23 Қаңтар, 2010

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛЕСКЕ — ҮЛКЕН НАЗАР

1230 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін
Былтыр облыста өткізілетін өнім­дер, атқарылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көле­мін­де қазақстандық үлес едәуір өсті. Биыл бұл бағытта мүмкін­дік­тер одан әрі кеңейгелі отыр. Бұған кейбір жаңа заңнамалық актілерге, соның ішінде “Мемлекеттік сатып алу ту­ра­лы” заңға отандық тауар өн­діру­ші­­лерге жеңілдіктер белгі­ле­нуі жө­нін­де то­лықтырулар мен өз­гертулер ен­гізілуінің ықпалы тимек. Осы ма­ңызды мәселені талқылауға арналып өткен кеңесте облыс әкімі Серік Ах­ме­тов өңірдің төл өнімдері өтім­ділігін көтерудің страте­гиялық мәні барын атады. Қазіргі уақытқа дейін аймақтың жүйе құраушы кәсіпорындары жергілікті тауар өндірушілермен 474 ниет-хаттама жасады. Бұл 146 млрд. теңгені құрайды деген сөз. Мұны­мен бірге  оны дамыту үшін 150 млрд. теңгеге жобаланған 482 келі­сім-шартқа қол қойылған. Өнер­кә­сіп және кәсіпкерлік басқарма­сы­ның бастығы Ерболат Каргин ор­таға салғандай, мұның сыртында өт­кен жылы “Жол картасы” бағдар­ламасын іске асыруда қолданғандай кәсіпорындарға мемлекеттік тап­сырыстар беріледі. Облыста қазақстандық өнім­дер­ді ең көп пайдаланатын өндірістер қатарында “Қазақмыс” корпора­ция­сы мен “Арсе­лор Миттал Те­мір­тау” компаниясы ал­дыңғылар қатарынан саналады. Алайда әлі де болса жүйе құраушы кәсіпорындардың жергі­лікті өнімдерге деген  сұранымын зерт­теу әлсіз, ақпарат мардымсыз. “Қазақ­мыс” корпорациясы бас­қар­ма­сының төрағасы Эдуард Огай мә­селенің осы жағына назар ау­дар­та келіп, корпорация бойынша қа­зақстандық үлес 44 пайыз құрай­тын­дығын, бұл көрсеткішті көтеру­ге мүмкіндік аз еместігін баян етті. Ал “Арселор Миттал Теміртау” компаниясының да қазақстандық өнімге ықыласы бөлек. Былтыр мұнда тауар са­тып алуға бөлінген 122 млрд. теңгенің 90 млрд.-ы, яғни 73 пайызы отандық құрал-жаб­дықтарды, материалдарды, тауарды тұтынуға арналды. Дегенмен, ке­ңес­те аталғандай, іздестірілсе ре­зерв көзі жеткілікті, мұнымен шек­теліп қалу­ға болмайды. Жиында сонымен қатар жүйе құрау­шы кәсіпорындар жанынан шағын өн­ді­рістер ұйымдастыруға назар аудартыл­ды. Бұл Мемлекет басшысының тапсыр­масы болып та­былады. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды. ЖЫЛ ЖҰМЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ Кеше Бас Прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен 2009 жылдың жұмыс қорытындыларын талқылаған және алдағы кезеңдегі қызмет басымдықтарын айқындаған Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Бұл туралы алқа мәжілісінен кейін журналистермен брифинг өткізген Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков хабарлап, жаңа жылда жаңа қонысқа көшкен құзырлы органның өткен жылғы жұмыс нәтижелерін айтып берді. Өткен жылы прокуратура ор­ган­дары елдегі құқықтық тәртіп пен заңдылықты нығайтуға бағыт­тал­ған бірқатар жұмыстар атқарды. Бұл тұрғыда Елбасының азамат­тар­дың құқықтары мен бостан­дық­та­рын,  қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау