Бір мысал айтайық, Қызылжардан Астанаға Көкшетау арқылы өзіміздің машинамызбен келетініміз бар. Құдайға шүкір, былтырдан бері Көкшетауды айналып, Астананың үлкен жолына көпір арқылы апаратын әдемі тас жол салынды. Бұл да болса ел экономикасының нығайып, етек-жеңіміздің жиналып келе жатқандығының бір көрінісі. Әйтпесе мұндай екі қанатты даңғыл жол Көкшетауға бұрын-соңды салынған емес еді. Алайда осы жолға шығарда бір әттеген-ай дегізетін іс бар. Әлгі жолға: «Омбыға апарады» деген белгі қойған да Астананы көрсетуді артық санапты...
Рас, бұл жол турасынан Ресейдің Омбы қаласына апарады, бірақ біраз жүрген соң жол айрығы Астананың даңғыл жолына шығарады. Белгіге жазылмаған соң Қызылжардан келе жатқан кейбір жүргіншілер бұл жолдың Астанаға шығаратынын білмей де қалуы мүмкін. Сондықтан тіке жүріп, Көкшетауды кесіп, Астанаға қаланың бұралаң жолымен көп айналып, әуре болып шығуы кәдік. Демек көрсеткіштің орнатылмауы жолаушыға ыңғайсыздық туғызады.
Бұл бір деңіз. Екіншіден... және ең бастысы сол жол белгісін орнатуға бұйрық беретін жол басқармасының шенеуніктеріне алдымен Астананы ауызға алу керектігі, өз жолының оған апаратындығын мақтан тұту, яғни патриоттық сезім жетіспей тұрған сияқты. Әйтпесе, Қазақ елінің ең басты қаласын алдымен айшықтап көрсетуге тиісті еді ғой?
Жоғарыда айтқанымыздай, осыдан көкшетаулық кейбір шенеуніктердің өз Отанына деген салқын көзқарасын аңғарғандай болдық. Бұл тіпті ұсақ нәрсе емес. Өз Отанына қызмет ететін шенеуніктердің жүрегінде алдымен сол Отанын өркендету мен гүлдендіру идеясы тұру керек қой. Олар мемлекеттен сол үшін де ақша алады емес пе? Ал Астана жай қала емес, біздің тәуелсіз еліміздің символы. Қазақша айтқанда, қасиет тұтатын белгісі. Оны ардақтау, атағын аспандатуға үлес қосу – жеке құқың ғана емес, азаматтық та, қызметтік те міндетің. «Омбы-Омск» бәлен км» деген жол көрсеткішін жасатқан шенеунік мұндайды ойлап тұрған жоқ, оған тек өз міндетін салдыр-салақ атқарып, бір жол белгісін қойса болғаны. Қызылжардан елордаға жүріп бара жатқан жолаушылар оның Астанаға апаратынын білмей қалса, тіпті мейлі. Ең бастысы, Омбыны көрсетсе болды.
Туған елге деген осыған жауапты қызметкерлердің бейжай, тіпті салқын көзқарасы адамға түрлі ой салады. Белгінің жоқтығын әрі-бері өтіп, жол тәртібін бақылайтын, тәртіп бұзғандарға айыппұл салуды көздеп, жиі жүретін жол полициясының қызметкерлері де күнде көреді ғой. Өз қолдарынан келмесе де солар жоғары басшылыққа білдіріп, жол көрсеткішін қоятындарға айтуға тиісті еді. Бірақ оларға да бәрібір, ешқайсысына ештеңе керек жоқ сияқты.
Осы мәселені былтыр да жазған едік, бірақ бәрі бәз-баяғы қалпында тұр. Бәрі де сананың, мәдениеттің өскендігінде ғой. Басшылар осындайға мән беріп, қызметкерлеріне саналы, есті болуды еске салып отырса ғой...
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»