Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Санаға сәуле түсіру

378 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ана тілінің қадірін түсіну, әр адамға туған тілінде жазылған кітапты оқудан басталады. Бұл орайда, білім мазмұны арқылы бала рухын тербететін, ар-намыс сезімін оятатын, білуге, күш-қайратын шыңдауға ұмтылдыратын, өз бойынан ата-бабасының қаны мен рухын сезінетін, өз халқының би, батыр, шешен, даналарының өнеге-үлгісін ұстанатын, елінің тағдырына, тарихына жанын тебірентетін, ол – әдеби көркем шығармалар, шешендік сөздер екендігі белгілі.

Санаға сәуле түсіру

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – көптен бері көкейімізде жүрген мәселелерді көтерген, халқымыз үлкен рухани серпіліспен қарсы алған бағдарламалық құжат. Елбасы осы іргелі еңбегінде елімізде ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, үшінші жаңғыруды жүзеге асырудың шарты ретінде: «Қазақстанның мемлекеттілігін күшейтуде, бәсекеге қабілеттілігін арттыруда қазақ халқының ұлттық кодының сақталуы ерекше маңызды» – деді. 

Қай ұлтты болсын қорғап, сақтап қа­ла­тын халықтың саны емес,  оның мəде­ниеті. Ана тілінен, төл мәде­ние­тінен, тарихи жадынан, салт-дәстүрінен ажы­рап қалған жүздеген ұлттар мен ұлыс­тар тарих сахнасынан із-түзсіз жоға­лып кетті. Жаһандану дәуірінде бұл қауіпті де қорқынышты үдеріс күшейе түсуде. Сондықтан ұлттық құн­ды­лық­тарымызды, халқымыздың бойын­дағы асқақ рухты, жоғары  адами қадір-қа­сиетті нығайтып, келер  ұрпаққа жеткізу – баршамыздың асыл парызымыз. Бізге ұлттық рухтың биіктігі, төл мәдениетіміздің тереңдігі қажет.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы аясында білім беру процесінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға, оқыту мен тәрбиенің кіріктірілуіне, тәрбие әдіснамасын, мазмұны мен құрылымын жаңартуға бағдарланған тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін әзірледі. Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген бұл құжат білім беру жүйесінде тәрбиенің даму перспективасын, басым бағыттарын, тәрбие мақсаттарын, міндеттерін, бағалау өлшемдерін және механизмдерін анықтайды.

Академия әр оқу жылында Қазақ­с­тан­ның жалпы орта білім беретін ұйым­дарында оқу процесін және тәрбие жұмысын ұйымдастырудың ерек­ше­ліктері туралы әдістемелік нұсқау хат, 1 қыркүйек – Білім күніне арналған бі­рыңғай білім сабағын өткізу бойынша әдістемелік құрал әзірлейді. Білім беру ұйымдарында «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының негізгі принциптерін іске асыру бойын­ша республикалық онлайн-конфе­рен­ция­сы өткізіледі.

Рухани жаңғыруды жүзеге асырудың шешуші бағыттарының бірі – білім беру жүйесі. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деді. Тереңнен тамыр тартқан қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, ағылшын тілін жаппай және жедел үйрену жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты екендігін жеткізді.

Осы орайда, академия  Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесе оты­рып мемлекеттік жалпыға міндет­ті білім беру стандарттарын жасап, жа­ңар­тылған білім мазмұны бо­йынша үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағ­дар­ламаларын жетілдіру жұмыс­та­рын жүргізуде. Оқыту мақсаты білім алу­шыға да, мұғалімге де ортақ болуы тиіс.

Өткен оқу жылында білім мазмұнын жаңарту аясында қорытынды аттестаттау форматының өзгергені белгілі.  Мемлекеттік бітіру емтиханы  ретінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен эссе жазу мұғалімдер мен оқушылар үшін жаңа формат болып табылады. Мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында көмекші құрал ретінде әдістемелік нұс­­қаулық әзірленді. Әдістемелік нұс­қаулықта эссе термині, түрлері, құры­лы­мы, ерекшелігі, талаптары және оның шығармадан айырмашылығы жө­­нін­де түсінік берілген. Сонымен қатар, эссе тақырыптары, оны бағалау кри­те­­рий­лері және эссе жазу үлгісі ұсы­нылды.

Ана тілінің  қадірін түсіну, әр адамға туған тілінде жазылған кітапты оқудан басталады. Бұл орайда, білім мазмұны арқылы бала рухын тербететін, ар-намыс сезімін оятатын, білуге, күш-қайратын шыңдауға ұмтылдыратын, өз бойынан ата-бабасының қаны мен рухын сезінетін, өз халқының би, батыр, шешен, даналарының өнеге-үлгісін ұстанатын, елінің тағдырына, тарихына жанын тебірентетін, ол – әдеби көркем шығармалар, шешендік сөздер екендігі белгілі. Сол себепті, баста­уыш сыныптан-ақ негізі қалануы тиіс маңызды міндеттің бірі – оқушылардың оқу дағдысын, оқу жылдамдығын дұрыс қалыптастыру.

