01 Тамыз, 2017

Шындық жоқ жерде...

740 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұрындары біреулердің қажыр­лы­лықпен тындырып тастаған бір ісін көргенде немесе  көп алдында қас­­қайып тұрып айтып салған қа­ра қыл­­ды қақ жаратындай батыл сө­зін естігенде «Әй, азамат екен, нағ­ыз жі­гіт екен!» деп жапа-тармағай ри­за­шы­лық білдіріп, таңдай қағып таң­қал­ғандай болып жатушы едік.

Шындық жоқ жерде...

Тіпті негізінен алғанда формальды түрде өтетін жиналыстардың өзін­де кейбір адамдар ойларын ашық біл­діріп, белгілі бір лауазым иелерінің атына сыни пікірлер айту арқылы көң­ілсіз жиындарда қалғып-шұлғып отыратын қалың жұртты бір серпілтіп тастайтын. (Бірден ескертейік, бұл жерде әңгіме белгілі бір мақсатты көздейтін оппозиция өкілдері туралы болып отыр­ған жоқ). Неге екенін қай­дам, соңғы жыл­дары осындай таң­дандырарлық, таң­қа­ларлық жайттар тым азайып кеткенге ұқсайды. Әй­теуір «азамат» деген сөздің біртін­деп қол­даныстан шығып бара жатқаны анық.

Рас, бүгінде қоғам өзгерді, қоғаммен бірге адам өзгерді. Қоғамымыз нарық экономикасы деп аталады. Бұл сыпайы атауы. Тура мағынасында алсақ – ақшаға қараған тірлік. Ал ақшаға қараған тірлікте азаматтықтың да, ер­лік­тің де қажеті шамалы. Керісінше, бұл жерде қулық-сұмдық, алдау-арбау әлдеқайда тиімдірек. Осындай айла-шарғылар арқылы ғана көп «шаруаны тындырып», көксегеніңе жете аласың. Алда-жалда азаматтық танытамын дей қалсаң жағдайым мүшкіл болды дей бер. Сауда-саттық пен азаматтық екі бөлек нәрсе. Сондықтан саудада азамат боламын деген адам банкротқа ұшырайды. Әрі кеткенде тапқан-таянғаны тамағына ғана жететіндей күйде күн көреді. Ал саудаға барған адамның ең алдымен байып кетуді ойлайтыны еш құпия емес.   

Ертеректе бір қонақта болған кез­ім­де сонда отырғандардың бірінің өзі­­нің дүние-мүлкі, дәулеті, «игі жақ­сы­лармен» қарым-қатынасы туралы әң­гімелегені есімде. Ондай «кәсі­п­пен» өмі­рі айналысып көрмеген­діктен шы­ғар, жа­ңағы кісінің айтқандарын онша ұға қоймаған едім, сондықтан  әңгімеміз де жарасып кете алмаған. Бүгінде мұндай әңгімелер дағдылы көрініске айналды.  

Осындайда «Бір үйде жиюлы екен қазына мал, Көрсетті бәрін біз­ге ақ­сақал шал...» деп келетін Сұлтан­мах­мұт Торайғыровтың белгілі өлеңі көкейге оралады. Бір замандар­да осы өлеңді байлыққа, әсіресе бі­реу­лер­ді қанау ар­қы­лы келетін бай­лыққа қы­зықпау керек деген тұр­ғы­дағы насихат ретінде пай­даланушы едік, қазір өзіміз де сол жи­ған-тер­ге­ні­мен мақтанатын шалдың кебін кие бас­та­дық. Неге екені белгісіз, осындай шы­лқыған байларды ешкім де әй, азамат екен деп айтпайды. Әрі кетсе «Е, ол ші­ріген бай ғой, жинаған үстіне жинап жатыр, тоятын түрі жоқ» дейді де қояды.

Сонда «азамат», «ер жігіт» деген сияқты мадақ сөздерді енді кімдерге арнап айтуымыз керек. Рас, өмірде ба­тылдығымен де, батырлығымен де көз­ге түсіп жүрген жігіттер бар. Он­дай­лар не әскери өмірде немесе бейбіт тұр­­ғын­дарды өрт, су тасқыны сияқты түр­лі табиғи апаттардан құтқару ке­зін­дегі ер­л­ік­терімен танылып жүр.

Бірақ біздің айтпағымыз ол емес. Біз күнделікті тіршілікте, бір қарағанда елеусіздеу көрінетін істерде азаматтық мі­нез көрсетіп жататын қарапайым адам­­­дар жөнінде сөз қозғап отырмыз. Он­­дай­ларды батыр деуге де келмейді. Олар негізінен ешкімнің ала жібін атта­­­май, адал еңбегімен күн көріп, сол ар­қылы қалың жұртшылықтың құр­­ме­тіне бөленіп, көптің бірі болып ар­амызда  жүрген өзіміз сияқты жан­дар. Жайшылықта олар көзге де түсе бер­­мейді, өйткені өзгелерден ерек­ше­лен­бей­ді. Тек қандай да бір мәселенің ту­ра­сын айтып, әділдіктің туын биікке кө­­теретін сәттерде ғана белсеніп шығып, жал­ғандық пен жарамсақтықтың бел омыр­тқасын үзеді. Бұрын әйтеуір, солай бол­ғаны анық.

Бүгін ше? Бүгін шырылдаған шын­­дығың да, турап түсер тура­лы­ғың да ешкімге керек болмай қал­ған сықылды. Оның есесіне, реті келсін-келмесін бір-бі­рімізді көзі­міз­ді бақырайтып қойып мақ­тау, түй­ме­дей­ді түйедей қылу, ләббай­лап басы­мыз жерге жеткенше иі­­лу сияқты «өнер­лер» өрге шығып тұр. Бір кездері бі­реу­лерді көзінше мадақтау әдеп­­тілік бо­лып есептелмейтін. Қазір ол өсу­­дің, бе­дел жинаудың бірден-бір жо­лы­на ай­налды.

 Мейлі ғой, әркім барымен  базар дегендей, кім-кім де өз білгенімен өмір сүреді. Оларға жөн үйретейін деп жатқан біз де жоқ. Біздікі әйтеуір, «батыр халық болғанбыз, намысқой халық бол­ғанбыз» деп кеуделерін ұратын кейбір ағайындарымыз істің шынайы жай-күйін бағамдар, бәлкім тәубені түсінер деген ой. «Шындық жоқ жерде сұм­дық көп» деген екен баяғы өткен ата-бабаларымыз. Құлақ естіп, көз көр­ме­ген небір сұмдықтардың жиілеп ба­ра жатқаны да рас. Оның үстіне на­ғыз ер-азаматтар көбейіп жатса олар­дың ұрпаққа үлгі болары да анық. Бас­қаны былай қойғанда, оның өзі келе­шек буынға «Біз бұл өмірде қыруар жұ­мыс­тар тындырған, сөзіміз бен ісімізде ал­шақ­тық болмаған халықпыз» деген сөзді ұял­май айту үшін де керек.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»