жөніндегі тап­сыр­маларына ерекше назар ауда­рыл­ды, деді ол. Құқық тәртібін сақ­тау органдарының келісімді жұ­мысын қамтамасыз ету мақсатында Құқық қорғау органдарының үй­лестіру кеңесінің қызметі жан­дан­ды­рылып, оның мәжілістерінің қа­рауына күш құрылымдарынан үй­лес­тірілген іс-әрекетті және бірың­ғай ұстанымды талап ететін аса өзекті мәселелер шығарылды. Құ­қық қор­ғау органдарының қызме­тінде бұ­рын басым болған жазалау бағы­тынан құқық бұзушылық­тар­дың алдын алу және жолын кесу жа­ғына бет бұрылды. Прокуратура органдары қыз­меті­нің негізгі бағыттары да қайта қаралды. Басты басымдық ретінде құқық қорғау құзыретінің тиімді әрі пәрменді жүзеге асырылуы айқын­далды. Осыған орай, проку­рор­лардың негізгі іс-қимылдары мен қадағалау өкілеттіктері жеке тұ­л­ға­лардың құқықтары мен бостандық­тарын және қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау жөніндегі шара­ларды әрі қарай күшейтуге бағыт­талды. Қаржы дағдарысы зардап­тарын азайтуға бағытталған Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың заңды және мақсатты жұмсалу мәселесі про­куратура органдарының тұрақты бақылауында тұр. Өткен жылы ипо­текалық несиелерді қайта қар­жыландыру, агроөнеркәсіп сала­сын, шағын және орта бизнесті қол­дауға бөлінген қаражатты жұм­сау заңдылығына тексерулер жүр­гізілді. Жалпы, құқық қорғау және уәкілетті органдармен қабылданған  алдын алу шаралары Ұлттық қор қа­ражатының Үкімет белгілеген шарт­тарға сәйкес игерілуін қамта­ма­сыз етуге мүмкіндік берді. Тұ­тастай алғанда, өткен жылы про­куратура органдары әлеуметтік-экономикалық салада заңдылықты қадағалау тәртібімен 23 мыңнан астам тексерулер жүргізіп, жарты миллионға жуық азаматтың конс­ти­туциялық құқықтарын қорғады. Прокурорлық ықпал ету шара­лары­ның негізінде 38 мыңнан артық заң­сыз құқықтық актілер күшін жой­ды немесе өзгертілді. 52 мың­нан астам тұлға түрлі жауапкер­ші­лік­ке тарты­лып, мемлекет пайда­сы­на 55 млрд. теңгеден астам қаржы өндірілді. Прокуратураның қылмыстық істерді тергеу өкілеттігі де белсенді түрде жүзеге асырылуда. Өткен жылы тергеу топтарына басшылық жасайтын арнайы прокурорлар 121 күрделі және маңызды қылмыстық істі өз өндірісіне алған болатын, оның 58-і бойынша тергеу аяқта­лып, сотқа жіберілді, 40-ы бой­ын­ша айыптау үкімі шығып үлгерді. Сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заң­дылықты қамтамасыз ету сала­сында прокурорлар 48 мың қыл­мыстық, 58 мың азаматтық және 112 мыңнан астам әкімшілік іске қатысты. Прокурорлардың апелля­ция­лық және қадағалау наразы­лық­тары бойынша қылмыстық істер бойынша 1,6 мыңнан астам сот үкімі, азаматтық істер бойынша 1,3 мыңнан астам сот шешімдері және әкімшілік істер бойынша 1,2 мыңға жуық сот қаулылары заңға сәйкес келтірілді. Прокурорлық ықпал ету шаралары бойынша 8,9 млрд-тан астам сомаға 16 мыңға жуық сот ак­тісі орындалса, олардың 4,2 млрд. мемлекет пайдасына өндірілді. Атап айтқанда, ұйымдастыру­шы­лық-штаттық құрылымды оң­тай­ландыру және жетілдіру мақ­сатында 2009 жылы Бас про­ку­ра­тураның орталық аппаратында, об­лыстық және оларға теңестірілген прокуратураларда  құрылымдар қайта қарастырылып, жаңадан бе­кітілді. Прокуратура органдары мен мекемелері қызметкерлерінің жаңа Ар-намыс кодексі бекітіліп, онда прокуратура қызметкерлерінің мі­нез-құлқына, оның ішінде қыз­мет­тік міндеттерін жүзеге асыру, қыз­меттен тыс және көпшілік алдын­дағы іс-әрекеттері кезінде қойы­ла­тын талаптар айқындалды. Сөйтіп, алқа мәжілісін қорытындылай келе, Бас Прокурор алдағы кезеңдегі жұ­мыстың басым бағыттарын айқын­дап, Мемлекет басшысының тап­сыр­маларын, оның ішінде қоғам­дық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұ­рақтылықты қолдауға, азамат­тар­дың құқықтары мен бостан­дық­та­рын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауға бағытталған тапсырмаларын сапалы және уа­қытылы орындауды талап етті, деді ресми өкіл. Александр ТАСБОЛАТОВ. ТАРИФТЕР ТАЛАП ТҰРҒЫСЫНДА РЕТТЕЛУДЕ Бейсенбі күні Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен алқа мәжілісі болып өтті. Онда агенттік басшысы Нұрлан Алдабергенов өткен жылдың қорытындысы туралы баяндама жасап, 2010 жылға арналған агенттіктің негізгі міндеттерін айқындады. Бүгінгі таңда агенттік табиғи 1016 монополиялар субъектісінің тарифтік және техникалық қыз­ме­тін реттейді. Ал олар өз кезегінде су құбыры жүйесі, электр энер­ге­ти­касы, мұнай және газ тасымалы, көлік саласы бойынша 1544 реттеу қызметін атқарады. Сондай ақ 400 субъекті-доминанттар мен 15 мем­лекеттік монополия субъектісінің баға қалыптастыру қызметі де агент­тік қарауында екені белгілі. Елбасының басымдық бере отырып тапсырған міндеттемелері аясында салада бірқатар жұмыстар атқа­ры­луда. Негізгі баяндамашы Нұрлан Алдабергеновтің айтуынша, табиғи монополияларды реттеу агенттігінің тарифтік саясаты бойынша жұмыстардың дені энергия және ресурсты үнемдеу жөніндегі стра­те­гиялық жоспарды жүзеге асыру ба­рысында жүргізілген. Стратегиялық жоспарда коммуналдық жүйелерді жаңғыртуды қамтамасыз ететін, инвестициялық (орташа және ұзақ мерзімді) тарифпен жұмыс істейтін табиғи монополиялар субъектілерін арттыру басым бағыт болып сана­ла­ды. 2009 жылы орташа мерзімді тарифтер бойынша қызмет көрсете­тін субъектілер саны 4 есе өсіпті. Нұр­лан Алдабергенов бұл тариф­тер­дің тұрақтылығы мен болжам­дылығын қамтамасыз ететіндігін қоса айтып өтті. Бекітілген инвес­ти­циялық тарифтерді қаржылан­ды­руға құйылатын қаржы көлемі 196 млрд. теңге. Сонымен қатар агент­тік энергия үнемдеу жұмыстары шеңберінде энергия мен судың бел­гіленген ысырабын төмендету және жоғары норманы алып тастау, тұрмыстық тұтынушылар үшін электр энергиясы және суға қол­да­ну мөлшерін ескере отырып диф­ференциалды тарифтер енгізуді жүр­гізсе, ресурстар үнемдеу бой­ын­ша жылу және энергия материал­дары мен шикізатын шығындаудың нормасы оңтайландырылып, әкім­шілік шығындар қысқартылған. Өткен жылы агенттік алдына қой­ыл­ған мәселелердің бірі реттелуші қызметтерге тарифтердің өзгертілуі 2 пайыздан жоғары болмауы, жи­ын­тық үлесімен инфляцияны бел­гіленген дәлізден асырмау жөнін­дегі шаралар болған-тын. Бұл мә­се­ле бойынша агенттіктің тариф­терді өзгерту туралы шешімдері 0,97 пайыз деңгейінде болған. 2008 жылы Елбасының тапсыр­ма­сымен электр энергиясына диф­ференциалды тарифтер енгізілген болатын. Ол 2008-2009 жылдары іс жүзіне асты. Еліміздің барлық ай­мақтарындағы тұтынушылар электр энергиясын қолданудың түнгі және күндізгі тарифтерімен қамтамасыз етілді. Бір ғана Алматыны алсақ, ай­мақтық тарифтер қолдану нәти­же­сінде алматылықтар өткен жылы 564 млн. теңге үнемдеген көрінеді. Аймақтық тарифтердің қоданылуы еліміздің Ресей мен Орталық Азия елдеріне энергиялық тәуелділіктен арылуына септеседі. Энергия үнем­деу жұмыстарының шеңберінде және техникалық ысырапты 1,1-ден 18,4 пайызға төмендетіп бекі­ту­ге берілген 620 өтінімді қарау қо­рытындысы бойынша 240 субъекті өтініші қанағаттандырылған. Ысы­рапты төмендету нәтижесінде жи­ын­тық тиімділік 2,8 млрд. теңгеге бағаланыпты. Техникалық реттеу қы­з­метін іске асыру бойынша тиім­ділік 1338 млн. теңгені құрап, тұ­тынушылар ақы төлеу кезінде 4,1 млн. теңге үнемдеген. Бұл жұмыс­тар агенттіктің заңның жаңа нор­ма­ларын қолдануы есебінен жүзеге асып отыр. Жылу есептегіш құралдары жоқ тұтынушылардың мүдделерін қор­ғауға бағытталған маңызды жұмыс­тардың бірі сыртқы ауа темпе­ра­турасының өзгеруі нәтижесінде жылу энергиясы үшін төлемақыны қайта есептеу болып табылады. Яғни, 2008-2009 жылдарғы жылыту кезеңдері үшін 850 млн. теңгені құ­райтын қомақты қаражат тұтыну­шыларға қайтарылған. 2009 жылы табиғи монополия субъектілері болып табылатын кә­сіпорындар тариф бекітуге байла­ныс­ты агенттікке 857 өтінім берген болатын. Алайда олардың кей­бірі­нің өтінімдері тарифті бұзғандық­тары үшін қабылданбаған. Жалпы түскен өтініштің 32 пайызын құраған кері қайтарылған өтінімдер саны – 272. Ал тариф өсуінің негізгі се­беп­тері электр стансаларындағы та­риф­тердің шектеу деңгейіндегі электр энергиясына бағаның өсуі, ұлттық валютаның құнсыздануы сал­дарынан газ, көмір құнының өсуі, сондай-ақ, табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруы болып отыр. Бүгінгі күні тариф бел­гілеу бойынша ұсынылған 585 жоба қорытындылары бойынша 101 тариф қолданыстағы күйінде қал­дырылса, 20 тариф төмендетілген. 464 тарифтің 41-ін көтеру жөніндегі табиғи монополиялар субъек­ті­лерінің өтініштері қанағат­тан­ды­рылған. 2009 жылы доминант-субъектілер тарифтерді көтеруге бай­ланысты 140 хабарлама ұсын­ған. Агенттік хабарламалардың 67-сі бойынша ғана баға деңгейін өз­гер­ту жөнінде шешім қабылдаған. Ал бақылау іс-шаралары нәтиже­сін­де заңнаманы бұзған ТМС та­риф­терін уақытша өтемдік тариф­тер енгізу арқылы төмендеткен. Осылайша тарифтерді төмендетудің жалпы сомасы 250 млн. теңгені құраған. Алдағы міндеттерге тоқталған агенттік басшысы Нұрлан Алда­бергенов кейбір мәселелерді айтып өтті. Оның айтуынша, инфляцияға тарифтердің шекті үлесінің аясында реттеліп көрсетілетін қызметтерге тариф бекіту, тұтыну көлемі бой­ын­ша сараланған тарифтер енгізу және техникалық ысыраптарды нор­малау бойынша жаңа тәсілдер қолдану, энергия үнемдеуді наси­хат­таудағы іс-шараларды іске асы­ру, сондай-ақ реттелетін нарық субъектілерін мемлекеттік реттеудің құқықтық базасын жетілдіру, инвес­тициялық (орташа және ұзақ мерзімді) тарифтер бойынша жұ­мыс істейтін ТМС санын арттыру секілді мәселелер бүгінгі таңда өзекті болып отыр. Алқа мәжілісінің соңында сөз алған Үкімет басшысы Кәрім Мә­сі­мов агенттік атқарған жұмыстарға жақсы баға бере отырып, тарифті жоғарылату мен негізгі ресурстарды жаңалау мүмкіндігі арасындағы тепе-теңдікті сақтауды тапсырды. Та­рифтерді қатаң түрде бекітіп, өсуіне жол бермеуді атап көрсеткен Кәрім Мәсімов, тарифтің жоға­ры­лауы саланың тоқтауына, дамы­мауы­на әкеп соғатынын ескертті. Барлық жабдықтар, техника жарам­сыз болатындықтан, мәселе тек ушығады. Яғни, агенттіке қойылар негізгі міндет — тарифтің өсуі мен ре­сурсты жаңарту мүмкіндігі ара­сында тепе-теңдікті орнату. Тариф көрсеткіштеріне сүйене отырып, біз, тіпті, қоғамдық саясатты да жос­парлайтынымыз шындық. Ал тұтынушының көрсетілетін қыз­мет­тер үшін жеткілікті қаржысы болуы керек. Олардан жоқ қаржыны талап ету мүмкін емес. Сондықтан, тоқ­ете­рін айтсам, агенттіктің негізгі “бас ауыртар мәселесі” – осы те­пе-теңдікті табу. Егер біз мем­ле­кеттік реттеуді азайтып, салаларды бәсекелестікке бейім ортаға берсек, рынок өз-өзінен реттеліп, баға тө­мендейді. Дегенмен, қазіргі дағ­дарыс жағдайында ең дұрыс бағыт мемлекеттік реттеу болып отыр. Алайда біз енді бәсекелестікке бейім ортаны қайтадан құруға тал­пы­нбақпыз деген Үкімет басшысы Кедендік одақ жөнінде, оның ішкі кеден шекараларының барлық периметрлері және жеңілдіктерді реттейтіндігін атап өтті. “Тариф бағасы өскен күннің өзінде одан түскен қаржының қай­да бағытталып жатқандығын мұ­қият бақылау керек. Қаржыны не­гізгі қорларды жаңартуға жұмсау бөлек әңгіме, ал егер меншік иесі қалтасына салып алса – бұл басқа нә­рсе. Сондықтан бұл жерде қатал болу керек. Сіздер, мемлекеттің “жұдыры­ғысыздар”, яғни сендер арқылы Үкімет бұл мәселелерді реттейді”, — деп қорытындылады өз сөзін Кәрім Мәсімов. Венера ТҮГЕЛБАЙ. МҮГЕДЕКТЕР МӘСЕЛЕСІ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНБАҚ Таяуда  екі арадағы өзара әріп­тес­тік пен қызметтестік туралы ке­лісім шеңберінде “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен  “Қазақ­стан мүгедектері конфедерациясы” республикалық қоғамдық бірлес­ті­гі­нің президенті Иран Омар­бековтің кездесуі болып өтті. Кездесуде ағымдағы жылы жү­зе­ге асырылуға тиіс бірлескен іс-ша­ралардың шешуші тақырыптары сөз болды. Әңгіме барысында “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулин қо­ғамдық бірлестіктің қызметіне шынайы мүдделестік білдірді. И.Омарбеков қазіргі кезде тоқтап тұрған мини-зауыттың проб­лемасы туралы баяндады. Оның айтуынша, мүгедектер ұйым­дары шығарған отандық тауарлар  сатылу барысында басым құқық­тар­ға ие болады деп атап көрсетіл­ген Үкімет қаулысына қарамастан, мү­гедектерге арналған кресло-арба­лар тендерлерде кедергілерге ұшы­рап жүр. Н.Нығмаутлин қозғалыс құрал­да­рына аса зәру мүгедектер санын сұрай келіп, күзде — Мүгедектер күні қарсаңында қолдауға зәру адам­дарға кресло-арбалар тапсыра оты­рып, республикалық акция өткізу жөнінде ұсыныс білдірді. Сонымен бірге, республикалық қо­ғамдық бірлестіктің проблемалы мә­селелері “Нұр Отан” партиясы Төр­аға­сының бірінші орынба­сары­ның, Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қор­ғау министрінің және мү­ге­дектер кон­федерациясы басшылы­ғының қаты­суы­мен талқыланатын болып шешілді. “Егемен-ақпарат”. САЙ БОЛУ ТАЛАПТАРДЫ БҰРМАЛАУ ЕМЕС Ұлттық заңнаманың жетіл­ді­ріл­мегендігі теңізде сауда-сат­тық­пен еркін жүзуге кедергілер кел­ті­ріп отыр. “ҚР теңіз көлігінің қыз­метіндегі проблемаларды тал­қылау мәселелері” атты дөңгелек үстелде мамандар осындай мәлім­де­ме жасады. Аталған шараға Мә­жіліс депутаттары, мемлекеттік ор­гандар қызметкерлері, диплома­тия­лық корпус өкілдері және ха­лықаралық сарапшылар қатысты. Аталған дөңгелек үстел теңізде жүзудің аспектілерін, қазіргі за­манғы теңіз көлігі мен заңнаманы жетілдіру және оны халықаралық талаптарға сай ету мәселелерін қамтыды. Қазіргі кезде теңіз та­сымалы саласында “Казмортранс­флот” НМСК” АҚ қызмет көрсе­тіп келе жатса, оның жалғыз құ­рылтайшысы “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ болып табылатындығын айта кету керек. Оның қарамағында 6 танкер бар. Ал Әзірбайжанда 45 танкер болса, Ресейде ол 27-ге жет­кен. Алғашқысы тағы 10 тан­кер салуда, Ресей жағы тағы 3-уін қатарға қосуды көздеп отырған көрінеді. Ал Қазақстан әзірге екі тасымал кемесін салып жатқаны белгілі болды. “Казмортрансфлот” НМСК” АҚ бас директоры Марат Ор­ма­нов­тың айтуынша, Әзірбайжан үкіметі өздерінің Каспий теңізде жүзу компаниясына 2 миллиард доллар бөлуді көздеп отыр. Ал Иран қазақстандық қара алтынды тасымалдау үшін сыйымдылығы 63 мың тоннаны құрайтын мұнай құю кемелерін салуда. Ресей өз тарапынан кемелердің халық­ара­лық ресейлік тізімі туралы заң қа­был­дап, осында тіркелген кеме­лер­ге салықтық және өзге де же­ңіл­діктер қарастырған. Мамандар­дың пайымынша, біртұтас эконо­микалық кеңістік құрылған кезде еліміз ұтылыста қалуы да ғажап емес. Одан басқа қазақстандық ке­мелер Баку портына кіргені  үшін 14594 АҚШ долларын төлесе, бұл төлем әзірбайжандықтар үшін 6000 АҚШ доллары ғана. Сондай-ақ кадр жетіспеушілігі де байқала бастаған. Мәселен, кеме капитанын қалыптастыру үшін 12-15 жыл еңбек өтілі қажет болса, электромеханикті даярлауға 5-6 жыл кетеді екен. 2008 жылы әлемдік флотта жоғары деңгейлі кадр жетімсіздігі 80 мың адамға жетсе, тек былтырдың өзінде 30 мың теңізшінің жетіспегені анық­талған. Филиппиннің 300 мың аза­маты 2009 жылы  әр түрлі елдердің жалауларымен жүзетін кемелерде еңбек етіп, өз елдеріне табыс алып келіпті. Мысалы, норвегиялық кемелерде солардың 30 мыңы екі қолға бір жұмыс тапқан. Осы ретте нидерландықтар Қазақстан тара­пы­на мамандар оқытуға және оған қаржы бөлуге де ұсыныс жасапты. Алайда жергілікті мемлекеттік ор­ган­дар тарапынан ол қажетті дең­гейде түсіністік таппаған. Соның салдарынан еліміз қажетті маман­дар­ды даярлауға қол жеткізе ал­мау­да, қазіргі кезде курсанттар тек ресейлік жоғары оқу орындарында білім алуда. Сонымен қатар, “Сау­дамен теңізде жүзу” туралы