Академия ұсынған жалпы орта, негізгі орта және бастауыш мектеп­тер­дің  оқыту тілі деңгейлері  бойынша  оқу нормативтері туралы әдістемелік құрал­да қамтылған тақырыптар баршы­лық. Нақтылай түссек, оқу мәтін­дерінің түрлері мен техникасы, әдіс­тері қарастырылып, жоғары, негізгі және бастауыш мектептердегі оқу норма­тивтері; бастауыш сынып оқушы­лары­ның оқу жылдамдықтарын тексеруі бо­йынша ұсынымдамалар берілген.

Сонымен қатар, академия білім мазмұнын жаңарту бойынша «Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың тиім­ді әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы әдістемелік оқыту семинарын респуб­лика өңірлерінде өткізуге  ұйытқы болды.  Дамыған елдердің білім беру жүйесіндегі ерекше маңызды мәсе­лелердің бірі – оқытудың жаңа технологияларын меңгеру. Жаңа технологияларды меңгеру барысында педагогтардың білім, білік, дағдыларын күннен күнге арттыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту әдістемесі жаңартылуда. Басты салмақ оқытудағы коммуникативтік қарым-қатынасқа түседі. Жаңартылған білім мазмұнының оқу бағдарламалары осы қағидаға бағытталған. Әр педагог сабақ өткізген кезде оқушыларға сапалы білім беру үшін жаңа технологияларды пайдалана отырып, сонымен қатар, компьютерді, интерактивті тақтаны қолдану ар­қылы білім берсе, оқушылардың қызы­ғу­шылығы арта түсері анық. Оқытудың жаңа педагогикалық технологиясы –  мем­лекеттік тілді деңгейлеп оқыту – қазақ тілін шын мәнінде терең білуге әкелуі тиіс.

Мемлекет басшысы ұсынған «Туған жер» бағдарламасы – өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған аса маңызды еңбек. Мақалада айтылған сындарлы ойлар мен ұсыныстарды ескере отырып, 5-7 сыныптарда «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «География» және «Музыка» оқу пәндерінің шегінде 20 сағат көлемінде «Өлкетану» пәнін оқыту көзделіп отыр. «Өлкетанудың» оқу бағдарламасына сәйкес оқушылар туған жер әлемін ойын, қарым-қатынас, оқу, жобалау іс-әрекеті және саяхаттар арқылы танып, біледі.

Қазақ және орыс тілдерінде «Орта мектепте «Өлкетану» курсын оқытудың әдістемелік негіздері» атты құрал әзірленді. Онда әдістемелік құралдың мазмұны «Өлкетану» курсы және оның жасөспірімдерді тәрбиелеудегі маңыздылығы; орта мектепте өлкетану жұмысын жоспарлау, мазмұнын іріктеу және ұйымдастырудың әдістемелік негіздері, тағы басқа тақырыптарды қам­тыды. Сонымен бірге, «Шағын жинақты мектеп мазмұнының аймақ­тық компонентін жетілдіру» атты әдісте­мелік құрал да дайындалғанын еске сала кетейін.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 2017 жылғы Білім күні Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласы бойынша 10-11 сынып оқушылары және колледждер мен жоғары оқу орындарының 1-2 курс студенттері үшін «Туған жер – Туған ел» тақырыбында  бірың­ғай инте­рак­тивті сабақ өткізудің  тұжырым­дамасын ұсынып отыр. Сабақтың негізгі идеясы – рухани жаңғыру құнды­лық­тарын кеңінен тарату. Мақсаты – еліміздегі үшінші жаңғырудың әрбір қазақ­стандықтың тұлғалық өсуіне беретін мүмкіндіктерін талқылау. Нәтижесінде үшінші жаңғырудың мәтініндегі тұлғалық өсу идеялары негізге алынды. Бірыңғай сабақтың негізгі қағидасы – жоғары сынып оқушылары мен студенттер үшін бұл сабақ бүкіл оқу жылы бойы өзінің тұлғалық өсуінің бастау сәті болып табылады.

Сабақ арнайы дайындалған бейнефильм көру, фильм идеясы мен желісін шағын топтарда талқылау, нәтижесін сынып болып талдау бөліктерінен тұрады. Бейнефильмге Елбасы белгілеп берген жаңғырудың алты бағыты – бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы арқау болады. Сабақтың соңғы бөлімінде оқушылар мен студенттердің тақырыпқа байланысты  идеялары мен жобалары ортаға салынады. Бірыңғай сабақты жүргізетін сынып жетекшілері мен топ кураторлары үшін көмекші құрал әзірленетінін де айта кетейік.

Алғашқы сабақтың тақырыбы таң­дал­ғанда Президент Н.Назарбаевтың бағ­дар­ламалық мәндегі мақаласындағы: «Пат­­риотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңі­ріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіс­пен­­ші­ліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсы­намын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады», – деген салиқалы ойы басшылыққа алынды.

Елбасы ұсынған ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын толығымен қолдаймыз. Ендігі басты міндет – қоғам­ды рухани жаңғыртудың  ауқымды идея­лары мен тағылымы мол тұжы­рым­дамалық тәсілдемелерін терең зерделеу және өмірге тезірек енгізуді ұйым­дас­тыру болып табылады.

Жанбол ЖЫЛБАЕВ,

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті