан болғанша өз елінде ұлтан болуды қалаған ос­ын­дай азаматтардың бағасын біліп, кешенді жұ­­мыстарын бөлек-бөлек та­қы­рып етіп, көтеріп жатсақ бір қолын екі ете алмай жатқан талай басшыларға ой­тамызық болар еді. Серіктестік орын­басары Қал­дан Нарқұлов “күндізгі түсте ұйықтап алатын едім, сіз келем деген соң жұ­мысқа шықтым” дегенде сәл тіксініңкі­реп қалып едік. Мұнысы несі деп. Ағат ойлаппыз. Бұл ауылда тәулік бойы үш кезекпен жұмыс жасалынады екен. Үш мыңға тарта жұмысшысы бар, ауыл­дағы ағайынға жұмыс тауып беріп отырған корпорация екі жылда екі мыңға тарта сәулетті үйлер салды. Бүгінде “Нұрлы көш” бағдарла­ма­сына ұласып, республика үлгі ететіндей жағдайға жетіп отырған ауылдың арғы сырына осылайша үңілсеңіз, елім деп еміренген азаматтардың атқарып келе жатқан ісіне жүрегіңіз жылып қоя береді. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.