Заң­ның 25-бабына сәйкес кеме эки­пажы құрамында шетелдік азамат­тар болғанымен, олардың кеме капитаны, оның аға көмекшісі, аға механик және радиомаман қызме­тін­де болуларына тыйым салын­ған. Бұл норма ресейлік заңна­малардан көшіріп алынғандықтан, қазақстандық жағдайға сай кел­меген. Соның салдарынан теңіз жобаларындағы жұмыстар тоқтап қалған   “Новиков энд Эдвайзерз” заң­дық компаниясының бас ди­рек­торы  Игорь Новиков қазақ­стан­дық заңнамаларда халықара­лық теңіз құқығында қолданы­ла­тын “ішкі сулар”, “аумақтық те­ңіз”, “ашық теңіз” және “конти­нент­алдық шельф” терминдерінің  Каспийдің ерекшелігіне қарай қалай болса солай қолданылып жүргендігіне назар аударды. БҰҰ 1982 жылғы конвенциясының талаптары Каспий теңізіне жүр­мей­ді, өйткені, мұнда аумақтық те­ңіз, ашық теңіз және конти­нент­алдық шельф деген ұғым атымен жоқ. Сондықтан Каспийдің мәр­те­бесін біржақты айқындау дұрыс қадам болып табылмайды. Қазақстан теңіздегі әлеуетін өзі дамытуы қажет, деп санайды “Шев­рон” БК аймақтық теңіз менеджері, капитан Кжелл Лан­дин. Оның сөзіне қарағанда, 2020 жылы еліміздегі теңізшілердің же­тіспеушілігі 4-5 мың адамды құ­ра­са, кемелер саны 500-600 данаға же­теді. Каспий флотындағы тан­кер­лер саны 20-40 данаға жетуі тиіс. Олай болса, білікті де білімді кадр­ларды даярлауды, қауіпсіз ке­ме­лерді құрастыру мен іске қосу­ды, сондай-ақ порт әкімшілігінің жұмысын қазірден сайлау қажет. Әлемдік теңіз заңнамаларының та­лаптарына сәйкес өз міндет­те­ме­лерін орындауды, қызмет көрсе­туді, саланы және кадрлар мәселе­сін шешуді мұқият қадағалау қажет. Капитан өз сөзінде ел теңіз шаруашылығының ең негізгі эле­менті болып табылатын теңіз кадр­ларын оқыту және білім беру деңгейін бағалау мен қадағалауды жүзеге асыру әкімшіліктің жауап­ты қызметі болып табылатынын ерек­­ше атап өтті. Қазір қазақ­стан­дық жалаумен жүзіп жүрген кеме­лердегі 900 теңізшінің тек 19 пайы­зы ғана Қазақстан азаматы болса, аға офицерлер жоқтың қасы екен. Дөңгелек үстелге қатысушы­лар­дың барлығы да еліміздің өзін­дік теңізде жүзу әлеуетін арт­ты­ру­да белсенділік танытуы қажеттігін баса атады. Сондықтан бұл саланы дамыту стратегиялық маңызды міндет саналады. Олай болса, теңіз көлігі жұмысын дамытуда заңна­ма­ны жетілдіру, халықаралық талап­тарға сай болу және теңіздік білім жүйесін құру сияқты өзекті мәселелерді түбегейлі шешу міндет. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. ҚОЛДАНЫСТАҒЫ ЗАҢҒА ӨЗГЕРІСТЕР үкіметтік емес ұйымдардың тынысын кеңейтуі тиіс Осыған дейін бірнеше рет өткен Азаматтық форум мінберінен үкі­мет­тік емес ұйымдардың мемлекет­тік әлеуметтік тапсырыстар орын­дауы мәселесінде  қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу қажеттігі жиі айтылып жүрді. ҮЕҰ-лар Үкіметке: Біз шын мәніндегі әріптес болайық, сіздер бар жұмысты өз міндетте­рі­ңізге ала бермеңіздер, бізге сеніңіз­дер, қоғам игілігіне қызмет жасау біздің де қолымыздан келеді,– деп жатады. Әрине, өркениетке ұмтыл­ған қоғамда қай шаруаның  да тетігі орнына  келу үшін соған сәйкес заң қажет. Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі ҮЕҰ-лар тағат таппай кү­тіп отырған “Мемлекеттік әлеумет­тік тапсырыс мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысын өткізді. Оған Парламент Мәжілісінің депу­таттары, мүдделі мемлекеттік орган­дардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары қатысты. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазез Телебаев жинал­ған­дар алдында заң жобасының қа­жеттілігіне тоқталып, әрбір өзгеріс пен ұсынысқа қатысты жұмыс тобы мүшелерінің пікірлерін ашық айтып отыруын сұрады. Отырысқа қаты­сушылар осыған дейінгі қолда­ныс­тағы заңда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар тізімін анықтау мен оларды  орналастырудың тетіктері анық көрсетілмеуіне байланысты оны айқындай түсетін ұсыныстарын жеткізді. Сонымен бірге, әлеуметтік тап­сырысты іске асыру регламентін ресімдеу, жаңа үлгіде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бақылау  және оның орындалуын бағалау, заң­мен реттелген қоғамдық қаты­настардың аясын кеңейту бойынша өзгерістер қаралды. Заң жобасына өзгерістердің кейбір тұжырымдық мәніне қатысты Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов өз пайымымен бөліс­се, оның әріптесі Шавхат Өтемісов ҮЕҰ-лардың ішіне түрлі коммер­ция­лық емес ұйымдармен қатар, мем­лекеттік мекемелердің, қорлардың кіруіне байланысты тапсырыс алуда ҮЕҰ-лар кезігетін қиындықтарды болдырмайтын өзгерістер турасын­дағы ойын жеткізді. Сондай-ақ, жұмыс тобының ке­зек­ті отырысында Асылбек Қожах­ме­тов, Марат Бәшімов сынды үкі­мет­тік емес сектордың тынысын ке­ңейтуге пейілді ҮЕҰ-лар өкілдері де өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. НАТО ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН Бұрнағы күні Брюссельде жұ­мыс сапарымен жүрген Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қорғаныс министрі­нің орынбасары генерал-лейтенант Бо­лат Сембинов бастаған әскери деле­гация “НАТО және Қазақстан” оты­рысына қатысты. Онда әріптес­тік қимыл­дардың жеке жоспа­рының екін­ші циклы қабылданып, мақұлданды. Аталған құжатта Қазақстан мен Солтүстік Атлантика шарты ұйымы арасындағы өзара іс-қимылдардың кеңеюі, бұдан арғы диалогты те­реңдету туралы аспектілер қарас­ты­рылған. Жоспар аймақтық және ха­лықаралық қауіпсіздікті күшейтуге, Қарулы Күштерді модернизациялау үдерісін дамытуға, сондай-ақ ғы­лым саласындағы ынтымақтастық, эко­ло­гия, терроризммен күрес си­яқ­­ты маңызды бағыттарды қамтыған. Осы сапар аясында генерал-лейтенант Болат Сембинов НАТО Бас хатшысының орынбасары К. Бисоньеромен, Бас хатшының Ор­талық Азия және Кавказ жөніндегі арнаулы өкілі Р. Симмонспен, НАТО Әскери комитетінің төра­ға­сы адмирал Ж. Ди Паоломен кездесті. Альянс өкілдері Қазақстанның аймақтағы тұрақтылық пен қауіп­сіздікті қамтамасыз етудегі рөлін, сондай-ақ біздің елдің НАТО-мен ынтымақтастыққа айрықша маңыз бөліп отырғанын атап өтті. Ал біздің әскери делегация кездесуші тарапты биылғы жылы елімізде өткізілуі жоспарланып отырған “KADEX-2010” әскери жабдықтар көрмесі туралы хабардар етті, деп хабарлады Қорғаныс министр­лі­гінің баспасөз қызметі.